Ислам дін боп қалыптасқалы әртүрлі қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізді. Хадисте тілге тиек етілген «алтын үш ғасырдың» өзінде әртүрлі саяси, діни топтар пайда болып, мұсылмандар арасында алауыздық тұтатып отырды. Аталмыш топтардың пайда болуына түрткі болған сан алуан себептер бар. Сол себептердің бірі — діни мәтіндерді талдау кезіндегі буквализм.
Сахабалар дәуіріне көз жүгіртер болсақ, Әли ибн Абуталиб пен Муғауияның арасында болған қарулы қақтығыс кезінде екі жақтық компромисс орнату мақсатында «Тахким» келісімі болған. Сол уақытта «Алладан басқа ешкімнің де үкім беруге құқығы жоқ» деген ұранмен харажиттер тарих сахнасына келген болатын. Ол топтың бұлай атойлауына себеп болған Құрандағы үкім беруге қатысты аятты тура мағынасында түсіну еді. Аятты аллегориялық талдаусыз, буквальды мағынада қабылдаудың кесірінен харижиттер Пайғамбарымыздың сахабаларын күпірлікке айыптап, мұсылмандар арасында діни алауыздықты оятты. Дегенмен, Әли ибн Абуталиб өз халифалығы тұсында бұл топтың көзін дер кезінде жойды.
Сонымен қатар, Ислам тарихында Кәррамия, Жәһмия, Қадария және Жәбрия сынды ақидалық секталар да болған. Бұл топтардың Әһли-сүннет уәл жамағат жолынан ауытқуына себеп болған буквализм еді. Бұл топтар Құрандағы «мән фись сәма», «ар рахману аляль арши истауа» сынды аяттар мен «йадуллаһи мағаль джамаға» сынды хадистердің сыртқы мағынасын ғана қабылдап, шынайы Ислам сеніміне жат антропоморфисттік идеяны енгізді.
Қазіргі таңда сәләфизм және уаһабизм жолын ұстанушылардың негізгі ұстанымы да буквализмге бағытталған. Құран аяттары мен Пайғамбар хадисін тура мағынасында қабылдап, ауыспалы мағынаны жоққа шығарып, аллегориялық талдау жасаушыларды «философ» деп айыптауды өзіндік нормаға айналдырған.
Құран Кәрімде 40-қа жуық аятта «ақыл» туралы сөз қозғалса, жүзден астам аятта ойлану, ой жүгірту турасында және ойлану, ақылды пайдалануы шынайы ілім иелері мен ақыл иелерінің белгісі екендігін айтқан.
Теолог Асқар Сабдин өзінің бір сөзінде қазіргі сәләфизм өкілдерінің негізгі принципі буквализм екендігін ашықтаған болатын. Олардың бұл істерін өздерінің «шейхтары» жазған кітаптардан және уағыз, лекцияларынан оңай аңғаруға болады.
Саудиялық сәләфилердің ұстазы ретінде танылған Ибн Баз өзінің пәтуаларының бірінде аллегориялық талдауды (тәуил) тек бидғатшылар ғана жасайтынын айтқан. Ол өз пәтуасында былай деп жазады:
«Сипаттарға байланысты келген аяттарды тәуил жасап, оның сыртқы мағынасынан ажыратуға болмайды. Бұлай тек бидғатшылар ғана жасайды. Ал, Сүннет иелері сипатқа қатысты аят-хадистерге тәуил жасамаған». (Мухтарат мин мажмуғ әл-фатауа уаль мақалят, 168 бет)
Алғашқы дәуірде қасиетті мәтіндердегі догматизм ұғымын түсінуде тажсимдік немесе буквалистік мәселелердің туындамау себебі — сахабалар кез келген мәселені Пайғамбарымыздан тікелей естіп, шешімін табуы. Тағы бір себебі ретінде тафуид жолын айтуға болады. Бұл дегеніміз — аят-хадистердегі бұйрықтарға иман етіп, амалға асыру. Бұның мысалы ретінде Имам Мәликтің «истауа» туралы айтқан сөзін келтіруге болады.
Заман өзгеріп, мұсылмандар саны артқан сайын ғалымдар аллегориялық тәсілдер мен талдауларға жүгіне бастады. Алайда, буквализмнің әкелер бүлігінен алыс болу үшін тәуилдің өзіндік шарттары мен ережелерін бекітті. Алланың есім-сипаттарына қатысты болған муташабиһ аяттарға қатысты тәуил ережесінің бірі — Алланы кемшіліктен пәктеу. Мысалы, араб тіліндегі «йад» сөзінің тура мағынасы адам ағзасы болған қолды білдіреді. Дегенмен, кейбір аят-хадистерде «йад» сөзі Алла есімімен тіркесіп келеді. Егер «Алланың қолы» деп ұғынар болсақ, бұл антропоморфисттік (тажсим) сенімге апарады. Сол себепті ғалымдар «йад» сөзін Аллаға тіркесіп келген кезде «күш, құдірет» сынды мағыналармен баяндаған.
Исламдағы буквалисттік топтардың бірі ретінде Заһирия ағымын айтуға болады. Аталмыш топтың негізін Дәуіт аз-Заһири қалаған. Бұл топ қасиетті мәтіндерді (насс) сыртқы мағынасымен қабылдап, амалға асыра береді. Алайда, бұлай амалға асыра беру мұсылманды діннен шығаруы да мүмкін.
Қорытындылай келе, дініміздегі қасиетті болған аят-хадистерді тура мағынасында түсініп, тікелей амалға асыру дін ұстанушы жамағат арасында бүлік тудырып, діни радикализмнің есігін ашуда. Соның кесірінен жастарымыз экстремисттік және радикалисттік идеологияның ауына ілініп, шырмауында жүр. Бұл мәселенің алдын алу үшін діни академиялық ғылымды дамытып, мешіттерімізде кітаппен және ғаламтор желісінде арнайы ақпараттармен насихат жүргізуіміз қажет.
« Аманат-Жайық » ҚҚ-ның теолог маманы Жансұлтан Сафиуллин