Елімізде көптеген ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып басқарып отырған қазіргі саясатымызға сызат түсіргісі келетін діни ағымдардың қаупі орасаң зор. Ел бірлігі, халықтың тыныштығы қай мемлекеттің болмасын ең басты қағидаттары мен назарда ұстайтын мәселелерінің бірі болмақ. «Бірлігі бар ел азбайды, бірлігі бар ел тозбайды» демекші елдің бірлігін ұстап тұру оңай жұмыс емес екенін барша жұрт білетін құндылық. Теология саласында орын алып отырған олқылықтар, әсіресе, дін атын жамылған үлкенді-кішілі келеңсіздіктер қалың жұртшылықты алаңдатып отыр. Діни адасушылық неліктен қауіпті және ол неден туады?
Жат ағымдардың құрығына жастар жағы жылдам түсіп жатыр. Олар жастар санасын тек қана уландырып қоймай, сонымен бірге, өз қатарларына адамдар жинауда, өздеріне пайда әкелетін істермен де айналасуда жастарды пайдаланады. Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс- әрекеттерді жасайтын болады. Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымдағыларды салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейімделгіш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап салуға болады. Мұндай жағдайда, жүрексіну, тіпті өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі ол өзін шексіз күшті сезінеді.
Өзге ұлттардың сан ғасырдан бері ислам дінімен ұштасып келе жатқан салт-дәстүрін харамға, шірікке теңеп өз ұлтының дұшпаны қылуда. Ұлттық құндылықтарын білмеген, онымен мақтанбаған азаматтарда елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі жойылуда. Мәселен, Американдық сарапшы Марк Сейджманның зерттеуі бойынша «Террористердің төрттен бірі ғана жағдайы төмен отбасынан шыққан. Террористердің басым көпшілігі жоғары таптан шыққан, жартысы орта таптан шыққан, көбісі отбасылы, діни білім алғандары өте аз, заңгер, дәрігер, инженерлер. Олардың террорист болу себебі дәстүрлі діни таным негізінен айырылып, не батыстық мәдениетті қабылдамады немесе өз мәдениетін білмегендіктен террорист болды» — деп тұжырым жасаған. Сол секілді қазақтың қаншама қара көз қыздары мен ұлдары тарихын, ата-бабалары ұстанған дәстүрлі діни танымын білмегендіктен, жалған діни ағымдардың жетегіне кетіп, бірі Сирия мен Иракқа кетіп жатса, енді бірі туған елінде лаңкестік әрекет жасауда. Лаңкестердің негізгі мақсаты дін үшін күрес емес, керісінше билік пен байлыққа жету. Сол себепті сәләфилердің уаххабилік идеологиясы адамдарды өздерінің топтарына тартып, саналарын радикалдандыру үшін неше түрлі құйтырқы айлаға барады. Солардың бірі – туған туыстарынан, ұлттық бірегейлігінен, соңында өзі тұрып жатқан мемлекетін жат қылып, өз еліне қарсы соғысуға үгіттейді. Қарулы жиһадқа шақырмас бұрын беташар, сәлем салу, ас беру, құран бағыштау, секілді дәстүрлерді ширк, харамға теңеп әбден саналарын улап, қоғамнан оқшаулайды. Бірақ соған қарамастан сәләфилер (уаххабилік) өзара саяси мәселеде бірнеше топтарға бөлінуде. Бұлай бөлінуі барлық ағымға тән құбылыс.
Пайда болған кез-келген ағым уақыт өте келе өзара келісе алмай тармақтарға бөлінетіні ақиқат. Олардың бұлай бөлінуі бірнеше себептер түрткі болған. Мәселен, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?» «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға (сенім), әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлініп кеткен. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санауы, шын ислам дініне жат нәрсе. Ал бұндай түсінікті батыстық ғалым Э.Трельч айтпақшы «Діни ағымдарға тән қасиет, тек өздерінің сенімін ғана дұрыс санайды және қоғамнан оқшауланып жүреді», — деген.
Қоғамнан оқшауланып, заманға сай өмір сүрудің орнына орта ғасырдағы адамдар секілді өмір сүруді аңсайтын сәләфилерді сыңаржақ, радикалды діни ағым екенін аңғаруға болады. Еліміз дамушы мемлекет болғандықтан діни фундаменталдық идеялар елімізді прогресске емес, регресске апаратыны айтпаса да белгілі. Сондықтан елміздің тыныштығы мен татулығын сақтау, дамыған елдермен тереземіз теңестіру мақсатында қоғамның діни танымын дұрыс қалыптастыру аса маңызды. Енді дінде шектен шығушылық қаупінен, жағымсыз құбылыстың алдын алу мәселесіне ойысалық. Діни фанатизмнің таралуын тежеуге және экстремистік топтарды оқшаулау мен құрықтауға байланысты жұмыстарды мемлекеттік органдар жалғастыра беруге міндетті. Бірақ, радикализмді болдырмау күллі халықтық іс-шараға айналса игі. Бұл ретте амалдардың ең сенімдісі – жас буынды рухани біліммен суару болса керек. «Антивирустың» екіншісі – ұлттық құндылықтар (тіл, тарих, салт- дәстүр) мен отбасылық тәрбие (бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет т.б.). Қалың жұртшылық осы бағыттарға күш салса, сол жақсы. Қазіргі таңда, дәстүрден тыс діни ұйымның мүшелерін құтқарудың екі түрлі тәсілі бар. Бірінші тәсіл «қайта программалау» деп аталады. Яғни, адамды сол қауіпті ұйымнан күштеп ұрлап әкетіп, бір бөлмеге қамап, оған «тату-тәтті отбасы» туралы барлық шындықтың бетін ашу. Әрине, жан-тәнімен сеніп келген ұстаздыңалаяқ екенін есту, өзінің алданғанын түсіну оған оңай соқпайды. Және бір айта кетерлігі, діни ағымдар осындай жолмен жақынын құтқармақ болған адамның үстінен тиісті органдарға шағым түсіре алады. Мұндай жағдайда дәстүрлі емес діни ағымдардың қылмысын дәлелдеу қиынға түсетіндіктен, көп жағдайда сот процесінде олар жеңіп шығады.
Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық — дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы. Ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.
Асылбек НАУРЫЗОВ,
Орал қалалық мешітінің имамы