Тағдыр – араб тіліндегі «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшеммен жарату, белгілеу» дегенді білдіреді. Ал діни мағынасы – әлем жаратылғаннан бастап, болмыста болатын бүкіл құбылыстар мен жаратылыстардың қашан болатындығын, мезгілін, орнын, мекенін, ерекшеліктері мен сипатын Аллаһ Тағаланың ежелден яғни әу бастағы ілімімен белгіленіп, өлшеніп қоюы. Алла Тағала қасиетті Құранда жер бетіндегі барлық мақлұқаттың тірлігі Жаратқанның белгілі бір тәртібі мен өлшеніп қойылғандығы жайында көптеген аяттарда айтады:
«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық» (54.Қамар-49).
«Сондай-ақ әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі» (25.Фурқан-2).
Сондықтан тағдырға иман ету дегеніміз – жер бетінде болып жатқан бүкіл жақсы мен жаман, адамның я жануардың болсын іс-әрекеті Алланың білімі, қалауы, құдыреттілігімен іске асады дегенді білдіреді. Бірақ, бұл адамға таңдау берілмеді деген сөз емес. Алла адамды ерік пен таңдаудан айырып, Өз қалауын ғана жасатуға мұршасы жеткілікті еді. Алайда Ол адам баласына санамен қатар, таңдау берді. Пайғамбарларын жіберіп, қасиетті кітаптарын түсірді. Адам таңдағаннан кейін Алла Тағала оның таңдауын іске асырады. Жақсы мен жаманды таңдауда адамның еркі болмағанда, пайғамбарлар мен кітаптар жіберудің, ақ пен қараны айырып үйретудің қажеті шамалы болатын еді.
Алла Тағала қасиетті Құранда ақиқатты айтумен қатар, не нәрсе Оның разылығына және не нәрсе Оның қаһарына ұшырататынын адамға ашық баян етті. Ешбір жан өзінің жаман іс-әрекетін Алланың тағдырына сілтей алмайды. Өйткен іадам жамандықты істеуді таңдағаны сияқты, одан бас тартуға да мүмкіндігі бар. Сол себепті де ол егер жамандық істейтін болса жазаға лайықты болады. Бірақ ақыл есі дұрыс емес, жас сәбилер мен жануарлар есепке тартылмайды. Құранда иман негіздерімен байланысты аяттарда тағдырға иман ету мәселесі айтылмаған. Бірақ, Хазіреті Пайғамбарымыздың мәшһүр «Жибрил» хадисінде тағдырға сенудің де иманның шарттарына кіретіндігі айтылады. Бірде хазіреті Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге отырғанда Жәбірейл періште адам бейнесінде келіп, былай деп сұрақ қояды:- Иман дегеніміз не? Сонда оған Хазіреті Пайғамбарымыз:- Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына,ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан екендігіне, тағдырға сену, — деп жауап береді (Муслим, Иман 1)
Тағдырға иман келтіру – адамды сабырлыққа үйретеді
Оның жанын тыныштыққа бөлейді. Өйткені Ол барлық нәрсенің Алланың қалауымен болатынын біледі. Маңдайына жазылған, өмір жолында кездесетін қиыншылықтарға төтеп беруге, басқалардан қызғанбауға жәрдем береді.
Тағдырға иман келтірудің мәні – айналада, әлемде болып жатқан кез келген іс-әрекет Алланың қалауы мен жазмышы екенін түсіну. Жақсы мен жаман амалдардың өлшемі бекітілген. Алла Тағала кітабында барлығын ашық баян етті. Адамға сана берді және оған таңдауға ерік берді. Сондықтан тағдыр мәселесін жақсы білу мұсылман адамның өмірін біршама жеңілдетеді. Себебі ол болмашы нәрселер үшін күйіп-піспейді және ашуланбайды. Бір күні бір сахара арабы келіп Пайғамбарымыздан (с.а.у): «Иә Алланың елшісі, біздер кейде басқа біреулердің бізге дем салуын сұраймыз, дәрі дәрмектер қолданамыз, жамандықтан сақтанып әртүрлі себептер жасаймыз. Ал енді осының бәрі бізді Алла Тағаланың біздің мағдайымызға жазып қойған тағдырынан сақтай алады ма?» деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): « Ақиқатында осы жасап жатқандарыңның өзі Алла Тағаланың тағдырынан » деп жауап берген екен. ( Имам Ахмад )
Өмір – сынақ алаңы
Егер адам қателесіп күнә жасаған болса, дереу тәубе етуі керек. Күнәсін жазмышқа іле салмай, жамандық жасауды өзі таңдағанына және оған сол істі тағдауда ерік берілгенін мойындауы тиіс.
Алла Тағала адамға шамасы жетпейтін нәрсені жүктемейді және әрдайым пәк болуын талап етпейді. Бірақ барынша күнәдан алыс болу жолын үйретеді. Сондықтан амалдарына есеп беретінін білетін әрбір саналы адам адымын ойлап басады. Ісін жауапкершілікпен атқаратын болады. Иманды адам басына түскен қиыншылықтарынан өнеге алады, Алланың хикметін сезеді.
Хижраның он сегізінші жылы екінші халифа Омар р.а өзінің бір топ адамдарымен Шам еліне зиярат етуге жолға шығады. Көздеген жерге жақындаған кезде алдынан кезіккен адамдар Шам жерінде оба ауруының тарап, адамдардың қатты ауырып жатқанын айтады. Сонда Омар жанындағылармен ақылдасуға кіріседі. Ойлары екіге бөлінеді, біреулері Шамға барайық десе, енді біреулері кері қайтуды ұсынады. Соңында кері қайтатын болып шешіледі, сол сәтте араларынан бір адам тұрып: « Иә Омар, сен Алланың тағдырынан қашайын дедің ба?» дейді. Сонда Омар р.а. « Біз Алла Тағаланың бір тағдырынан келесі тағдырына кетеміз » депжауап берген екен. ( Сахих Бухари )
Адам тағдырына иман етумен қатар, қолынан келетін бар мүмкіншілікті пайдалана отырып мол табысқа жете алады. Және ол бұл өмірдегі жетістігі жазмышынан артық болмайтынын біледі. Сондықтан болмай қалған нәрсесін бұйырмаған деп қолда барына Раббысына шүкіршілік етеді. Алла Тағала баршамызды тағдырға иман келтіріп, шүкір етушілерден етсін!
Теолог Мұратбек Қыстаубаев