Қазіргі кезде қоғамда псевдо- салафитттік ағым өкілдері мазхаб ұстанбауды насихаттап, оның орнына «сахих хадиспен» жүруді ұсынуда және бұл жолды алғашқы үш ғасырда өмір сүрген сәләф солихтардың жолы деп көрсеткісі келеді. Мұның қате екендігін дәлелдеу үшін Исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүрген ұлы ғұламалардың сөздерін мысалға келтіргенді жөн көрдім.Олар қандай да бір хадиске амал ету үшін оның сахих болуының жеткіліксіз екендігін анық айтқан. Мұхаммед әл-Шейбани, Аллаһ оны рақым етсін, былай деді: « Фиқһсыз хадисті тәжірибеге қолдану мүмкін емес, сол сияқты хадисте негіз жоқ фиқһта жарамсыз.» Имам Ахмад (241 ж.ө.) былай деді: « Егер кімде- кім дінде тақлидке (алдыңғыларға еру) орын жоқ дейтін болса ол адам Алла Тағаланың және Оның елшісінің с.а.у. алдында пасық адам болып есептеледі. Себебі оның сөздері Сүннеттің жойылуына және әділ сахабалар мен табиғиндердің мұрасының құруына апарады. Ал мазхаб негізін салған ғұламалар мен сәләф солихтер болса олардың барлығы Ахли Сунна уәл-Жәмаға, хадис адамдары. Біздерге Сүннетті зерделеуді үйреткен, хадис жеткізген ұлы тұлғалар. Олар сенімді, құрмет тұтуға лайықты және олардан үкім алған имамдар болып есептеледі. Олар дінге жаңалық енгізушілердің жақтастары емес еді. Олар сендерден бұрын болған адамдар, сондықтан, олардан үйреніңдер және өзгелерге үйретіңдер. Ал Алладан жәрдем болсын.»
Бұл имамның сөзінен көріп отырғанымыздай, дінде тақлидті қабылдамау және фиқһ ғұламаларының мұрасынан бас тартып, әркім өз бетімен хадистерді түсінуге болады деп мәлімдеу мүмкін емес деп жазды. Өйткені бұл нағыз адасу, білімді кұртып бүлік шығару болып табылады. Сондай-ақ, имам Ахмад былай деді: « Егер адамның алдында Пайғамбардың с.а.у. серіктерінің және табиғиндердің сөздері жазылған кітаптар болса, ол көңілі қалаған өзі таңдаған нәрсені ұстанып кетуі мүмкін емес. Ол бұл хадистің дұрыстығы жайлы, оны ұстануға болады ма, болмайды ма дегенді білімді адамдардан сұрауға міндетті. Тек осыдан кейін ғана оның ұстанғаны дұрыс болып табылады.»
Әл-Хафиз Абуль-Хасан әл-Maймуни (274 ж.ө.) Аллаһ оны рақым етсін былай деп жеткізеді: «Бір күні маған имам Ахмад былай деді: « Уа, Абул-Хасан, сен өзің ерген имамың жоқ мәселе жайында сөйлеуден сақ бол» Имам әл-Захаби Алла оны рахым етсін «Сияр» деген кітапта: « Әбу Ханифа және Шафи’идің пікіріне қарағанда сахих хадисті орындаңыз» деген сөзді былай түсіндіреді: сахих хадисті ұстанған жақсы, бірақ бұл сенің ұстанғың келген хадис жайында имам Әбу Ханифа мен Шафи’иге дәрежесі тең келетін имамдар өз ойларын айтқан болуы керек. Мысалы: имам Малик, Суфиан, Лейс сияқтылар. Сондай-ақ, хадис сенімді және ішкі кемшіліктерден (ғилла) бос болуы тиіс. Және Әбу Ханифа мен Шафи’идің сүйенген хадисін жоққа шығаратын басқа хадис болмауы тиіс. Ал имамдардың пікірін елемей хадисті жай қабылдай салуға рұқсат етілмейді» Мужтаһид дәрежесіне жеткен ғұламалардың бірі Абдуллаһ бин Уаһб былай деді: «Мен 360 ғұламаны кездестірдім, бірақ имам Мәлик пен Лейс болмағанда мен білімде адасатын едім» (Ибн Хиббан, Mуқаддима, 1\24). Бұл жерде ұлы Имам Мәліктің шәкірті және Мәлики мазхабының мужтаһид ғалымы Ибн Уahбтің айтқысы келгені егер имам Мәлік оған хадистің түсінігін және қандай хадисті ұстануға болатынын және қандайын болмайтынын түсіндірмегенде адасатындығын тайға таңба басқандай анық айтуда. Ол көп уақытын хадистерді жинау үшін арнаған және жинаған хадистерін имам Мәлікке айтқан кезде, Имам Мәлік оған: «Бұл хадисті ал, ал мына хадисті таста» деп айтып отырды. (Тартиб әл-Maдарик, 2\427). Және Ибн Вахб бір сөзінде былай деп айтқан: «Фикхте имамы жоқ хадистің кез-келген сарапшысы адасқан. Аллаһ маған имам Малик пен Лейстен білім алу бақытын бермеген болса, онда менде құритын едім» (Әл-Жәми, Абу Зейд әл-Kaйрувани, 151 бет). Сондай ақ сәләфиттер өздерінің мазхаб ұстанбайтынына дәлел ретінде төрт имамның сөздерін келтіргісі келеді, яғни егер сахих хадис олардың пікірлеріне қайшы болса мазхабты емес сахих хадисті алыңдар деген. Өкінішке орай, қарапайым мұсылмандар да, жаңағы іріткі салушылар да имамдардың бұл сөздерін түсінбейді және бұл сөздердің кімге бағытталып жатқанын білмейді. Сонда олардың ойынша шариғаттың негіздерінен ешқандай білімі жоқ адам кез-келген хадистер жинағын ашып, әрбір сахих хадисті тәжірибеде қолдана алады деп ойлайды. Сонымен қатар, ол адам бұл хадистің жойылған немесе жойылмағандығына, оның жалпы немесе жеке сипатта келгендігіне, бұл тақырып бойынша басқа да хадистер бар ма, жоқ па деген маңызды мәселелерге мүлде назар аудармайды. Сонда мүжтахид имамдар мен қарапайым намазхандардың арасындағы айырмашылық болмағаны ма?! Олай болса Исламның үлкен имамдары, имам Тахауи, Ибн Сурейдж, имам Қудури, имам Сарахси, Джуайни, Ғазали, Науауи және т.б. ғалымдар ілімдері мұхиттай бола тұрса да және олардың кітаптарын әлі күнге дейін әлем мұсылмандарының барлығы оқиды, өздерін төрт мазхабтың бірінің ізбасарларымыз деп атады?! Әлде бұл имамдардың жанында хадистер жинағы болмады ма?! Немесе олар біздің замандастарымызға қарағанда хадисті білмеді ме?! Бұған жауап ретінде имам Нәуауидің мына сөздерін келтіруге болады «Бұл сөздердің мағынасы әр түпнұсқа хадис Шафии мазхабы деп сөзбе-түсіну емес. Бұл сөздер «мазхабтың муджтахиді» дәрежесіне жеткен және сол деңгейдегі ғалымдар адамдарға арнап айтылған.» Сондықтан біз мазхабтарды қабылдамау салафтердің жолын қабылдамау және жаман жаңалықтарды дінге енгізу екендігін білдік. Шам өлкесінен шыққан заманауи ғалымдардың бірі болған Мухаммад Сайид Рамазан әл-Бути былай дейді: « Мазхаб ұстанбау — шариғатқа қауіп төндіріп тұрған, дінде жоқ жаңа нәрсе».
Аллаһ бізді және жақындарымызды мұндай қиыншылықтардан қорғасын.
Мұратбек ҚЫСТАУБАЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық мешітінің найб имамы