Slider

ИМАН НЕГІЗДЕРІ

Адам кейде өзімен-өзі оңаша отырғанда жүрегіндегі сенім туралы ойланады. Мен осы кіммін? Жан жүрегімде кімге сенемін, кімнен қорқамын, кімді жақсы көремін? Бір мұсылман пенде ретінде Алла Тағалаға деген сенімім қандай? Пайғамбарларға деген сенімім қандай? Осы қатардағы  маңызды сауалдар кімді болса да мазаласа керек. Бұл сұрақтардың дұрыс жауабына көз жеткізу үшін иман негіздеріне қатысты (ғылыми тілде ақида ілімі деп аталады) кітаптар оқуымыз қажет.

Жалпы, ең алғаш жаратылған адам, әрі ең бірінші пайғамбар Адам атамыздан бастап, ең соңғы елші Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға дейін иман негіздерінде ешбір ерекшелік, өзгешелік немесе ала-құлалық жоқ. Қасиетті Құранға үңілсек, бүкіл пайғамбарлардың үндеп шақырғандары – таухидке (Алланың жалғыз екендігіне) негізделген жалғыз ғана сенім.

Алайда дәуірлер жылжып, ғасырлар өткен сайын осы сенімге селкеу түсіп, адасушылықтар орын ала бастаған. Қасиетті кітаптарды өз ойларына қарай бұрмалағандар пайғамбарлардың ғасырлар бойы насихаттап келген сенімдерін де бүлдіре бастады.  Дегенмен өзіне дейінгі киелі кітаптардың дұрыс сенімін бекіте түскен қасиетті Құран ешбір дәуірде өзгеріске ұшыраған жоқ.  Сондықтан  біз бұл тақырыпта бағыт-бағдарымызды міндетті түрде қасиетті Құранға қарай негіздеп алғанымыз жөн. Одан соң, әрине, сенімге қатысты үкімдер ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасиетті хадситеріне сүйенеді.

Ал, енді иман шарттарына, сенімге қатысты аят-хадистерді қарастырып келгенде, күллі мұсылман үмбеті мойындаған, барлық мәзһабтар бір ауыздан келіскен сенім негіздерін былайша жинақтап, қорытындылауға  болады:

  1. Алла Тағала бар. Оның бар болуы өздігінен, ешкімге мұқтаж емес. Ол әзәли және мәңгі.
  2. Бүкіл болмыс, мына ғалам түп-түгел жаратылған және олардың жалғыз жаратушысы Алла Тағала.
  3. Алла Тағала – жалғыз. Құлшылық жасауға лайық ұлы Құдірет иесі де жалғыз Алла Тағала. Ол Алла ешбір жаратылысқа ұқсамайды. Өзге мақұлықтарға тән мезгіл, мекен секілді әр алуан категорияларға тәуелділіктен Алла Тағала пәк. Сондай-ақ, бүкіл кемшілік, нұқсандық атаулыдан Алла Тағала ада.
  4. Алла Тағала – Мәңгі Тірі, Бәрін толық Білуші, Шексіз Қалау иесі, барлық нәрсеге құдіретті, Бәрін толық Есітуші, Бәрін толық Көруші, Жаратушы және Сөйлеу сипатына ие.  Бүкіл кемел сипаттар Аллаға тән.
  5. Әрбір адамның белгілі бір тағдыры бар. Алайда құл мәжбүрлік немесе зорлық астында емес.
  6. Пайғамбар – хақ. Сүйікті Мұхаммед (с.ғ.с.) – ең соңғы пайғамбар. Пайғамбарлар сенімге ие, күнә жасаудан қорғалған адамдар. Алайда пайғамбарларда тәңірлік сипаттар жоқ. Пайғамбарлардың мұғжизалары (ешкім жасай алмайтын ерекше кереметтері, таңғажайып қабілеттері – А.Ә.) ақиқат.
  7. Періштелерге және қасиетті кітаптарға иман келтіру міндет. Періштелер  Алла Тағаланың барлық бұйрықтарына қалтқысыз мойынсұнып бағынатын рухани болмысқа жатады.  Тәурат, Інжіл, Зәбур, Құран және Ибраһим (а.с.), Мұса (а.с.) пайғамбарларға түсірілген «парақшалар» Алла Тағала тарапынан түсірілгені хақ.
  8. Ақирет өмірі, жұмақ және жәһаннамның бар екендігі ақиқат.

Мұсылман адамның осы аталғандарға тастай түйінделген сенім болуға тиіс. Алла Тағала иманымызды кәміл етсін!

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы