Slider

ТІЛ МЕН ДІЛДЕГІ ИМАН

Қазір елімізде иман негіздері, сенім тұрғысынан кейбір пікір қайшылықтары байқалып қалатыны даусыз. «Пәленше бөтен діни ағымға өтіп кетіпті»  деген сөздің астарында да көбінесе сенім мәселесі жатады. Егер пікір қайшылықтары тек сыртқы бейнеге ғана қатыста болғанда, елімізде түрлі ұстанымдағы адамдар әлдеқашан бірігіп, өзара ынытымақтастықта өмір сүрер еді. Мәселе жүрекпен байланған сенімде болғандықтан, әр түрлі діни ағымның өкілдері біріге алмай жүргені анық.

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген діни жолын жалғастырып отырған, қара шаңырақ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және еліміздегі барлық мешіттер сенім негіздері бойынша имам Матуридидің ақидасын ұстанады. Кешегі әйгілі ұстаз Ыбырай Алтынсарин, хәкім Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім қажы Құдайберді, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, т.б. ұлы тұлғалардың еңбектерін терең зерделегенде де, олардың имам Матуриди ақидасын ұстанғаны және насихаттағаны анық көрінеді. Сондықтан имам Матуридидің иман негіздері туралы кейбір ұстанымдарын бөліспекпіз.

Имам Матуридидің айтуынша, иман дегеніміз тілмен айту және оны жүрекпен бекітуден құралады. Иманға келгенін тілімен айтқанмен, жүрегімен бекітпеген кісі мүмин бола алмайды. Белгілі бір мәжбүрлік жағдай болмаса, жүрегіндегі иманды тілімен айтпаған жанға да мүмин деп қаралмайды. Өйткені иман тілмен де айтылуға тиіс. Осы ретте «жүрекпен бекітудің» қарама-қарсы мағынасы «өтірікке, жалғанға шығару» екенін айта кеткеніміз дұрыс. Бекіту де, жалғанға шығару да жүректе болатын істер. Ал тіл сол жүректің сенгенін сыртқа шығару құралы саналады (Қараңыз: Әл-Матуриди. Тәуилатуль Қуран.).

Кәррамия деген діни ағым өкілдері иманның жүрекке қатысы жоқ, тілмен айтса жеткілікті деген пікірді ұстану арқылы сенімнен адасып кеткен болатын. Ал, имам Матуриди нағыз иман тек қана жүрекпен бекіту арқылы пайда болатынын діни қайнаркөздермен де, ақыл қисынымен де дәлелдеген. Мәселен, қасиетті Құрандағы екі жүзді мұнафиқтар сипатталатын: «Олар ауыздарымен иман келтірдік дегенмен жүректері иман етпеген…» («Мәйда» сүресі, 41-аят) деген аятты, сондай-ақ «Хужурат» сүресіндегі «Бірқатар бәдәуилер: «Біз де иман келтірдік», — дейді. Оларға: «Жоқ, сендер әлі иман етпедіңдер. Алайда (Аллаға мойынсұнып) мұсылман болдық деңдер. Иман жүректеріңе әлі ұялай қойған жоқ» де!» (14-аят) деген қасиетті аятты дәлел ретінде негізге алады.

Демек, адам алдымен, Аллаға бет бұрып, мойынсұнып мұсылман болады. Содан кейін бірте-бірте Құранды оқып, Исламды танып,  жүрегіне кәміл иман орнайды. Алланың елшісін (с.ғ.с.) шынайы танып, оның соңынан еріп иманы күшейе түседі.  Демек, тек жүректің ісі болады да, мұсылмандық (ислам) кейде тілдің ғана әрекеті болып қалуы мүмкін. Сондықтан болар, кезінде Базар жырау: «Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деп осы мәселені түйіп берген. Иман тіл мен ділде (жүректе) қатар болғанда ғана иман болады. Бірінде бар, екіншісінде болмаса, ол иман бола алмайды. Міне, имам Матуридидің ақида іліміне қазақ данышпандарының ой-пікірі сай келеді деуіміздің бір себебі осы.

Бұл айтылғандарға қарасақ, иманға келу оп-оңай шаруа емес. Алайда толық иманға бір келген адамның екі дүниедегі сый-сыяпаты да шексіз үлкен. Сыйдың үлкені, әрине, мәңгі бақи жұмақтың төрінде шалқу болса керек.

Сондай-ақ, имам Матуриди ілімінде иманның негізі жүректе болады. Бұған жүрегі иманға толып тұрса да, кейде мәжбүрлікпен сол иманына қайшы сөз айтып қойғандардың жағдайын дәлелге келтіреді. Қасиетті Құранда бұл тұрғысында былай делінеді: «Кім де кім иман келтіргеннен кейін Аллаға күпірлік қылып, көңілі күпірлікке толық ауатын болса, ондайлардың басына Алланың қаһары жауады һәм олар үшін алапат азап бар. Алайда жүрегі иман нұрымен нұрланып, көңілі жай тапқан соң, қатты қысым көріп (мәжбүрлікпен) күпір сөзді еріксіз айтқан жанның жөні бөлек» («Нахыл» сүресі, 106-аят). Осы аяттан иманның негізгі орны жүрек екенін анық аңғаруға болады.

Имам Матуридидің көзқарасы бойынша, қандай жағдайда да иман келтірдім деген адамның сөзі қаншалықты рас екенін білу қиын. Өйткені адамның жүрегін жарып ішін көруге мүмкіндік жоқ. Бұл барлық нәрседен Хабардар ұлы Алла ғана білетін нәрсе. Соған орай, мен имандымын деген кісіге иманды адамға көрсетілетін құрметтің бәрін көрсетіп, мұсылманша қарым-қатынас жасаймыз.

Алла Тағаланың көптеген аяттарда: «Уа, иман келтіргендер!» деген сөзді келтіруінің өзі имам Матуридидің пікірінше, иманның негізі жүректе екенін білдіреді. Өйткені жүрегінде зәредей иманы жоқ адамды Жаратушы Иеміздің «Уа, иман келтіргендер!» деп  шақыруы мүмкін емес.

Жинақтай келгенде, иманның негізі жүректе орнауы керек, ал тіл жүректегі сол иманды айқындап тұратын бір себеп. Алла Тағала баршамызға кәміл иман нәсіп етсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы