Slider

АЛЛАНЫ ЖАҚСЫ КӨРДІК ПЕ?

Ертеректе Мағруф Карһи деген әулие өтіпті. Бір күні жұрт одан: «Дүниенің  осыншама  қызығы тұрғанда, сізді құлшылық-ғибадатқа байлап тастаған не нәрсе? Өлімнен қорқу ма? Тозаққа түсіп қалмайын деген үрей ме? Әлде жұмаққа кірейін деген үміт пе?» — деп сұрапты. Сонда ол:

—     Бұлардың ешқайсысы емес. Барлық нәрсенің иесі – Алла Тағала. Сендер айтқан дүниелердің де жалғыз иесі – Алла. Егер де Аллаға деген махаббаттың ләззатын бір татсаң, Одан басқаға көңіл бөлінбей қояды. Егер осы ләззат сіздерге нәсіп болса, онда аталмыш мақсаттар үшін құлшылық жасауға ұялатын едіңіздер. Бұл әңгіме бір құлдың Алланы танып біліп, оны лайықты түрде жақсы көрудің бір үлгісі іспеттес. Қасиетті Құранда айтылғандай, кей адамдар Алладан өзгені Аллаға тең көріп, соны Алланы жақсы көргендей көреді (Қараңыз: «Бақара» сүресі, 165-аят). Әлбетте, бұл дұрыс ұстаным емес. Өйткені, ол – Алланы дұрыс тани алмағандардың, Оған тиісті дәрежеде сене алмағандардың, сенім арта алмағандардың ісі.  Өткінші, жалған, фәни дүниелерге жүрегін соншалықты байлап, жүректегі Аллаға ғана лайық мол махаббатты соларға арнап жіберетіндер де жоқ емес. Сонда Аллаға махаббат деген не? Қалай болуға тиіс?

Иә, махаббат деген сөз бізге етене таныс. Әңгіменің соның түпкі мағынасынан бастайықшы. Оның түбірі араб тіліндегі х-б-б (хубб) сөзінен өрбиді. «Тап-таза сүйіспеншілік» деген мағынаны білдіреді. Араб халқы маржандай жылтырап тұратын, тап-таза тістерді осы «хуб» сөзімен атайды. Қайнап жатқан судың бетіне бұрқылдап шығатын көпіршік те, судың кемерінен асып-тасуы да араб тілінде осы сөзбен төркіндес.

Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Шүбәсіз, (топыраққа түскен) тұқымды да, дәнді де жарып оларға жаңа тіршілік сыйлау арқылы бүкіл өсімдіктерді жарататын – бір Алла. Ол өліден тіріні шығарадым һәм тіріден өліні шығарушы»  («Әнғам» сүресі, 95-ая). Осы аяттағы «тұқым», «дән» сөздері де «хабб» сөзімен берілген.

Бұл тұрғыдан, махаббат адам жүрегі біреуге деген ерекше ынтызарлыққа толып тасығанда, өз сүйіктісіне қарай алып-ұшып талпынғанда пайда болатын сезім. Мұсылманның жүрегі кек пен ызаға немесе жаулық-қастыққа емес,  осындай ұлы сезімге толып тасуға тиіс. Аллаға иман келтірген мүміндердің жүрегі осы сезім арқылы бірігеді, жарасады.  «Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды. Сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің»  («Әнфал» сүресі, 63-аят)

Рағиб әл-Асфаһани махаббаттың үш түрін бөліп көрсетеді: 1. Ләззат үшін жақсы көру. Еркек пен әйел арасындағы махаббат бұған мысал. 2. Пайда үшін махаббат. Мал-дүние, әр түрлі бұйымдарға деген махаббат. 3. Артықшылығын сезген махаббат. Біреуді ілім-білімі, көркем мінезі, өзге де жақсы қасиеттері үшін жақсы көру.

Алайда мұсылман адамның жүрегіндегі мың сан сезімдердің арасында бәрінен оқшау, бәрінен жоғары тұратыны Жаратушы иемізге деген махаббат болуға тиіс. Аллаға деген махаббат болмаса, адамдар арасындағы сүйіспеншілік те мардымды болмайды. Бүкіл махаббат атаулының қайнар көзі, мөлдір бастауы адамдарды жоқтан бар еткен, адам бейнесінде жаратқан, ақыл-ес берген, рызық-несібе, бала-шаға, мал-мүлік нәсіп екен Алла Тағалаға деген махаббат болуға тиіс.

Ал ата-анаға, перзенттерге, туған жерге, отанға деген өзге де сүйіспеншілік түрлері осы Аллаға деген махабаттан туындап жатса, онда мұның бәрі ақиретте жеміс беретін сауапты жақсы көруге айналады.

Алланы жақсы көру ең алдымен оны қаншалықты танып, қаншалықты терең иман келтіргенімізге байланысты. Алла тағаланың сипаттары мен көркем есімдерін қаншалықты терең танысақ, Аллаға деген махаббатымыз да соншалық жоғары болмақ. Мәселен, Ұлы Алланың шексіз мейірімі, аса кешірімділігі, әрбір құпия және жария жасаған ісімізді үнемі бақылап тұрғандығы, айыптарымызды жасырып тұратыны, жер бетіндегі барша жаратылысқа әр сәт сайын рызық-несібе бұйырып тұрған жомарттығы, әрбір затты теңдессіз үйлесіммен жаратушылығы мен құдіреттілігі,  әр мұсылманның санасында үнемі тұруға тиіс.

Әдемілікті, ұлылықты, жақсылықты сүю әр адамның табиғатында бар қасиет. Ал нағыз ұлылық Аллаға тән. Сондықтан жер бетіндегі бүкіл жақсылық Алладан екендігін терең түйсіну де Аллаға деген махаббатты күшейтеді.  Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Намаз менің – көз нұрым. Алла тағала аш адамды тамақққа, шөлдегенді суға ынтықтырып қойғаны секілді маған намазды сүйдіріп қойды. Алайда, су ішкен адам суға, ас жеген адам асқа тояды. Ал мен намазға еш уақытта тоймаймын», — деген. Құлдың Жаратушысына ең жақын болатын жері маңдайдың сәждеге тиген жері деген ақиқаттың да бір сыры осында. Алла елшісі де (с.ғ..с.) намаз оқығанда Алла Тағалаға барынша жақындайтын болғандықтан «еш уақытта намазға тоймаймын» деп отыр. Ендеше оның Аллаға деген махаббаты да өзгелерден әлдеқайда артық екендігі даусыз. Кешегі Абай атамыздың өзі:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жол осы деп әділетті, — деп өз халқын осы ұлы сезімге шақыру тегін емес. Алланы шынайы сүйген адам барша жаратылысқа да мейіріммен, жанашырлықпен қарайтын болады. Алла Тағаламның жаратқаны ғой деп оларға да махаббатпен қарайтын болады. Жаратылыс жайлы терең ойланудың өзі Аллаға деген махаббатты күшейтеді.  Сондықтан болар, хакім Абай

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін»- деп түйген.

Бұрынғы өткен пайғамбарлар, сахабалар, әулие құлдарда осы сезім өзге адамдарға қарғанда, әлдеқайда тереңірек болған. Қасиетті құран кәрімде: «Иман келтіргендердің Аллаға деген махаббаттары әлдеқайда күшті» делінген аят бар («Бақара» сүресі, 165-аят).  Ендеше, Аллаға шынайы махаббаттың тағы бір шарты Алла Тағаланың хақ және бір екендігіне иман келтіру болып табылады.

Ал әкеге, балаға, ағаға, ініге, жиған-терген мал мүлікке деген сүйіспеншілік  Аллаға деген маххаббаттан, иманнан туындағаны дұрыс.

Сондай-ақ имам Зәйнәлабидиннің мына бір дұғасына назар аударайық. Ол: «Уа, Алла тағалам, саған деген махаббаттың дәмін бір татқан адам басқа нәрсені қалай сұрайды, Өзіңе жақындықты бір сезген жан сенен қалайша ажырасын» деп ағынан жарыла дұға етті. Тағы бірде: «Уа, Раббым, саған деген махаббатты және сені шын сүйетіндердің махаббатын нәсіп ете гөр!» деп жалбарынды.

Сондай-ақ имам Садықтың: «Адам жүрегі – Алланың өзіне ғана тән орын, сондықтан оған Алладан өзгені орнықтырма»  дегені бар. Ендеше мұсылман адам үшін Аллаға деген махаббаттан артық сезім болуы мүмкін емес.

Сонымен қатар Аллаға деген махаббаты бар адамның бүкіл тіршілігі жанданып, екі дүниенің бақытына кенеледі. Әрбір ісі берекелі болады.

Тағы бір ескере кетерлік мәселе бар. Алла Тағала өзіне деген махаббаттың жолы мен өлшемін Пайғамбарымыздың сүннетіне ерумен байланыстырған. Қасиетті Құран кәрімде Алла тағала бұл жайлы мынадай аят түсірген: (Уа, Мұхаммед) «Егер сендер Алланы жақсы көрсеңдер, менің соңымнан еріңдер, сонда ғана Алла сендерді жақсы көреді және барлық күнәларыңды кешіреді. Алла асқан кешірімшіл, ерекше мейірімді деп айт» («әли Имран» сүресі, 31-аят). Міне қарап отырсақ, Біздің Алла Тағаланы, ал Алла Тағаланың бізді жақсы көруі үшін Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолымен жүру, сүннетіне еру өте маңызды.

Алайда Алла Тағаланы шынайы жақсы көру тек тілмен, сөзбен бітетін шаруа емес. Хакім Абайдың сөзімен айтсақ,

Алла деген сөз жеңіл

Аллаға ауыз жол емес

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі хаққа қол емес.

Мұнда Алланың разылығына тек қана ынталы жүрекпен, шын көңілмен қол жеткізуге болатыны айтылған. Ендеше, Алла Тағала баршамызға осындай шынайы махаббатқа қол жеткізуді жазғай!

 

 Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы