Slider

Намаз – діннің тірегі

Жер бетінде тіршілік қылған кез келген жұмыр басты пенденің қайдан келгені, қайда баратыны, не үшін өмір сүріп жүргені әр пендені толғандыратыны рас. Көкейде ұялаған мұндай сауалдарға жауапты, Құран кәрімдегі: «Адамдар мен жындарды тек Өзіме ғана құлшылық жасасын  деп жараттым»  деген аяттан табамыз.

Күллі мадақ он сегіз мың ғаламды жоқтан бар еткен барша әлемдердің Раббысы Аллаһқа ғана тән! Яғни, екі аяқты пенденің ең әуелгі міндеті – Аллаһты танып, оған иман келтіру және ізгі амалдар жасау. Шынайы иманның белгісі ізгі амалдардан көрініп тұрады. Ақыретте ең алғаш сұралатын амал – намаз. Осыған орай Әбу Хұрайра (р.а.) мына хадисті жеткізген: «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі есепке алынатыны – намаз. Намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Ал намазы дұрыс болмаса, онда күйзеліске ұшырап, қатты қайғырады. Егер  пенденің парыз амалында кемшілік болса, Хақ тағала «Нәпіл амалдары бар ма екен? Сонымен  парыздарының кем-кетігін толтырсын» – дейді. Әлгінің басқа амалдары да осы тәрізді есептеледі» (Тирмизи, Сунән, 2/269).

Намаз — адам баласын күллі жамандық атаулыдан тыятын мағыналы, һәм мәні терең құлшылық. «Намаз» сөзі біздің тілдік қолданысымызға парсы тілінен енген, түп-төркінін қазбалайтын болсақ, араб тіліндегі «Ас- салату» сөзінің негізінде жатыр. Араб тіліндегі «Ас- салату» сөзінің мағынасы – «Тілеу», «Дұға оқу» дегенді білдірсе, ал шариғаттағы мағынасы – тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, ерекше қимыл-қозғалыстар мен сүрелер, дұғалар оқудан тұратын қасиетті ғибадат ұғымын меңзейді.

Бүкіл  шарттарына сай толық орындалған намаз – Алла тағала жақсы көретін істердің ең мәртебелісі. Пайғамбарлардың сүннеті. Періштелердің ең сүйкімді ісі. Жер  мен көктің нұры. Тән саулығының қайнар көзі. Ризық-несібенің берекесі. Дұғалардың қабыл болуына септігін тигізетін себептердің үлкені. Жан алғыш періштеге араша түсетін шапағатшы. Қабір әлемінде Нәңкір мен Мүңкір атты періштелердің азабынан құтқаратын жауап. Қиямет күнінде – жанға сая. Жәһаннам отына тосқауыл қоятын перде. Қылдан жіңішке, қылыштан өткір. Сират көпірінен жай отындай  жарқ еткізіп өткізетін пырақ. Жұмақтың кілті. Жұмақ жұртының киер тәжісі. АллаТағала  мүміндерге намаз  маңызды құлшылық жүктемеген. Егер  намаздан артық ғибадат түрі болғанда, Алла тағала құлдарына соны  міндеттер еді. Шын мәнінде, періштелердің бір шоғыры ұдайы намаздың қиямында, тағы бір бөлігі үнемі рукуғта, тағы бір тобы  сәждеде, енді біреулері тәшәһһуд қалпында құлшылық етіп тұр. Міне, осылайша құлшылықтың хикметке толы қасиеттерін бір рәкағат намазға жинақтап, мүминдерге сыйлады.

Ақиқатында, намаз – иманның басы, діннің тірегі, Исламның сөзі әрі      мүміндердің миғражы. Құран кәрімнің бірнеше аяттарында намаз оқудың

парыз екені айтылады. Мысалы: «(Уа, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында.Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»; «Үй-ішіңді намазға шақыр және өзің де оған көңіл бөл».Соңғы

аятта әр отағасының намаз оқып, бала-шаға, туған-туыстарды намаз оқуға уағыздау керектігі міндеттелген.Сонымен қатар Аллаһтың мейіріміне бөлену үшін де намаз оқу керектігін:«Намазды толық орындаңдар да,зекет беріңдер. Әрі Пайғамбарға бойсұныңдар. Әрине(Аллаһтың) мейіріміне бөленесіңдер»– деп білдірген.

Хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде былай деп баяндаған: «Сендердің біреуіңнің есігіңнің алдынан өзен ағып жатып, сол өзенге күн сайын бес рет жуынса, онда кір дейтін ештеме қала ма?

— Жоқ, қалмайды – десті.Сонда Рсулуллаһ (с.ғ.с.)

— Бес уақыт намаз да сол сияқты. Судың кірді жойғанындай, намаз да күнәләрды жояды – деді. (Бухари,Мәуақит,6)

Намаздың үлкен күнәләрдан басқа  кішкене күнәләрға кәффәрат (төлем) болатындығы хадисте былай баяндалады: «Үлкен күнәләрды істемесеңдер, бес уақыт намаз өз аралығындағы, жұма намазы да келесі жұмаға дейінгі аралықтағы жасалған (кіші) күнәләрды жабады». (Муслим, Тахара, 14, 15)

Шынайы көңілмен оқылған намаз ықылас, тақуалық пен тамаша мінез– құлықтың қалыптасуына ықпал етеді. Құран Кәрімде былай баяндалады: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді».(Бақара, 2/45) Яғни намаз оларға ауыр келмейді, керісінше, олар ләзәттанып, рахат сезімге бөленеді, тіпті, намаз оларға үйреншікті іс болады.Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: «Дүниелеріңнен маған әйел мен хош иіс сүйкімді қылынды. Намаз көзімнің қарашығымдай болды. (Нәсәи, Ишратун Ниса, 1;)

Намаз ұлт пен түрге, тіл мен елге айырмай мүминдерді бір сапқа жинайды, қоғамдық сананы күшейтеді. Әлеуметтік көмек көрсетуге үйретеді, жамағаттың бірлігін қамтамасыз етеді. Жамағатпен намаз оқылатын мешіттер халықтың өзара көмектесуіне, ұйымдасып, рухани тұтастығының күшеюіне арна болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құтси хадисінде: «Мені кеңшілікте еске алыңдар, мен де сендерді таршылықта еске алайын» делінген. «Яғни, дүниеде мені еске алыңдар, (ұмытпаңдар) мен де сендерді махшарда, қыл көпірде, тозақ отының ұшқындары жауған уақытта еске алайын. Сендер Мені жастық шақтарыңда, күшті әрі қуатты шақтарыңда еске алыңдар, намаз оқыңдар, мен де сендерді қартайғанда, әл–дәрмен кеткен шақтарыңда еске алып жәрдем берейін» деуде. Алланы еске алу тілмен, зікір етумен ғана шектелмей, ізгі амалдар арқылы да жүзеге асады. Амалымыз көбейген сайын иманымыздың да арта берері шындық.

Сондықтан намаз оқып, оған қоса ізгі қасиеттеріміздің болуы ақыретте Алланың қалауымен сауабымызды молайтып, сұрағымызды жеңілдетеді. Шын мәнінде, жаратушы, өмір сыйлаушы және сыйлаған өмірін қайтарып алушы Алладан басқа ғибадат етілуге лайықты екінші бір тәңір, не болмыс жоқ. Үлкен есеп күнінде «не істедіңдер?», «кімге және не үшін ғибадат жасадыңдар?» деген сұрақтар қойылатынын адам баласы есінен еш шығармауы тиіс.

Орындаған: Орал облыстық орталық мешітінің азаншысы Асылбеков Асхат