Slider

Намазда тақия кию парыз ба?

Тақия кию – бұл  шариғатымызда орны ерекше берекелі амал. Ал енді намазда  басқа тақия  киіп  оқу — сүннет.  Пайғамбарымыз (с.а.у.)  намазды  сәлдесін  киіп  оқыған.  Намазды  жаланбас  оқуды  ертеректе Ханафи ғалымдары мәкрүһ санағандары жасырын емес.

Бұл  жайында  Ханафи   кітаптарында  былай  делінеді: «Ер  кісілердің  мүмкіндіктері  бола  тұра,  ерініп  немесе  (басына  кигенді) ауыр  көріп  (إِسْتِثْقَالاً)  намазды  жалаңбас  оқулары  (жеңіл)  мәкрүһ.  Өйткені мұнда  ықылассыздық  (ترك الوقار)  бар.  Алайда,  Алланың  алдында  өзін  төмен санау,  Жаратушының  алдында  әлсіз  екендігін  білдіру  мақсатында  жалаңбас оқыған болса, мәкрүһ емес. Дегенмен, онда да жалаңбас оқымаған абзал. Өйткені Намаз хушуъға негізделеді (яғни үміт пен қорқыныш сезіміне…)». Ендеше, мүмкіндігінше намазды тақия киіп оқыған абзал. Бірақ, тақиясыз оқыған   кісінің де намазы дұрыс.

Алысқа бармай-ақ өзіміздің қазақтың салт-дәстүрінде де тақиямен жүру бекітілген амал. Тіпті қайсы бір қазақтың тұлғасын қарасаныз да көпшілігі басынан тақиясын тастамаған. Осы тұлғаларды айтар болсақ ең алдымен Абайдан баста­масақ болмайды. Олай дейтіні­міз, тақиясын басынан тастамаған қаймақтардың бірі – осы Абай. Ақынның осы уақытқа шейін сақталған екі-ақ фотосуреті бар. Екеуінде де отбасымен бірге түскен. Біріншісі – 1896 жылы Семейде түсірілген Абайдың ұлдары Ақыл­бай, Мағауиямен түскен суреті. Екіншісі –1897 жылы Жидебайда түсірілген «Абай жанұясымен» деген сурет. Қасқайып қақ ортада Абай отыр. Алдыңғы қатарда – Тұрағұл және Ақылбайдың бала­лары Пәкизат пен Әубәкір, екінші қатардағы – Мағауия, Еркежан және Қамалия (Әубәкірдің әйелі). Екі суретті де Мұхтар Әуезов тауып, Абай мұражайына өткізген. Айта­йын дегеніміз, осы екі фотосуретте де Абайдың басында қаратақиясы бар. ТіптіАбайдың тұңғыш порт­ретін жасаған Павел Лобанов­скийдің картинасында да сондай көрініс. Лобановский Абаймен таныса келе, оның портретін қарындашпен салуға кіріскен. Міне, сол портретте де Абай басына тақия, үстінде қазақы шапан киген.

Тұрағұл Абайұлы да естелігінде әкесінің басынан тақиясы түспе­генін жазады. «Әкемнің әмсе үйде отырғандағы киіп отыратұғын, баяғы көйлек-штаны, басында тақиясы, оның сыртынан тысқа шыққанда кие салатын жапетер, ақ елтіріден істеген, көк сатинмен тысталған көк бөркі. Анда-санда еті салқындаса жамылатұғын сары тоны бар. Таңертеңнен кешке дейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды»

Абайдың барша жұртқа әйгілі «ресми» портреттеріне зер салыңыз – тақия киген, жүзінде ой белгісі, сезім нышаны жоқ, стандартты егде. Орыстар да Толстойды бір құшақ сақалсыз елестете алмайды… Неге? Жалпы, жұрттың санасында еке­уінің де суреткер-ғұлама ретіндегі баға­сынан гөрі, моральдық ғұлама тұр­ғысындағы беделі басымырақ сияқты» деп жазады.

Абай қалай тақия кимесін, әкесі Құнанбай да басынан тақиясын тастамаса? Егер Жидебайдағы Абайдың мұражайына (бұрынғы өзі тұрға  үйі) барған болсаңыз, мар­жанмен өрнектелген көне тақияға көзіңіз түседі. Бұл тақияны Құнан­бай киген. Мұны қажы Меккеден киіп келген деген де дерек бар. Жәдігерді Абайдың Ақылбайдан тараған шөбересі Бағұфұр Әлімқұлұлы сақтап келген.

Сәбит Мұқановтың да тақия киіп түскен суреттері көп. Жазушы-журналист Сайын Есмағи Сәбит Мұқановтың тақия кигенін көрге­нін жазыпты. «Мен Сәбит Мұқа­новты өз көзіммен көрдім. Шамасы 1972 жыл болуы керек. Ауылдың қара сирақ баласымыз шаңдатып ойынның қызығында жүрген шақ. Жып – жылтыр бірнеше қара машина ауылдың шетіне келіп кірді. Қарап тұрмыз, бірінші машинадан орта бойлы дембелше келген, жасы әудем тартып қалған үлкен кісі түсті. Басында мақпал қара тақиясыбар. «Шаймерден қайда?» деді.

Мен тұрып: «Атам нағашы атам үйінде қымыз ішіп отыр» дедім. «Бар жүгір, «Мықанып» келді» деп айт» деп күлді әлгі кісі. Жарықтық атам «Мұқанов» демей Сәбеңді «Мықанып» деп отыратын. «Е, сол шал келіп қалған екенсің ғой» деп ойладым да шаңдатып наға­шым үйіне бардым» дейді Сайын Есмағи.

Бірде кітапхана саласының корифейі Күләш Аязбекқызын кезіктірдік. Сәбең кітапханаға жиі барған екен. Барған сайын басынан тақиясы түспепті. «Сәбең көбіне галстуксыз жүретін, қарапайым киі­нетін.Қолынан таяғы, басынан та­қиясы түспейтін. Өзі маңғаз, асықпайтын кісі еді. Кітапханаға келген сайын, барлық бөлімдерді аралап кететін» дейді Күләш Аязбекқызы.

Иә, жазушы қайда барса да, тақиясын тастамаған екен. Та­қиясын киген костюміне үйлестіріп тіктіріпті. 1956 жылы «Аққан жұлдыз» кітабын жазу үшін Омбыға барғанда үстіне ақшылтым костюм, басына тақия киіп жүргенін көр­гендер бар. Тіпті Жоғарғы кеңе­сі­нің депутаты болған кезде де костюмі­не лайықты тақия тіктіріп киіп жүргені көп айтылады.

Тақияны үнемі кигеннің бірі — Өзбекәлі Жәнібек еді. Өзі ғана киіп қоймай, соның насихатшысы болды. Тақия киген адам көрсе, тоқтатып алып қолын алады екен. Тақиясы қазақшаға келіңкіре­мей­тіндерді сынап та алған. Әсіресе, айтысқа қатысатын ақындардың ұлттық киім киісін өзі қадағалап жүріпті. Айтыста жетпіске келіп қалған бір ақын апамыздың қос етек көйлек киіп жүргенін көріп қалып: «Он сегіз жасар қыздар киетін  көйлекті киіп, жетпіске келген қария-ау, сізге не болды?» депті. Сөйтіп, өзі бас болып ақын­дардың киімін ұсынған шеберлерге ұлттық киімнің қалай тігілетінін көрсетіп берген екен.

Өз-ағаң барған жерінен қазаққа қатысты жәдігерлерді жинап, кейін музейге тапсырып отырған. Әде­биет және өнер музейiне қазақ тақиясы үлгiлерін өткізген. Сөйтіп, тақияны сол үлгі бойынша, тіктіру керектігін баса айтқан. Тіпті біреуін қолына ұстап тұрып: «Мынау төбесi дөңгеленген тақия – нағыз қазақы тақияның үлгiсi. Қазiргi төбесi шанақ, ою-өрнектерi дөрекi салын­ған басқа қонымсыз, жарамсыз тақиялар ұлттық үлгiмiзге жат­пайды» деген. Өз-ағаң тапсырған тақия үлгілері музейде әлі де бар шығар. Соларды тауып алып, нағыз қазақы тақияны тіктірсек қой, шіркін!

Иә, Өзбекәлі ағамыз тақияға асқан сақтықпен таңдаған. Әсіресе, оюына ерекше мән берген. Тақияны «мүйіз», «атерін», «шырмауық», «шұғыла» сияқты ою-өрнектермен кестелеткен. Сосын «таңдай», «ирек», «қабырға» секілді тігістері­мен әдемілеп сырғызған. Оюдың қай түрін тақияға салуға болады, қайсысын салуға болмайтынын айтып та жүрді. Мысалы, тақияға көбіне шұғыла оюын салдырған. Ағамыздың айтуынша, тақиядағы шұғыла оюы «Күн төбеңнен кетпе­сін, Күннің астында жауқазын­дай құлпырып жүре бер» дегенді білдіреді екен. Өзбекәлі Жәнібек қазақтың қолөнері үшін талмай еңбек етті. Сөйтіп, қазақтың ұлттық киімнің дәстүрлі үлгілерінің сақта­лып, әсемдігін жоғалтпай ұлттық құндылық ретінде бізге жетуіне зор еңбек сіңірді. Сол мақсатта «Қазақ­тың ұлттық қол өнері», «Қазақ киімі» секілді кітаптар жазып қалдырды.

Сәкен Сейфуллиннің де тақия киіп түскен біраз суреті бар. Әсіресе, өзбектікіне келетін тақиясы бол­ғанын білеміз. Ол тақияны Сәкен 40 жасқа толғанда өзбек ақындары сыйға тартыпты. Өзбек ақындары сондай-ақ Сәкенге шапан да жапқан. Сәкеннің тақиясы төртбұрышты, конус бейнесінде жасалған. Түрлі-түсті жібек жіптен тігілген екен. Сәкен бұл тақияны көбіне үйде жүргенде, өзінің туындыларын жазған кезде киіпті. Бүгінде сол тақия мен шапан С.Сей­фуллин мұражайында сақтау­лы тұр. Айтпақшы, осы мұражайда Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылы Мәскеудегі жазушылар одағының съезі туралы түсірілген деректі фильмдегі бейнесуреті де сақталған. Осы фильмде де Сәкен қазақы тақия киіп тұр.

Қажымұқанның да басына тақия киіп түскен суреті бар. Бұл суреттің тарихы да бар екен. Қал­мақан Әбдіқадыров «Қажымұ­қан» хикаятында: «Мұқан бір күні Ыстамбұлдың үлкен мешітін көр­гелі барғанда, түріктің ишаны басына шашақты қызыл тақия кигізіп: «Бұл барлық мұсылман­дардың мешіт­терінің анасы, бұған кірген кісі «қажы» болады, енді сен Қажы-Мұқан болдың» деп тақиялы суретін газетке басып шығарады» деп жазған. Әбдіқадыров суырт­пақтап жазған бұл мешіт Меккенің әл-Харам мешіті болатын. Қа­жы­мұқан түріктің чемпионы Нұрул­ланы жеңгенде Ыстамбұлдың әкімі Шәкір паша Мұқанды қажылық сапарға апарған. Осылайша, Мұқан Қажымұқан атанады. Қажылықтан келгеннен кейін басына үнемі тақия киіп жүріпті.

Басынан тақиясы түспеген ғалымдардың бірі қазаққа әл-Фарабиді танытқан Ақжан Маша­ни атамыз еді. Машанидің шәкірті, жазушы – ғалым Шәмшидин Әбдіраман бір сұхбатында ұстазы­мен қалай танысқаны жайлы айтады. «Қазіргі «Қазақстан» қо­нақ­үйінің жанында жатақхана бар болатын. Сонда барсам басына тақия киген, көйлегінің жағасын ағытып қойған,  бір кісі отыр. Жө­німді айтып ем, екеуміз тез-ақ тіл табысып кеттік» дейді. Профессор Ақжан Машани Кеңес өкіметі тұсында мешітке барып намаз оқыпты. Басынан тақиясын шешпепті. Тіпті бір кездері ол кісіге «Ақжан Машани басына сәлде таққан молданы (ред. әл-Фарабиді) насихаттап жүр» деген айып та тағылған екен.

Атақты сазгер Шәмші Қалдая­қов де сәнді қызыл тақия киген. Онысын өзінің төбел таз екенін былайғы жұртқа білдірмес үшін киген дейді. Сазгердің көзіндей болған сол тақия бүгінде туған қарындасы Райханның үйінде сақтаулы екен. Белгілі ғалым Шора Сарыбаев та – ала тақиясын басынан тастамайтын­дардың бірі. Бір қызығы, Шора атамыз тақиясын өзі тігіп алыпты. Тақиясына қызыққандар да, ұнатпағандар да көп болған. Шора Сарыбаевты бастық қылып та­ғайындар алдында, басындағы тақиясын тастауды сұрапты. Бірақ ол кісі көнбеген екен. Атақты ақын Мұзафар Әлімбаев та тақияны бала кезден киіпті. Қалижан Бекхожин бір естелігінде: «Қырқыншы жыл­дары Естай әншінің жанында басына оюлы тақия киген, көзі бадырақ, сары бала жүрді. Ол атақты ақынның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, үндемей-ақ қағаз бетіне тымпылдатып түсіріп отыратын» деп жазыпты. Сол тақиялы «сары бала» Мұзафар Әлімбаев екен. Қуанарлығы, Мұзағаң тоқсанға келген тойында да басына қызыл тақия киіп төрде қасқа­йып отырды.

Иә, басынан тақиясын таста­маған тұлғалар бізде көп болған. Бәрін түгел жазып, мақалаға сый­дыру мүмкін де емес. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Жамбыл Жабаев, Мір­жақып Дулатов, Сәдуақас Ғылмани, Әлкей Марғұлан, Иса Байзақов, Жұмағали Саин секілді қаймақ­тарымыздың қазақтың ұлттық бас киімін қадір тұтып, үнемі киіп жүргенін білеміз. Ендеше ер адамдарға намазда да қай жерде жүрсе де тақиямен жүру шариғатта бекітілген, қазақтың салт-дәстүрінде құпталған амал.

Қанатқали САЯТ,

Тулбаев Мухаммед –Гариф мешітінің  найб имамы