Араб тіліндегі «фиқһ» сөзі сөздікте «бір нәрсені толықтүсіну, толық игеру» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, бұл сөз ғылым, түсіну сөздерінен де терең мағынаны қамтиды. Сонымен бірге бір кісінің айтқан сөзінің мақсатын түсіне білуді де «фиқһ» деп атайды. Бір мәселені толық меңгерген, өте зерек, ой-өрісі кең кісіні «фақиһ» деп атайды. Фиқһ сөзі Құран Кәрімде жиырма жерде әртүрлі етістік түрінде кездесіп, бір нәрсені толық түсіну, парқына бару, бір нәрсенің ақиқатын білу және ақыл жүгірту деген мағыналарда қолданылған.
Аяттарда былай айтылған:
«Ол қауымға не болды, айтылған сөзді түсінгілері келмейді», «Ей Шұғайб! Біз сенің айтқандарыңның көпшілігін толық түсінбейміз». Ал хадистерде фиқһ сөзі «нақты мағлұмат, түсінік» деген мағыналарда қолданылған.
Енді фиқһ сөзінің терминдік мағынасына тоқталайық. Исламның алғашқы кезеңінен бүгінгі күнге дейін фиқһ сөзінің ұғымы бірнеше рет өзгергендіктен фиқһқа көптеген анықтамалар берілген. Әзіреті Мұхаммед (с.а.у.) пен сахабалар дәуірінде фиқһ белгілі бір жүйеге келтірілген ғылым емес еді. Сондықтан ол кезде фиқһ сөзінің мағынасы қазіргі кездегідей кең ауқымды қамтымайтын. Ол кезде фиқһ тек «ғылым» мағынасында ғана қолданылатын. Имам Әбу Ханифа фиқһқа мынадай анықтама берген: «Кісінің өзіне пайдалы және зарарлы болған нәрселерді білуі». Имам Шафий болса фиқһқа: «Шариғаттағы іс-әрекетке қатысты үкімдерді нақты дәлелдерімен білу» деп анықтама берген.
Осылайша фиқһ ғылымы дами келе соңында оған мынадай анықтама берілген: «Фиқһ – адамның өзіне пайдалы және зарарлы болған шариғат үкімдерін білуі» немесе «Ғибадатқа, жазаға және әлеуметтік хал-ахуалға қатысты шариғат үкімдерін нақты дәлелдерімен білу»
Ислам діні пенде мен Аллаһтың арасындағы байланысты реттегеніндей адам мен қоғамның, яғни адамдардың арасындағы қарым-қатынасты да реттеп, туындаған мәселелерді шешіп отырады. Осы мәселелерді шешуде Ислам дінінің сүйенетін негізгі дәлел көздері Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті болғандықтан кейбір дін ғұламалары Құран Кәрім мен хадис шәріптердің әмірлерін зерттеп, қарапайым халық үшін ережелер мен заңдар дайындады. Бұны «фиқһ» деп атады. Себебі, әрбір адам Құранды егжей-тегжейлі түсіне алмағаны сияқтышариғат әмірлерін игере аларлықтай дәрежеде хадис ғылымын да білмейді. Сондықтан ғұламалар өмірлерін осы жолға арнап, «фиқһ» ғылымын белгілі бір тәртіпке келтіріп жүйеледі.
Ғибадат, құқық, ахлақ, экономикалық және әлеуметтік қарым-қатынасты қамтитын фиқһ ғылымы–түрлі ұлттарды құрайтын Ислам үмметінің басын қосып, біріктіретін ғылым. Басқаша айтқанда бүкіл үмметтің өмірі. Фиқһсыз үммет өмір сүре алмайды.
Фиқһ Аллаһ пен құлдың арасындағы жеке қарым-қатынасты қалыптастырумен басталады. Намазды, оразаны, зекетті, қажылықты, көзге көрінетін және көрінбейтін нәжістерден тазалануды, жүріс-тұрысты, үйретеді.
Фиқһ – айт, жұма күндерінде әдемі киінуді, хош иіс себуді, желініп-желінбейтін нәрселерді, тамақтану әдебін үйретеді.
Фиқһ – қоғамның ахлағы мен тәртібін де реттеп, оған қажетті алғышарттарды қалыптастырады. Мұсылмандардың бір жерге жиналып араларындағы мәселелерді шешіп, ғылым-білім және мәдениет алмасып, араларындағы бауырмалдықты қуаттандыру үшін қажылық, айт, жұма сияқты құлшылықтарды реттейді.
Фиқһ – отбасылық өмірді егжей-тегжейлі қарастырып, оның әрбір мүшесінің құқықтары мен жауапкершіліктерін белгілеген. Әлеуметтік және экономикалық құқықты реттеп, алдап-арбауды,күштінің әлсізді езуін және өсім жеуді харам қылған.
Фиқһ – қоғамның тек бұл дүниедегі өміріне байланысты бөлімін ғана қарастырмай, дүние мен ақырет өмірін де бірге қамтыған.
Фиқһтың қарастыратын үкімдерін төрт топқа бөлуге болады:
- Ғибадат.
Намаз, ораза, қажылық, садақа сияқты ғибадатқа байланысты үкімдер. Осы ғибадаттардың тәртіп-ережелерін, қалай орындалатынын, оны бұзып, бұзбайтын нәрселерді қарастырады.
- Муғамалат (қарым-қатынас)
Адамдардың араларындағы өсиет, мирас, сауда-саттық сияқты қарым-қатынастарын реттейтін үкімдер. Осы қарым-қатынастардың қалай жүзеге асырылуын және тараптардың құқығын қарастырады
- Мунакахат
Отбасына байланысты құқықтар. Некенің шарттары және жауапкершілігі, үйленгеннен кейінгі екі жақтың міндеттері, сонымен қатар ажырасудың тәртіптері қолға алынады.
- Уқубат
Мукәлләфтің 6 істеген қылмыстарын және осы қылмыс үшін берілген жазаларды қамтитын үкімдер. Бұл бөлімде қылмыстың түрлері мен дәрежелері және қылмыскердің жағдайы, оған берілетін тиісті жаза, сондай-ақ жазаның түрлері мен іске асыру жолдары қарастырылады.
Қазіргі уақытта фиқһ сөзінің орнына қолданылып жүрген «Ислам құқығы» тіркесі фиқһтың орнына жанама ретінде қолданылуда. Бұл тіркес тек қарым-қатынас, қылмыс және мирас мәселелерін ғана қамтиды.
Ал фиқһ болса мұнан да ауқымды, яғни бұған қоса тазалық және ғибадат мәселелерін де қарастырады.
Адам баласы жаратушысы бар екенін білгенімен, оның бұйырған және тыйым салған нәрселерінің үкімдерін өздігінше біле алмайды. Бұл үкімдер фиқһ ғылымында жинақталған. Сондықтан фиқһ ғылымы–бұл дүние мен ақыретте Аллаһ Тағаланың ризашылығы арқылы мәңгілік бақытқа жетудің жолдарын үйрететін ғылымдардың асқары десек те болады.
Самат АЛИБАЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық
орталық мешітінің найб имамы







