Slider

Көркем мінез Құран мен хадисте

Пайғамбарымыз (С.А.У) «Сендердің ішіндегі ең жақсыларың және қияметте маған ең  жақындарың  көркем мінезділерің»-деген. Көркем мінез — адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы.

Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындарымен құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, жақсы атқару, тіпті талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау, сондай-ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптары мен әдептерін сақтай отырып атқару  керек деген.

Алла тағала Құран Кәрімде сүйікті елшісі жайында:«Уа, Мұхаммед!» Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік»-деген. Пайғамбарымыз (с.а.у) ешқашан өзінің жеке басына қатысты мәселелерде ренжімеген.

Айша (Алла оған разы болсын): Хазрет пайғамбарымыз (с.а.у) былай айтты: «Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем  еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!»[2] — деп дұға ететін деді.

Пайғамбарымыз (с.а.у) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әркез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындап, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде де оларға қарсы дұға жасамаған. «Неге оларға лағынет айтпайсын дегенде:«Шынында мен лағынет айту үшін жіберілмедім, асылында мен мейірім ретінде ғана жіберілдім»[14]деді.

Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша анамыздан: Пайғамбарымыздың (с.а.у) мінез-құлқы жайында сұрағанда, ол: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Ия, оқимын» деді. Айша анамыз: Оның мінез-құлқы – Құран ғой»[3], — деп жауап берген. Құранды және Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетін ұстанып өмір сүрсек ешқашан адаспаймыз және салауатты өмір сүремез. Атам қазақ мақал-мәтелдерінің бірінде: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» — деген. Сонымен қатар «Он бәленің тоғызы тілден», «Ұрлық түбі – қорлық», «Біреуге ор қазба — өзің түсесің», «Жақсыға барсаң жадырап қайтарсың – жаманға барсаң жабығып қайтарсың» деп балаларын кішкентайынан тәрбиелеп отырған. Есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпағы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен. Біздің ата-бабаларымыз дінді  дәстүрмен сабақтастыра отырып ұрпақтарын жақсы тәрбиелеген. Оған дәлел қазақтың қандай мақал-мәтелдерін қарасаң да діннің иісі аңқып тұрады, яғни Құран мен хадистен бастама алады.

Әрбір саналы мұсылман баласы көркем мінездің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Қазіргі  уақытта кейбір мұсылман бауырлар пайғамбарымыздың (с.а.у) сыртқы көріністі паш ететін сақал өсіру, мисуак қолдану секілді амалдарын ғана орындап, шариғат талап еткен пайғамбарымыздың (с.а.у) мейірімділігіне, қарапайымдылығына, әділдігіне амал жасамауда. Ислам діні адамның ішкі сұлулығы, ислами көркем мінезі оның әрбір әрекетінде орын алуын қалайды. Төмендегі пайғамбарымыз (с.а.у) көркем мінездерінің кейбіріне қарап біздің қаншалықты пайғамбарға (с.а.у) жақын екенімізді анықтау қиын емес. Содықтан барша мұсылмандар бөлінбей  біріксе, діннің сыртқы сұлулығымен қатар ішкі сұлулығын қатар алып жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді!

Серік МҰСТАФИН,

 Тулбаев Мухаммад Гариф мешіті,

Орал қаласы