Хадис шәрифте Қиямет уақытында Аршының көлеңкесінде болар жеті түрлі адам болатындығын, солардың бірі жастығын құлшылығына арнаған адам екендігін айтады.
Не үшін қарт емес, жас адамды айтқан? Себебі жастық кезеңде адамның нәпсі деген дұшпаны күшейіп, адамды теріс жолға түсіру оңайырақ болады. Ал, қарттық кезде құлшылық қып, қалған ғұмырыңды ғибадатыңа арнау жеңіл болмақ. Осыны түсінген қазақ "болатын бала он бесінде баспын дер, болмайтын бала отызында жаспын дер" деп, тура айтқан екен.
Бірақ "әттеген-ай" демеске болмайды. Алашорданың көрнекті өкілі, қазақтың басына біткен біртуар бағы, ақын Мағжан Жұмабаев "Мен жастарға сенемін" деп өскелең ұрпаққа деген мол сенімі мен үлкен үміті бар екендігін білдірген.
Алайда, оның сенген жастары арзан күлкі мен бос сөзге әуес жастар емес еді. Мағжан ақынның айтқаны - "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанаты, жаннан қымбат оларға ар, иман күшті оларда".
Айналамызға қарайтын болсақ бұндай сипаттамаға сәйкес келер жастарды табу қиын. Саусақпен санарлықтай...
Абай атамыздың "Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат" деген сөзін ұмытып, арзан күлкінің етегіне жармасып, надандыққа разы болған шақта қазақтың күні жарқырамасы анық.