لَمْ تَرَى كَيْفَ فَعَلَ رَبُّكَ بِأَصْحَابِ الْفِيلِ .– «Раббыңның піл иелеріне не істегенін көрмедің бе?» Бұл жерде «Көрмедің бе?» деп, Аллаһ елшісіне айтып тұр. Өйткені, бұл оқиға Пайғамбарымыздың өмірге келуінің бір белгісі ретінде орын алған. Ол туатын жылы болған оқиға. Бірақ, кейбір тәпсіршілер: «Бұл сөз Меккелік құрайыш тайпасы мен жалпы Араб түбегіндегі арабтарға қарата айтылған» дейді.كِ كَيْفَ فَعَلَ رَبُّكَ بِأَصْحَابِ الْفِيل – «Сенің Раббың оларға қалай істегенін?». Бұл жерде екі ұғым бар. Біріншісі: رَبُّكَ – «сенің Раббың» деу арқылы сол оқиғаның жайдан-жай емес екендігін, оның әлемдер Раббысының әмірімен болғандығын баяндайды. Және сол оқиғаның Аллаһ елшісінің пайғамбарлығына дәлел екендігін көрсетеді. Екіншісі: Аллаһ Тағаланың құдіреттілігінің шексіздігіне назар аудартады. Яғни, Ұлы Жаратушы Өзіне қарсы келіп, Қағбаны яғни, дінді жойғысы келген дұшпандарды құстардай күш-қуаты шамалы тіршілік иесі арқылы-ақ жермен-жексен ете алатындығын танытады. Ендеше, бұл аяттың осылай айтылуында шексіз мән жатыр. Құстардың өз алдына жеке тіршілік иелері екені Құранда арнайы айтылған. Яғни, құстар мен жан-жануарлар, құрт-құмырсқалар, жәндіктер т.б. бәрі өз алдына жеке тіршілік иелері. Бір жағынан алғанда Хақ Тағалаға мойынсұнған әскерлер. Ендеше, жер бетіндегі Аллаһ Тағалаға қарсы шығып, астамшылыққа бой ұрған кәпір, дінсіздерге Құран қатаң ескерту жасауда. Мысалы, бір қоғам астамшылдық етіп, діннен безуі ықтимал. Осы кезде Аллаһ олардың егініне шегірткелерін қаптатып, жазалауы кәдік. Мұның салдарынан әлгі елдің экономикасы дағдарысқа ұшырамақ. Ұзаққа бармай-ақ, осы ғасырда болған «Цунами апаты» соның бір айғағы деуге әбден болады. Міне, «Сенің Раббың оларға қалай істегенін көрдің бе?» деу арқылы тарихтағы сол тәрізді оқиғаларға назар аудартады. Әрі «Сенің Раббың» деген аят, әрбір мұсылман мен әрбір адамға да айтылып тұр. Яғни, ей, пенде, сенің Раббың аса ұлы. Оның құдіретінде шек жоқ. Сен өзіңді күнәға батырып, астамшылдыққа салынба! Тәубеңе кел.
بِأَصْحَابِ الْفِيلِ – «Піл иелеріне?». Бұл жерде Аллаһ Тағала олардың кім екендігін айтпаған. Өйткені, оларды сол замандағы адамдардың бәрі де білетін еді. Піл иелері Йеменді жаулап алған Эфиопияның әкімі Әбрәһәнің[1] әскері болатын. Ол қалың әскерімен «Махмуд» («мамуд») деп аталған пілдеріне сеніп, алдынан шыққанын езіп, жаншып Қағбаны құлатуға келген болатын. Бірақ, ниеттері іске аспай, бәрі де құрдымға кеткен‑ді. Сондықтан, олар «Піл иелері» деп аталған-ды. Арабтар да сол жылды «Піл жылы» деп жаңа тарих жылын бастаған еді. Аллаһ Елшісі (с.а.с.) сол аты шулы жылы дүниеге келген.
Бұл сүренің «Піл сүресі» деп аталуында да терең мән жатыр. Яғни, «піл» – күш-қуат, тірек деген сөз. Кәпірлер оны күш-қуат етіп арқа сүйеген еді. Ендеше, өмірде өзінің экономикалық, әскери күш-қуатына сеніп, Аллаһ Тағаланың дінін жоймаққа ниеттенген қаншама арам пиғылды дінсіздер болған. Бірақ, барлығы да ақырында өздері қазған орға құлап, құрыған. Қазіргі кезеңде де Ислам-қағбасын құлатуға жанталасып, бірігіп жатқан күш-қуатты, арам пиғылды, лаңкестік топтар көп ұзамай, өз тұзақтарына өздері түсіп, Ислам-қағбасының Иесі бар екендігіне бүкіл әлем тағы бір мәрте көз жеткізбек. Міне, келесі төрт аятта бұндай күштерді қалай жермен-жексен еткенін баяндайды. Осы тәрізді күштерді де қалай құрдымға тастайтындығына ишарат етеді.
- أَلَمْ يَجْعَلْ كَيْدَهُمْ فِي تَضْلِيلٍ– «Олардың айлакерліктерін босқа жібермеді ме?». Яғни, олардың арам ниеттері іске аспай, өздері түгелдей қырылмады ма? Бұл жерде де сауал қою арқылы олардың ақыры не болғандығына назар аудартуда. Тарихи көздерге зер салсақ, Әбрәһә Санға деген біреу жерге бір шіркеу салып, арабтарды сол жерге құлшылық еттірмек болады. Сол үшін де ол күллі арабтардың тауап еткен Қағбасын жығуға ниеттенеді. Егер оны құлатса, халық өзінің салған шіркеуіне келетініне бек сенімді еді. Ол әскерімен Меккеге жақын Мұғаммас деген жерге келген кезде әлгі «Махмуд» атты пілі кенеттен кілт тоқтап қалып, қанша зорлағанмен ілгері бір қадам да баспай қояды. Олардың құрған жоспарлары осы кезден бұзыла бастаған. Артынша өздері жел жапырған егіндей күйге ұшырады. Ендеше, «олар Қағбаны жығу былай тұрсын, өздері түгелдей құрып кеткен жоқ па? Міне, жоспары осындай болған қара ниетті залымдарды діттеген межесіне жақын қалған сәтте, аяқ астынан өздері сенім артқан піл-күштерін жарамсыз етіп, не істерін білмей дағдарып тұрғанда түгелдей тас-талқанын шығарған тек қана «Сенің Раббың» дейді.
Аятта كَيْد – «кәйд» сөзі қолданылған. Бұл біреудің аяғын шалу үшін жасалатын «құпиялы қулық айла», «құпиялы саясат» мағынасына саяды. Ал бұл жерде олардың құпия мақсаты қандай болуы мүмкін? Әбрәһә шіркеу салып, арабтарға Қағбаға емес, сол шіркеуге тауап етуге үндейді. Кейбір арабтар оған күйініп, әлгі шіркеуге түнде жасырын барып, ластап кетеді. Міне, Әбрәһә осыған ашуланып, кегін алмақ болып, Қағбаны құлатуға шығады. Бірақ, бұл оның сыртқы саясаты ғана. Ал жасырын ішкі саясаты: Қағбаны құлату арқылы құрайыштардың Араб түбегіндегі беделін жою‑тұғын. Өйткені, сол кезде Мекке, Араб түбегіндегі ең мықты сауда орталығы еді. Арабтар меккеліктерге Қағбаның қызметшілері болғандықтан ғана қатты құрмет тұтатын. Егер олар Қағбадан айырылса, барлық беделден жұрдай болмақ. Эфиопиялықтар құрайыштықтарды жойып, Оңтүстік Арабстаннан Шам мен Мысырға дейін созылған сауда жолын өздеріне аударуды мақсат тұтқан болатын. Бірақ, олар бұл саяси мақсаттарын құпия сақтаған еді. Бұл тәрізді арам пиғылды күштер әр заманда да орын алуы ықтимал. Исламды әлсіретіп, мұсылмандардың жер асты байлықтарын өздеріне қарату мақсатымен, өздерінің шіркеу тәрізді ғимаратын құлатып, соны мұсылман әлеміне жауып, кек аламын деп, араларынан кінәліні іздеген лаңкестік топтар қазіргі заманның кейіпкерлері. Құран аяттарында бұндай оқиғалар мысал үшін ғана берілген. Ол тарихи нәрседен ғана хабар беріп тұрған жоқ. Яғни, Құран, негізінде жалпы адамзат пен күллі заманға түскен. Сондықтан, ондағы аяттардан әрбір адам өз заманына қатысты оқиғалар мен мәселелердің шешімін таба алады. Құранға терең көз салып қараған адам одан өз заманының хал-ахуалын анық байқайды.
- وَأَرْسَلَ عَلَيْهِمْ طَيْرًا أَبَابِيلَ– «Оларға бірінен кейін бірі келген топ-топ құстар жіберді». Бұл құстардың қандай құстар екендігі беймәлім. Тарихи деректерде бұл құстардың бұрын-соңды сол маңайда болмаған, үлкенді-кішілі, қара, жасыл, ақ түстерге оранған өзгеше екендігі және олардың Йемен мен теңіз жақтан дауылдай қаптап келіп, барлығын талқандап өте шыққандығы жайлы баяндаған.
- تَرْمِيهِمْ بِحِجَارَةٍ مِنْ سِجِّيلٍ– «Құстар оларға балшықтан жасалған тастар тастады». Бұл жердегі «балшықтан жасалған тастардың» не екендігі белгісіз. Тарихи деректерге үңілсек, құстардың тұмсығына тістеген бір және аяқтарына қысқан екі ноқаттай, яки, құмалақтай ғана тастары кімге тисе, сол адамның денесін тесіп өткендігі байқалады.
- فَجَعَلَهُمْ كَعَصْفٍ مَأْكُولٍ– «Сонда оларды желінген егін тәрізді қылды». Бұл аяттағы عَصْف – «асфин» сөзін – тәпсіршілер «егін топаны» деп түсіндіріп бұл хақында бірнеше көзқарастарын білдірген[2].
- Науқаннан кейінгі егін даласында қалып, желге ұшып, мал жеген егін топандары.
- Қиқымдалып желге ұшқан сабан.
- Төгіліп, құрт-құмырсқа жегендіктен шұрқ тесігі шыққан жапырақтардай денелері боратылған оқтардан сау тамтығы қалмаған Әбрәһә әскерінің өлімі бейнеленген.
Міне, Ұлы Жаратушы піл иелерінің, жеңілу тұрмақ, бізге біреулер қарсы тұрады-ау деген ой бір сәт санасына кірмеген Әбрәһә мен оның қалың қолын бір демде жусатып, жермен-жексен етіп, «құрт-құмырсқаға жем болып, желге ұшқан егіндей» күлін көкке ұшырды.
Сөз түйіні, бұл сүре Пайғамбарымызға – сый, мұсылмандарға – сүйінші, кәпірлерге –қатаң ескерту. Сол заманда өмір сүрген құрайыш кәпірлеріне де ерекше ескерту. Құрайыш кәпірлері мұсылмандардың Ислам-қағбасын қиратуды ниет еткен-ді. Күпірлік ол кезеңде үлкен күш болатын. Бірақ, Хақ Тағала мұсылмандардың иман күші арқылы күпірлікті Меккеден түгелдей жоқ қылып жіберді. Аллаһ Тағала – Аса Ұлы.
А. АСЫЛБЕКОВ,
Орал облыстық орталық
мешітінің азаншысы







