Құран немесе Құран Кәрім (араб.: القرآن) — Ислам дініндегі басты қасиетті кітап. Мұсылмандар оның Мұхаммед пайғамбарға (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) ақиқатты баян ету үшін түсірілгендігіне, адамзатқа одан үзілместен жеткен Аллаһтың сөзі екендігіне сеніп, иман келтіреді. Оны оқу (тиләуәт) арқылы Аллаһқа құлшылық қылады. Құран Тәурат пен Інжілден кейінгі аспандық кітап ретінде және араб тіліндегі кітаптардың ішінде шешендік тұрғысынан ең байы саналады. Құран уахидың түскен жері мен уақытына байланысты меккелік және мединелік болып бөлінген 114 сүреден тұрады.
Алланың елшісі Мұхаммедтің (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) пайғамбарлығы ол 40 жасқа толғанда басталып, келесі 23 жыл бойы өмірінің ақырына шейін созылды. Ол пайғамбарлық кезеңінің алғашқы 13 жылын Меккеде, қалған 10 жылын Медине қаласында өткізді.
Ең алғашқы уахи Мекке маңындағы Нұр тауындағы Хира үңгірінде дүйсенбі күні, 17, 21 немесе 24 рамазанда (милади күнтізбе бойынша 620 жылдың 10 тамызын) және шииттердің пайымдаунша Раджаб айының 27 жұлдызында түскен.
Мұхаммед пайғамбардың Меккеде өмір сүрген 13 жылда 83 немесе 85 сүре түскен, олардың ең алғашқысы Аләқ сүресі, ал ең соңғысы әл-Муминун немесе әл-Анкәбут сүресі саналады.
Құрайыш тайпасының қысымы төзімсіз болып кеткесін Мұхаммед пайғамбар (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Ясриб қаласына һижра жасауға мәжбүр болады. Содан бері ол қала «Мәдина ән-нәбәуийа» (Медине) деп аталатын болды. Мединеде түскен сүрелер саны 31 немесе 29 сүре деп есептеледі. Мединеде түскен алғашқы сүре әл-Мутаффифин сүресі, ал соңғы сүре Тәубе сүресі болды. Бірақ Ибн Хаджарәл-Асқаланидің «Сахихәл-Бұхариге» жазған түсініктемесінде Мединедегі ең алғашқы сүре Бақара сүресі болғаны айтылған, ал ән-Насафидің тәпсірінде ең алғашқы Мединелік сүре Қадр сүресі делінген.
Құранның түсiрiлуi меккелiк (610-622 ж.) және мадиналық (622-632ж.) кезеңге бөлiнедi. Бұл екi кезең өздерiне тән өзгешелiктермен ерекшеленедi.
Меккелiк кезең ардақты пайғамбарымыз Мухаммадқа (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) пайғамбарлық түсе бастағаннан,Ол (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Аллаһ Тағаланың бұйрығына сай Мадинаға һижрат еткен уақыт аралығына сай келедi.
Меккелiк кезеңде түсiрiлген аяттар өзiне негiзiнен төмендегi мәселелердi қамтыған:
1.Таухид — көне заманнан арабтар, соның iшiнде Мекке тұрғындары да, шексiз құдiрет Иесi ұлы Аллаһ Тағаланың барлығына сенетiн. Алайда, Аллаһ Тағалаға сыйынумен қатар басқа да жасанды тәңiрлерге құлшылық ететiн. Көп жағдайда жасанды тәңiрлерге пенде мен Аллаһ Тағаланың арасындағы делдалдық немесе Аллаһ Тағалаға тең дәреже берiлетiн. Осы себептен меккелiк дәуiрде түсiрiлген аяттарында Тәңiрдiң жалғыздығы мен жасанды, жалған тәңiрлердiң пайдасыздығы мен дәрменсiздiгi әңгiмеленетiн. Бұл айтылғанға Меккеде түсiрiлген «Кафирун» және «Ихлас» сүрелерi дәлел бола алады.
- Аллаһ Тағаланың барлығы — Мекке тұрғындарының арасында Жаратушының барлығын жоққа шығаратындары да болатын.Аллаһ Тағала Өзiн таныту үшiн Құран арқылы оларды қоршаған әлемге, аспан мен жердегi жаратылыстарға назар салып, көңiл аударуға үндеген.
- Қиямет күнiнен кейiнгi өмiр- меккелiк дәуiрде түсiрiлген аяттар жәннатты және жәннат ләззәтiн, тозақ пен ондағы азапты айқын баян етумен ерекшеленедi.
- Тарихта орын алған өркениеттер — исламға қарсы болғандарды Аллаһ Тағаланың жазасынан сақтандыру және Жаратушының ұлықтығын баян ету мақсатында меккелiк сүрелерде тарихта орын алған өркениеттер, олардың Аллаһ Тағаланың талаптарына қарсы келуiнiң нәтижесi жайында айтылады.
- Намаз — исламның негiзiн құрайтын бес негiзi: иман, намаз, ораза, зекет және қажылық. Таухид пен намаздың арасында тығыз байланыс болу себебiнен осы айтылған бес негiздiң кеуi, яғни иман мен намаз оқу Құран аяттары арқылы Меккеде пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Мадинаға һижрат етуден бiр жыл бұрын миъраж түнiнде парыз етiлген.
- Кәпiрлердi пiкiрталасқа шақыру — Меккедегi пұтқа табынушыларға Құран Аллаһ Тағаланың сөзi екенiн дәлелдеу үшiн меккелiк аяттардың кейбiрiнде оларға Құранның бiр сүре немесе бiр аятына ұқсас нәрсенi келтiру ұсынылған.
Сонымен қатар, құрамында сәжде аяттары, «муқаттаъа» әрiптерi], «كَلاَّ»(жоқ, ешқашан) харфы бар сүрелер меккелiк кезеңде түсiрiлген
Медина аяттарының ерекшеліктері:
1.Мадиналық кезеңде Исламның үш негiзiне: ораза, зекет және қажылыққа қатысты аяттар түсiрiлiп, iшкiлiк iшкенге, доңыз етiн жегенге, құмар ойнағанға, зинақорлыққа, орынсыз кiсi өмiрiн қиюға және ұрлыққа тыйым салынды.
- Мадиналық кезеңнiң алғашқы дәуiрiнде мұсылмандарға меккелiк мушриктерге қарсы қару көтеруге тыйым салынған болатын. Бұдан мақсат: мұсылмандардың бойында сабырлылықты тәрбиелеу және адамдардың арасында артық шығынға жол бермеу. Қолға қару алып, мушриктерге қарсы шығуға мұсылмандардың саны көбейгеннен кейiн рұқсат етiлдi.
- Мадинада мұсылмандар алғашқы рет яһуди және христиандармен қарым-қатынасқа түстi. Еврейлер Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Таурат, Забур және Iнжiлге қатысты сұрақтар берумен шектелмей, Исламның, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бен мұсылмандарды беделiн түсiруге тырысатын. Осы себептен мадиналық кезеңде түсiрiлген аяттар өзiне басқа дiн иелерiмен қарым-қатынас жасау мәселелерiн қамтумен ерекшеленедi. Яһуди мен христиандармен некелесудi рұқсат ететiн аяттар да Мадинада түсiрiлген.
- Мұсылмандардың арасында Исламды шын ықыласпен қабылдағандармен бiрге дiндi көзбояушылықпен дүние иелену үшiн қабылдаған мұнафықтар да болды. Олардың iшiнде мұсылмандарға ашық түрде қарсы шыға алмай, дiндi астыртын жоюға тырысатындары болды. Осы себептен мадиналық кезеңде мұнафықтардың зымияндық айла-әрекеттерiн ашып беретiн және мұнафықтармен қарым-қатынас жасау жолдарын баян ететiн аяттар түсiрiлген.
Бақытгүл БАЙҒАЗИЕВА,
«Әйел-қыздар» секторы
меңгерушісінің көмекшісі,
Батыс Қазақстан облыстық мешіті







