Slider

Бақара сүресінің тәпсірі

Қасиетті Құран Кәрім –Жаратқан Иеміз Алла тағаланың сөзі.

Алғашқы сүресі «Фатиха» деп аталса, оның бес түрлі атауы бар екен:

Фатиха –Үммүл Құран (Құранның анасы), шипа, дұға, Құранның кілті, кифая (кез келген кітаптың мазмұны сияқты, Құранның қозғайтын жеті тарауының мазмұны іспеттес жеті аят.

Ал «Бақара» сүресін «Кіші Құран» деп жатады. Өйткені Құранда баяндаған Алла сөздерінің көп мазмұнын қамтыған, 286 аяттан тұратын ең ұзақ сүре. Түсінікті болу үшін «Бақара» сүресінің алғашқа аятының тәпсірін ұсынайық:

Әлиф, ләм, мим.

Міне, сол Кітап. Оның Алла құзырынан түсірілгендігіне зәредей күмән жоқ. Ол ­­- Алланың қойған барлық әмірі мен тыйымдарына толықтай бағынған тақуалар үшін бастан аяқ хидаят, туралық қайнары.

Сол бір тақуалар тылсым-ғайып әлеміне иман етеді. Һәм намаздарын тұп-тура етіп, өз уақытында оқиды. Сондай-ақ біздің оларға ризық етіп берген несібелердің бір бөлігін Алла ризалығы үшін мұқтаж жандарға береді.

Әрі олар саған түсірілген Құранға және сенен бұрынғы кітаптар мен парақтарға да иман етеді. Ақіретке де күдіксіз, күмәнсіз, кіршіксіз айқын сенеді.

Міне, сол тақуалар терең имандар арқылы Раббыларынан келген тура жол үстінде діттеген межелеріне қарай бет алуда. Әрі шынайы жеміске қол жеткізіп, нағыз табысқа жеткендер де, міне, солар.

Тәпсірі

«Әлиф, ләм, мим». Құран – Алланың сөзі. Хақ тағала сол кітабын жын мен адамзатты тура жолға салу үшін түсірген. Оны оқыған жас та кәрі де, қарапайым адам да данышпан да өз санасының тереңдігіне қарай ұғынады. Хақ тағала адамдарға Құранды түсінікті сөзбен беріп, тіпті кейбір аяттарды басқа сүресіндегі аяттар тәпсірлеп отырады.

Бірақ бұл деген адам терең білімді болса, Құранды толық түсіне алады деген сөз емес. Соның анық дәлелі ретінде Құранда «Мүташаббиһ», яғни ұғымы беймәлім аяттар да бар. Міне, соның бір айғағы – осы, ежелеп оқылатын әріптер. Бір қарағанда, «ә, л, м» деген әріптер болса да, бұлар пенде тереңіне жете алмас тылсым сырға толы.Осыған ұқсас ежелеп оқылатын әріптер Құран кәрімнің 29 сүресінің басында кездеседі.

Әрі бұл араб әліппесіндегі 29 әріпіне сәйкес келеді. Оның алтауында осы үш әріп кездеседі. Сол себепті мұны кейбір ғалымдар: «Алла мен Елшісінің арасындағы кодтық тылсым сырлар. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны ешкімге жария етпеген», — дейді. Бұлардан күтілген мақсат – олардың тереңдігіне иман ету. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) бұл туралы: «Әрбір кітаптың сыры бар. Міне, Құрандағы Алланың сыры да –сүрелердің әуелгілері» деп осы әріптердің қасиеттілігін айтқан. Хазіреті Әлі де (Алла разы болсын) бұл туралы: «Әрбір кітаптың мәйегі мен өзегі бар. Ал мына кітаптың мәйегі ежелеп оқылатын әріптер», — дейді. Хазіреті Әли басқа бір сөзінде оның сырының бір ұшын көрсетіп: «Бұлар –бөлек-бөлек қысқартылған есімдер. Егер адамдар олардың қалай реттеліп, тізбектелетінін білетін болса, онда дұғалардың қабыл болатынына арқау болатын «Ағзам есім» шығатын еді», -дейді.

Кейбір сүре бастарындағы осы әріптердің мәні түпсіз көпшілікке беймәлім болған соң ғұламалар бұлар жайлы сөз қозғаудан қашқан. Шамасы, оның бір себебі өздерінің білмеуі емес, керісінше, тыңдаған халықтың олардың айтқан тәпсіріне ұғына алмауында жатыр. Бірде ғұлама Шағбидан осы әріптердің мәнін Дәуіт деген кісі сұрайды. Сонда ол: «Уа, Дәуіт! Әрбір кітаптың өзіне тән сыры бар. Осы Құранның да сыры –басындағы сен сұраған әріптер. Сен оларды былай қой да одан қалғанын сұрай бер», -деп жауап қайырады. Дей тұрсақ та, «Әлиф –Алланың нығметтері, Ләм –Оның шарапаты, ал Мим болса, Оның мүлкі», деп тәпсірлеген Мухаммад ибн Қағб секілді кейбір ғұламалар бар.

Һәм әріптер өздерінен қарағанда жазушысынан көп хабар береді. Жіптей тізілген әріптер өздерін бір рет танытса, жазушысын көп жағынан танытады. Яғни оның жаза алатындығы, көре алатындығы, ойлана алатындығы, есептей алатындығы т.б. толып жатыр. Ендеше Құрандағы әріптер бір жағынан өздерін танытса, басқа жағынан Жаратушысын көрсетіп, Оның құдіретін танытады. Жаратылған әлемде –дәл солай жазылған күмәнсіз кітап. Олар да –арғы жағы атом, протон, нейтрон, бергі жағы оттегі, сутегі, т.б. әріптерден жазылып жатқан кітап. Әлем деген кітаптың Алланың кітабы екендігінде күмән жоқ. Ендеше Құранның әріптері Алланы танытатын болса, әлемнің әріптері де сол Хақ тағаланы танытпақ. Сондықтан әлемді зерттегенде оның –әріптің өз жағынан емес, оның ұлы жазушысы жағынан зерттеу қажет. Сонда ғана зат пен құбылыстар нағыз ілімнің қайнар көзі болмақ.

Әрі бұл әріптер, иләһи кодтар. Бұл тылсымның кілті тек хазіреті Мұхаммед алейһис-салату уас-салам дегендер де бар.

Әрі осы әріптер –Құранның мұғжизасы  екендігіне, яғни ешбір пенде оның ұқсасын жасай алмайтындығына ишарат. Өйткені осы әріптерден соң «Міне, сол Кітап: Оның Алла құзырынан түсірілгендігі және бастан аяқ ақиқаттар жиынтығы екендігіне ешқандай күмін жоқ» деген аяттар келеді. Яғни, міне, Құран осындай араб әріптерінен құралған. Алайда мүшріктер қанша ақын болса да, осы әріптерден құрастырып Құранға ұқсас бір сүре де, аят та жаза алмаған. Ендеше Құран осы әріптер арқылы оларды жекпе-жекке шақырып тұр. «Ал, қанеки, сендер «Мұхаммед ойдан құрастырды» деп тұрсаңдар, онда осыған ұқсасын сендер де жасаңдар. Құранда: «Оларға: Ант етейін! Адамдар мен жындар осы Құранның ұқсасын жасау үшін жиналып, бір-бірлеріне көмекші болса да оның ұқсасын жасай алмайды» деп айт», -дейді. (Исра 88 аят.)

Сол заманда арабтар арасында ақындар, сөзге шешендер көбейді. Олардың сөзге мықтылығы сонша, ақынның бір ауыз сөзінен екі ел бір-бірімен жылдар бойы қырқысып, бір ауыз сөзінен көп жыл бір-бірімен қан төгіп келген екі ел татуласатын. Құран оларды күреске шақырып, шамбайына батар, намысына тиер сөз айтса да, олар орындарынан қозғала қойған жоқ. Осы кезде Алла тағала екінші рет күреске шақырып: «Иә болмаса, «Құранды өзі жасап алды» дей ме? «Егер айтқандарың рас болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатындарыңды шақырыңдар да, сол сияқты жасама он сүре келтіріңдер» де. Егер осы шақырғандарыңа жауап бере алмаса, онда біліңдер, шын мәнінде бұл Құран Алланың ілімімен түсірілген әрі Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ал енді мойынсұнып мұсылман боласыңдар ма?» (Һұд сүресі 11-13) деп айт», -дейді. Яғни Құран секілді бір кітап жазуға шамаларың келмейді екен, ендеше соның тым болмаса, он сүресін жасаңдар. Ол дәл Құранның сүресіне ұқсауы шарт емес. Өйткені ұқсата алмайсыңдар. Сол себепті соның ұқсасы ғана бола қойсын. Яғни Құранның он сүресіне ұқсас он сүре құрастыра алмаса, мұндай қолдан келмейтін іске ешкімнің де көмектесе алмайтындығы айқындалса, бұрында жасай алмағансыңдар және бұдан кейін де жасай алмайтындарың анықталса, «Онда біліңдер, шын мәнінде бұл Құран Алланың ілімімен түсірілген». Яғни, оны түсіруге күші жететін Ұлы Жаратушы ғана. Алла тағаланың ілімі осылай болмақ.

Алла тағала үшінші рет кәпір қауымға «Құранның бір сүресін келтіріңдер» деп күреске шақырады. Бұл хақында алғашқы түскен аят мынау: «Я болмаса «оны жасап алды» дей ме? «Егер айтқандарың рас болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатындарыңды шақырыңдар да, сол сияқты жасама бір сүре келтіріңдер» де», (Жүніс сүресі 38 аят)

Кейіннен Алла тағала адамзаттың бұл жайында әлсіздігін паш еттіру һәм Құранның тек иләһи сөз екенін нықтау үшін ақырғы мына аяттарды түсірген:

«Егер құлымызға түсіргенімізден күмандансаңдар, онда сендер де соған ұқсас бір сүре келтіріңдер, егер сөздерің рас болса, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар. Егер осыны жасай алмасаңдар, әлбетте, ешқашан жасай алмайсыңдар. Ендеше отыны адамдар мен тастардан болған кәпірлерге әзірленген оттан қорқыңдар. (Бақара сүресі 23-24 аяттар.)

Яғни, Құран былайша жар салуда: «Ей, жын мен адамзат! Егер Құранның иләһи кітап екеніне күмәндарың болса, онда қанеки келіңдер!

Хат танымайтын бір адамға мейлі умми болмасын, атақты әдебиетші, ақын болсын, ғалым болсын, тіпті болашақ әдебиетшілер мен пұттарыңның көмегін бірге алып, бар күштеріңді салыңдар да, Құранның ұқсасын жасаңдар. Алайда, жасай алмайсыңдар, онда жасанды он сүре, тіпті болмаса бір сүре жасаңдар. Бірақ болашақта да жасай алмайсыңдар. Әрі иман келтірмесеңдер, қарғыс атсын сендерді. Жаһаннамға кіресіңдер» деп, Құранға сын айтқандардың намысына тиюде.

Алайда олар Құранға қарсы шығып күресе алмаған. Егер олар Құранның бір сүресін жасағанда, мұсылмандармен күресіп, әуре болмас еді.

Әрбір мұсылманды діннен тайдыру үшін сонша тер төкпей-ақ, бір сүре жазса жетер еді. Өйткені ол уақытта Құран пенденің сөзі болып саналар еді де, дағуасынан бас тартар еді. Меккеліктер өте зерек, саясатқа мықты адамдар болған. Осындай кемеңгерлердің оңай жолды емес, ең ауыр, мал-жанына қауіпті, салмағы ауыр, қиын да ұзын жолды таңдауы неде?Олардың өлеңі ардақталып, Қағбаның қабырғасына ілініп тұратын кезде, бір ауыз сөзбен екі елді соғыстырып, бір ауыз сөзбен екі елді татуластырып тұрған кезде, бір сүрені өлеңмен жаза салса болмас па еді?

Жоқ ештеңе айта алмаған. Өйткені өз сөздері мен Құран сөзінің арасы жермен көктей болған.

Ақындардың абыройлары судай төгілсе де, бір сүре келтіруді емес өте қиын жолды таңдады. Бірақ олар әлі бір сүре жаза алмауда, жазбақ болғандары масқара болуда.Оның мысалы мынаған ұқсайды: Жер бетінде біздерге белгілі элементтер бар. Адам баласы соларды пайдаланса, бар-жоғы кірпіш, мүсін, техникалық құралдар жасай алады. Алайда Алла тағала сол элементтерден жанды нәрсені, мысалы, адамды жасайды, жаратады. Қара топырақтан балшық илеп, күйдіріп, үй жасаса, Құдай тағала сол топыраққа жан бітіріп, көктемде үш жүз мың түрлі көк пен жасыл желектерді жаратып, жер бетін көп түрлі кілеммен өрнектейді. Ендеше пенденің Құранға ұқсасын жасаймын дегені балшықтан тірі адам жасаймын деп ұмтылғаны.

Міне, бұл Бақара сүресінің тек бірінші аятына қысқаша жасалған тәпсір.

Бақара сүресінің 255 аятын «Аятул-Курси» деп атайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әр намаздан кейін оқуды өсиет еткен аят. Ұйықтар алдында бір рет оқып жатса өзін, екі рет оқып жатса отбасы мен үйін, үш рет оқып жатса, бүкіл елді-мекенін жаратылыс зиян тигізуінен Алла тағала қорғайтыны хадисте айтылған.

Ал, ең соңғы 285-286 аяттары Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)Миғражға ұшып, Алла тағаламен тілдескенде тікелей берілген аяттар болса, қалған аяттары Жабраил періште арқылы уахи етілген.Бұл  сүреде шариғат заңдары мен бұрынғы Пайғамбарлар (Алланың сәлемі болсын) қиссалары көптеп айтылады.

Міне, қысқаша Бақара сүресі туралы осылай баяндаймын.

 

Мұратбек ЖАХАТОВ,

Асан ауылдық мешітінің бас имамы

Пайдаланылған әдебиет:

«Мәңгі мұғжиза» Мұхитдин Исаұлы.