Жан тыныштығын әркім әрқалай түсінеді. Ол заңды да. Өйткені, жан тыныштығы барша адамзатқа қажет нығмет. Сондықтан кім болса да жан рахатын іздейді. Соған жетуді арман етеді. Жан тыныштығына жеткізер жол да бірдей емес. Біреулер бақытты дүниеден, біреулер байлықтан, біреулер нәпсәни ләззаттан іздейді. Ал, біреулер ұрпақ қызығынан жан тыныштығын тауып, өзін бақытты адам санап жатады. Демек, дүниеде қанша адам болса, сонша жан тыныштығын сыйлайтын құндылықтар қатарын тізбелей беруге болады. Дегенмен, қоғамда жан тыныштығын тауып, өзін бақытты санайтын адамдардың қатары көп емес. Керісінше, қан қысымының көтерілуі, жүрек ауруы, депрессия, өз-өзіне қол жұмсау фактілері өте көп. Осының себебі не? Неге осылай? Тереңірек қарап отырсақ, мұның бәрі түптеп келгенде, жүрек қалауына байланысты. Өз қалауына жете алмай аласұрған жүрек дүниенің ешбір қызығына алданбайды. Бұқар жырау атамыз не дейді, қараңызшы:
Аруды таңдап сүйсе де,
Алтынды үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Арманын қоймас адамзат!
Расында, тыныштық іздеп аласұрған жүрек аруға да, алтынға да, дүниенің бар байлығына да қанағаттанбайды. Себебі, оның іздегені мүлдем басқа нәрсе.
Осы ретте бізді жаратып, бізге тән берген, жан берген Алла Тағала қасиетті Құранда былай деп пәрмен етеді: «Біліп алыңдар! Жүректер тек Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады» («Рағыд» сүресі, 28-аят).
Алланы еске алу деген не? Алла Тағаланы танып-білу, Оның ғажайып жаратылысына ой жүгіртіп таң қалу, қасиетті Құранды оқып, оған амал ету, алақан жайып Аллаға дұға-мінәжат жасау, құдіретті Алла алдында пенделік әлсіздігіміз бен шарасыздығымызды мойындау… Қорыта айтқанда, Алла Тағаламен іштей сырласып, мұң шерту пендені жан тыныштығына бастайды. Адам Алланы таныған сайын білімсіздік пен шүбәдан, аласұрған уайымнан арыла түседі. Осылайша байыз тауып, тыныштала бастайды.
Алла Тағаланы танымаған жан қорықпайтын нәрседен қорқады, уайымдамайтын нәрсені уайымдайды. Алланы еске алудың тағы бір парасы намазға байланысты. Қасиетті Құранда намаздың «еске алудың үлкені» («зикрүл әкбар») деп келетін жері бар. Сондай-ақ намаз – Алла разы болатын ізгі амалдардың хайырлысы. Намаздың мойнымыздағы парыз екенін мұсылмандар жақсы біледі, мойындайды. Алайда түрлі себептермен намаз оқуға мойны жар бермей жүргендер бар. Міне, солардың жүректері әсіресе, беймаза күйде жүреді. Өйткені намаз – парыз, ақиретте сұрауы бар, көп адам оны оқып жүр, ал бұл әлі маңдайын сәждеге тигізген жоқ. Тілімен айтпағанмен, көп адамның жүрегінде осындай бір уайымның бар екені анық. Өзгелердің Аллаға құлшылық жасап жатқанын көргенде, өзін-өзі іштей бұрынғыдан да қатты жазғыратындар бар.
Ал, енді осындай шақтардың бірінде ондай кісі намазға тұрып, Аллаға бас исе, оның ләззатын, әлбетте, тілмен жеткізу мүмкін емес. Нағыз бақыттың дәмі сонда білініп, жан тыныштығы сол кезде сезіледі.
Бір табылған соң бұл бақыт еш нәрсеге айырбасталмайды.
Қысқасын айтқанда, Алланы еске алмайтын жүрек – өлген жүрек. Оны тірілту керек. Тірілткен соң, оны тәрбиелеу керек. Нағыз иман байлығы – осы, жан байлығында. Алла бәрімізге жан тыныштығын нәсіп етсін!
Асылбек Әуезханұлы







