Бүгінгі таңда Құран аяттары маған, яғни менің жеке өзіме бағытталып тұр деп ұғып, оның мазмұнына терең үңіліп оқу жетіспейді десек, артық айтқанымыз емес. Қасиетті кітабымызды осындай көзқараспен қабылдаған жағдайда оның Алладан ғана түкеніне де көзіміз анық жетеді. Өйткені ондай терең мазмұнды қамтитын кітапты жер бетіндегі адамдар жазды немесе оқу мен жазуды білмеген, мектеп-медресе бетін көрмеген Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ойынан шығарды деп ойлаудың өзі – нағыз ақылсыздың ісі. Мысалы, «Фуссилат» сүресінің 12-аятына назар аударып көрейік: «Сөйтіп, Ол көкті екі күнде жеті қат көк етіп қалыптастырды да, әр аспанға өз ісін (міндеттерін) білдіріп, аян берді».
Негізі, Жер атмосферасы тропосферадан бастап езосфераға дейінгі жеті түрлі қабаттан тұратынын және Жер мен Көктің «тіршілігін» сақтап тұру үшін әр қабаттың өзіндік жеке-жеке «міндеттері» бар екенін ХХ ғасырда ғана ғылыми түрде дәлелденгенін көбіміз білеміз. Кез келген қабат өз «міндетін» дұрыс атқармаған жағдайда Жер бетінде алапат ауытқушылық (катастрофа) орын алатынын да бүгінгі ғылым мен технология дәйектеп берген. Тағы бір аятта былай делінеді: «Біз Елшілерімізді анық дәлелдермен жібердік. Адамдар әділдікті ұстансын деп, елшілермен бірге кітап пен әділдік таразысын да түсірдік. Сондай-ақ, темірді жібердік, онда зор күш-қуат пен адамдар үшін мол пайда бар. Алла Өзін көрмесе де, дініне һәм елшілеріне қолдау көрсеткендерді анықтау үшін (жоғарыда аталғандарды) түсірді…» («Хадид» сүресі, 25-аят).
Алла Тағала бұл аятта құлдарына шариғат үкімдерін түсірумен бірге темірді жібергенін, темірде зор қуат бар екенін де баян еткен. Сол темірден қару-жарақ жасап, бейбіт елге зұлымдық пен қиянат жасауға да, сонымен қатар, адамзатқа мол пайда келтіруге болатынын анық білдіруде. Міне, осы ақиқатты VІІ ғасырда паш етіп отырған Құранның қасиеттілігінде күмән жоқ. Сондай-ақ, бұл аяттың соңында темірдің Алланың дініне, Оның Елшілеріне қолдау білдірген құлдар үшін жіберілгенін де меңзейтін мазмұн бар. Басқаша сөзбен айтқанда, темір жер бетін қанды қырғынға айналдыратын қатыгез тирандарға емес, жақсылық пен әділдікке қызмет ететін ұлы елшілерге көмек ретінде түсірілгенін осы аяттан байқау қиын емес.
Демек, Алла Тағаланың қалауы бойынша дінмен бірге жауыздық пен қатігездікке емес, ізгілік пен мейірімге бастайтын ғылым қатар жүруге тиіс. Олай болса, Ислам дінін терроризм, фунтаментализм, экстремизм секілді жаман ұғымдармен әсте байланыстыруға болмайды.
Қазіргі технологиялар дәуірі тұрғысынан осы аятқа зер салсақ, адамзат баласына, соның ішінде мұсылман жүртшылығына ұлы үндеу бар. Темірді қолдана отырып, құрал-саймандар жасау, зауыт-фабрикалар ашу, құрылыстар жүргізу Алланың дініне қолдау көрсетуге жатады.
Ал, адамдарды қырып-жою мақсатында қару-жарақ жасау – Алланың ұлы дініне теріс іс болып саналады. Демек, қаруды адамзат баласын өлтіру үшін қолданудың өзі үлкен күнә.
Бұл аяттың астарында Алла Тағала бүгінгі жастарды темірдің қыр-сырын үйренуге, математика, физика, химия ғылымдарын оқуға, инженер, механик, конструктор болуға шақырады. Бүгінгі мұсылман жұртшылығы, өкінішке қарай, түрлі ағымдарға бөлінуден, біріне-бірі қастық ойлаудан әрі аса алмай отырған жайы бар. Құранды тек оқып қоймай, аяттың тереңіне үңіле білу өте маңызды. Бүгінгі мұсылман жастары осыған мән беруі тиіс.
Сөз соңында тілеріміз, Алла Тағала көкірек көзімізді ашып, қасиетті Құранды дұрыс оқып, дұрыс түсіне білуді нәсіп етсін!
Асылбек Әуезханұлы,
исламтанушы







