Адам ата мен Хауа ананың жаратылысы туралы “Ниса” сүресінің 1 аяты мен “Нахл” сүресінің 72 аятында (мин нәфсин уахида), яғни бір жаннан жаратылғандығы баяндалады. Құранда әйел адамның еркектің қабырғасынан жаратылғандығы туралы қандайда бір сөйлем келтірілмеген.
Олай болса ортада сұрақ, «әйел еркектің қабырғасынан жаратылған» сөзі қайдан шыққан?
Бұрмаланған Тәуратта әйелдің жаратылуы былайша сипатталады: "Тәңір Адам атаны қатты ұйқыға батырды, ол да ұйықтады, Тәңір оның бір қабырғасын алып, оның орнын етпен жауып тастады. Ал Жаратқан Ие Адамнан алған қабырғасынан әйел жаратып, оны Адамға әкелді". (Таурат-Жаратылыс 2/21-22).
Құран аятында келтірілген (Мин нәфсин уахида) сөзі- бір тұтас болмыс, бір жан, бір кісі, бір рух дегенді білдіреді. Тәуратта айтылғандай, Алла Тағала алдымен Адамды бір жан ретінде жаратып та, кейін оның қабырғасынан Хауа анамызды жаратқаны сияқты емес. Алла Тағала Құранда Адам ата мен Хауа ананы тек бір жаннан жаратқандығын баяндауда.
Демек, еркек пен әйелдің алғашқысы бір жанның жұптасуы арқылы бір уақытта және бірге жаратылған. Басқаша айтқанда, бүтін барлық белгілерімен екі бөлікке бөлінді. Ер адам қандай болса, әйел де сондай. Өйткені, әйел еркектің қабырғасынан жаратылған жоқ, оның қисықтығы да, кемшілігі де жоқ. Ер мен әйел бір жанды екіге бөлу арқылы қатар жаратылған. Бір бүтін (жан) барлық белгілерімен жұптасып, екі бөлікке бөлінгендіктен, әйел де еркекпен теңдей дәрежеде. Алланың алдында екі жыныстың арасында құн мен құқықта абсолютті теңдік бар. Алайда ерлер мен әйелдерге жаратылыс ерекшеліктеріне қарай бөлек міндеттер жүктеліп, бір-бірін толықтыру міндеттелген.
“Курани хаят” журналы, “Әйел және Құран” бөлімі, “Құрандағы әйел адамның құқығы”, автор: Хайдар Өзтүрік. (мамыр-маусым, 2017, 11 бет ) Аударған: Ахтанова Айзада Асқарқызы