Жалпы қайбір заманды алып қарасақта тәрбие, отбасы, үлгі, өнеге деген мәселелер ешқашан өз өзектілігін жоғалтқан емес, бәлки уақыт өткен сайын одан сайын кең ауқымды мәселелердің бірі болып қарастырылуда.
Басқа халықтар сияқты қазақ елінің де ұрпақ тәрбиелеуде мол тәжірибесі, жиған — тергені, озық ойлары мен өзіндік туындылары бар. Бұл тарихы мол жәдігер принціптерін жастардың санасына сіндірмейінше оларды ізгілік пен парасаттылыққа тәрбиелеу мүмкін емес.
Мақал-мәтелдер халықтың тұрмысына, өміріне байланысты туғандықтан, олардың тақырыбы да алуан түрлі. Мақал-мәтелдердің тақырыптарын былай топтастыруға болады: еңбек пен кәсіп, өнер мен білім, халық және қоғам, тұрмыс және салт, адам және тәрбие, батырлық пен ерлік т.б. Осы тақырыптардың ішіндегі адам және тәрбиеге қатысты мағлұматтарды алар болсақ оның ішінде өзіне сай тәрбиені бөліп жіктеп қарастыруға әбден болады.
Мысалға қыз тәрбиесіне қатысты «ырысқа қарай ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «қызды асырай алмаған күң етер, ұлды асыра алмаған құл етер», «қызды қырық үйден тый», « Қызынды өзге үйге қондырма, ұлынды өзге үйден тойдырма» сынды мәні мен ерекшелігі басым мақал — мәтелдерді байқай аламыз. Жалпы, қыз баланың тәрбиесі, жүріс тұрысы, ибалығы мен инабаттылығы, болашақ жар мен аяулы ана болу принциптерін осы тұста көре аламыз. Мақал — мәтелдердегі тәрбие негізін жалпы бірнеше пунктерге бөліп қарастырсақ болады
- Ақыл — ой тәрбиесі. Ақыл-парасатқа жүгіне отырып, адам дамиды, ой өрісі кеңейеді, сол арқылы болашаққа деген көзқарасы ерекшелене түседі. («Ақылды қыз білімге жүгірер, ақылсыз қыз сөзге ілінер», «ақыл тозбайды, алтын шірімейді», «ақылы асқанды аға тұт»);
- Еңбек тәрбиесі. Қайбір заманды қарасақ та, еңбек еткен адам жеңілген емес, бәлки үлкен жетістіктерге жетіп болашағы жарқын болған. Ұрпақ тәрбиесіндегі еңбек үлкен маңызға ие десек қателеспейміз. ( «Жақсы әйелдің қолы ұзын, жаман әйелдің тілі ұзын»);
- Дене тәрбиесі. Рухани, ішкі жан дүние тәрбиесінен бөлек физикалық тәрбиеніңде алар орны бөлек себебі жанның саулығы тәннің саулығымен қатар жүрмек. ( «Денсаулық зор байлық», «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»);
- Әдеп тәрбиесі. Әдеп тәрбиенің бастауы, себебі Әль — Фараби атамыздың керемет сөзі бар әдеп, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы.(« Әдепті бала арлы бала, әдепсіз бала сорлы бала», «Әдепті елдің қыздары, қырмызы қызыл жібектей»);
- Эстетикалық тәрбие. Айналамыз бен табиғатқа қарап ой — өрісті кеңейту тәрбиенің өзектіліктерінің бірі. Себебі, айналадағы әдемілікті сезіне білген адам адамның жан дүниесінің көркінде көре білмек. («Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ», «адам көркі шүберек»);
Қазақ халқы болашақ ұрпаққа тәрбие сіңірерде астарлап, шамына тимейтіндей мақалдап, көңілін көтеретіндей мақтап отырған. Біз мақал — мәтелдердің қыз бала тәрбиесіне қосар үлесін зерттей келе жалпы мақал — мәтелдердің ішінде өзекті деген тұстарын жіктей келе олардың мән мағынасын бірнеше көзқараспен ашып қарастыруға тырыстық. Мысалға қазақ мақал — мәтелінің танымал тұстарының бірі «Қызды қырық үйден тый» деген өнегелі тіркеске мән берсек мағынасы тереңде екенін сезінеміз.
Қазақ қоғамында және тәрбиесінде «Қызды қырық үйден тыю» деген тіркес жалпы қыз баланың тәрбиесіне тек бір отбасы емес, бәлки ауыл, ел жұрт, тума — туыс, көрші — көлең барлық қазақ елі болып көтерер жүк және жауапкершілік екендігін аңғартады. «Тыю» деген сөздің астарында оны айналасындағы барлық іс — әрекеттерден қағып, бодандықта ұстау емес, бәлки, тәрбие негізінде өсіріп, қыз баласына сай үлгі өнегеге үйрету, ақ пен қараны ажыратқызу. Осы тұста Ж.Баласағұнидің мына бір өлең — шумағы еске түседі:
Әйелді үйде қатты күзет, қорғанда,
Әйелдің іш тысы бірдей болған ба?
Әйелді үйден шығарма, жат кіргізбе,
Жолдан таяр, жаттың көзін тигізбе.
Қазақ қыз бала мүшел жасқа таясымен: «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп баланы әке мен ана өз қарауларына бөліп алады. Бұл іс –әрекеттің себебі екеу: бірі – осыған дейін сыртта да, үйде де бірге ойнайтын қыз ұлдардан бөлініп, шешеге бейімделеді. Бірі – қазақта қыз балаға әкенін ақырмауы, қол тигізбеуі – жылжымайтын, бұзылмайтын заң. Ұл мен қыз «әкесін көріп оқ жонуға, шешесін көріп тон пішуге» әдет алатыны да осы кез.
Тарихшы профессор Тәттігүл Қартаева әскери зерттеуші Әбубәкір Диваев 1880жылы Сыр еліне экспедиция жасаған кезде тәрбие, отбасы тұрғысында ырымдар мен тиымдарды Перовсктың қазағы Мұхамедәли Шахмұратовтан түртіп алған. Ә.Диваев өзінің «Приметы» кітабында (1896) қыз бала тәрбиесіндегі тиым сөздерді былай деп жазады : «қыз бала босағада отырмайды, ол төрге, яғни ақсүйектер мен абыройлы адамдар отыратын жерге отырады. Отбасы мүшелері ұлмен қандай дәрежеде мәміле жасаса, бойжеткенменде дәл сондай мәміле жасайды, оны құрметтейді» . Жалпы қырық тиым ол қыз баланын бүткіл өмірін, жүріп тұру қағидаларын қамтитын заңдылық десекте болады. Қыз бала осы тиымдарды берік ұстанса өмірі мәнді, болашағы жарқын, басқан қадамы нық болары сөзсіз. Сырт көзге назар аударсақ «тиым» деген сөздің өзі өрескел, шектеу ретінде естіледі, алайда оның астарында үлкен мән, қыз баланың болашағының қамы жатқаның ақылды адам ойланары әбден құп. Ол қандай тиымдар дер болсақ Нәпсіқұмарлық, көрсеқызарлық, алдау, өзімшілдік, қызғаншақтық, шектен тыс сылануға, айқай, тәкаппарлық, өзгені жәбірлеуге, адам мен жануарды тебуге, тарс тұрс етуге, әдепсіз сөзге, күйеуге қашып тиюге, жат адамдармен араласып жатуға, түнде суға жалғыз баруға, қатыгездікке, ысырапқа, бет жыртысуға, қараулыққа, ұрысқа, шылым шегуге, атын атауға, үлкендердің жолын кесуге, ғайбаттауға, ата салтты сақтамауға, кісі алдында киім ауыстыруға, көп ұйықтауға, қызыл іңірде жатуға, қылымсуға, ұятты жерлерін ашып жүруге, ұрлыққа, тамақты қомағайланып жеуге, шалқайып жатуга, талтайып отыруға, есіңеуге, сумаңдауға, суық жүріске, өсекке, өтірікке, басқаларға қол тигізуге, орынсыз ұрынуға, сыпсындап сөйлеуге, айқайлап күлуге, жалғыз қыдыруға, жарыса сөйлеуге тиым.
Тиымдарға мән беріп қарасақ имандылық принциптері осы тұсқа жиналғанын байқаймыз, ал мақсат идеал халге жетуге тырысу, тіпті десек сол жолда жүруге тырысу. Осы тұста Абай атамыздың: «Болмасанда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз»,- деген өлең шумақтары еріксіз еске түседі. Сонау шетел әртістері мен танымалдарына еліктеу арқылы батыс саясатының қармауына іліну емес, бәлки ата — бабамыз ертеден қалыптастырып кеткен тәрбиелік мәні зор осы тиымдарды ұстанған әрбір қазақ қызы шынайы тәрбие, жарқын болашақ, өмірлік бақытты келін, сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әйел, өнегелі ақ жаулықты әже рөліне әбден лайық болары сөзсіз және қыз тәрбиесінің басты мақсаттарының бірі осы негізге жүйеленген деп әбден айшықтай аламыз.
Сонымен қатар «Қыз – ауыл көркі» деген мақалды қарастырар болсақ мән — мағынасы тереңде жатқанына тағыда көзіміз жетпек. Қазақ қызының сөйлеуінде де, күлуінде де, еркелеуінде де, тіпті ренжуінде де, ас ішіп, ас әперуінде де, отырысыңда да әдемілік әрі әсемдік бар. Бұл тәрбиені алдымен анасы, кейін ауыл адамдары және оны салт — дәстүр арқылы үйренген. Қыз тәрбиесіне қатты күлуді, көп сөйлеуді, қомағайлықты жат санаған. Жалпы бұрынғы қазақ қыздары мектеп пен медреседе этика мен эстетиканы мұғалімнен дәріс ретінде оқымағанымен, үйде олардың қазақы қасиетін анасы мен ауыл адамдары үйреткен. Сондықтан да олар әдепті, әсем болды. Ата — бабамыз қыз баланың психологиялық ерекшелігін жете түсінгендіктен оны тәрбиелеуде мейрімділік, биязылық, салмақтылық, әдептілік әдістерін қолданған. Ананың жылы лебін, ақыл-ойын, аялы алақанын, шаруақорлығын жүрегімен сезіп, көзімен көрген бала әдепті, адамгершілігі мол, дені сау болып өсетінін жақсы білді. «Қыз жағадағы құндыз, жігіт – аспандағы жұлдыз», «Қыз кетсе-қызық кетер», «Қыз қылығымен сүйкімді», «Ырыс алды – қыз», «Қарағым-шырағым, ауыл көркі – ақ лағым», «қызы бар үйдің қылығы болар» деп оларға үлкен сеніммен үміт артты. Болашақ ана ретінде қадірлеп, қазіргі кезге дейін «ер адам алдында ашылатын есігімен сыйлы, әйел адам алдында тербелетін бесігімен сыйлы» деп зор міндет жүктейді. Жазушы Ғ.Мүсірепов өз сөзінде: «Қазақта қыз баласы тұрмысқа шықпас бұрын екі түрлі жұмыс жасаған. Оның бірі: көлден су әкелу, екіншісі шәй құю. Қалған жұмыстарға тұрмыс құрғаннан кейін машықтанады», — деп қыз балаға өте мұқияттылықпен қарағандығын меңзейді. Тарихшы, профессор Т.Қартаева қазақ қоғамындағы қыз баласына ерекше құрмет көрсететіні туралы құнды ойларымен бөлісті. Ол : «қазақ әйелінің еркіндігі оның салтанатымен білінеді. Қыз кезінде мейірім мен махаббатқа бөленген болса, өскен кезде ұлтын, отбасын, елі мен жерін сүйіп, сол тәрбиені өз балаларына үйрететін қамқор ана болары сөзсіз. Сол себепті оның тәрбиесіне кішкентайынан көңіл бөліп, «қызды қырық үйден тый», «қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол» деген өнегелі сөздер осының айғағы екендігін көреміз.
Халқымыз қыз балаға дөрекі сөйлемей, әрдайым «Қыздың жолы жіңішке» деп айтады. Бұл сөздің мағынасына зер салуды жөн көрдік. Жалпы, қыз жолы жіңішке әрі өте ауыр сынақтарға толы болмақ. «Жақсы болсын тегі, заты, тұқымы, пәк ұяты болсын жанның тұнығы» деп орта ғасырлық ғұлама Жүсіп Баласағұн айтқандай, қыз бойындағы пәктік, тазалық, тәрбиелік, ар-ұяттың мөлдірлігі басты қасиет екендігін таразылап, оның мына өлең шумағын айтпақпыз:
«Елден елді- аралап,
Тектіден текті- саралап,
Нұсқасын байқап шамалап».
Жіңішкелігіне назар аударсақ, сол жолмен өз төркініңде еркелік пен махаббатқа бөленеді, кейін «Қыз мұраты кету» деген қағидаға сай тұрмыс құрады, өзге үйдің отының түтетеді. Бөтен үйге судай сіңіп, тастай батудың өзі үлкен ауырлық. Ата — енені де өз әке — шешесінде ойлай отырып орта жолды ұстану, қыз дәурені аяқталып, келіндік міндетін атқару, барған жерін өз үйіндей қабылдау қыз баланың міндеті.
Жалпы қазақ халқы қыз баланы ислами құңдылықтар мен имандылық негізіне сай тәрбиелеген. Кішкентай кезінен бастап киімінінен бастап, іс-әрекеттеріне аса мән берген бабаларымыз қазақ қыздарын иманды, ибалы, инабатты етіп тәрбиелеп отырған.
“Қазақстан адам ресурстары” ЖМ-нің
теолог маманы Кенжин Ерлан Аютұлы