Наурыз мерекесі келген кезде адамдар күнделікті қарбалас тіршілігінен бір сəт бас көтеріп, тағы бір жылды аман - есен артқа еңсергендеріне қуанатыны белгілі. Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен Наурыз мейрамы - салт -дəстүрімізбен біте қайнасқан, түркі тілдес халықтарға ортақ мереке.
Қыстың көзі қырауда, шаруаның жайымен жүріп қалған ағайын көктем шығып, малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейгеннен кейін амандық-саулық сұрасып, бір-біріне сəлемдесе барады.
Ислам дінінде негізгі мейрам Ораза айт пен Құрбан айт болып саналады. Ал, Наурыз мерекесі қазақтың салт-дəстүрімен біте қайнасқан ерекше мейрам. Наурызды бұрынғы парсылардың сеніміндей етіп тойлау Ислам дініне қарама-қайшы екені белгілі. Алайда, бүгінде қазақ халқыНаурыз мерекесінде алаулатып от жағуды үрдістен шығарған. Себебі, Ислам сенімі бойынша отқа табыну -Аллаға серік қосу болып саналады.
Əдет-ғұрып фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дəстүрлері Ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дəстүрлер сақталады. Шариғат дінге теріс келмейтін дəстүрлерге рұқсат еткен.Мəселен, келіннің сəлем салуы немесе 14 наурыз — Көрісу күнін айта аламыз.
Наурыз жоғарыда атап өткеніміздей, діни мейрам емес. Бірақ, қазақтың салт-дəстүрінде ерекше орны бар құбылыс. Фиқһта «Харам үкімін тудырған себептің жойылуы-үкімнің де жойылуына алып келеді» Бұны ашып айтар болсақ, бұрынғы шамандықтан қалған отқа табыну секілді харам істердің қазіргі таңда қолдануда жойылғаны себепті Наурыз мерекесі қазақтың салт-дəстүріне айналды.
Елімізде наурыз қалай тойланады?
Наурыз мейрамында киіз үй тігіледі, бауырсақ пісіріп, көже ашытып, көкпар, арқан тартылады, асық ойнатылады. Ғасырлар бойы ата- бабамыздан қалған жәдігер- дәстүріміздің ұлт болып ұйысуға, ұрпақ тәрбиесіне, адамгершілікке баулитын не бір асыл салттары салтанат құрады бұл күні! Төл дәстүріміз насихатталады. Аллаға шүкір, бізде кейбір елдердегідей Наурыз мерекесін отпен байланыстырмайды.
Дастарханда Құран оқылып, ақсақалдар бата беріп, қақаған қыстан елімізді аман шығарғанына Аллаға шүкіршілік айтылып, елдің амандығы тіленеді.Мұсылман жұртшылығы бұл айтулы мерекені атап өткенде отты айналу, оттың үстінен аттау тағы да басқа мәжусилерге тән әрекеттерден аулақ болуға тиіс.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Наурыз мерекесінде дінімізге жат əрекеттер мен ішімдік ішу секілді бұрыс істер орын алмауы қажет. Жыл басы- Наурыз мейрамы құтты болсын, жамағат!
Гүлжәмила АХМЕТОВА,
ҚМДБ ның БҚО бойынша «Әйел-қыздар»
секторының жауапты өкілі