Теріс ағымнан оралған жігіт:
«Өмірге қайта келгендей болдым»
Орал қаласының тұрғыны Хамит Хамитов (есімі өзгертіліп алынды) діни теріс ағымға еріп, жихадқа кетуді мақсат етіп, оңбай адасқан азаматтардың бірі. Ол терроризмді насихаттағаны үшін айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жақында бостандыққа шыққан Хамит: «Өз басым түрмеден шыққан соң, өмірге қайта келгендей болдым. Ханафи мәзһабын ұстанушылар көбейіп, мешіт жамағаттары ынтымаққа бет бұрыпты. Өзара мәре-сәре болып, емен-жарқын араласады екен. Татулықтың күшті екенін ауызашар кезінде көріп жатырмын. Жамағат ешкімді жатсынып, бөліп-жарып жатқан жоқ» дейді. Бүгінде қателігін түсінген Хамит жастардың жат ағымның жетегінде адаспауы үшін діни білімді мешіт пен теологтардан алу керектігін айтады.
2002 жылы намаз оқуға ниет еткен Хамит мешіт ұстазынан сабақ ала бастайды. Сөйтіп көп кешікпей Әбу Ханифа мәзһабымен құлшылықты бастаған. Бірақ, намаз оқуды жаңа ғана бастаған діни сауатсыз жастарды бағып, өз қатарларына қосып алуды мақсат еткен псевдосалафилердің қармағына түсіп қалады. Олардың уағызын тыңдаған Хамит өзінің қалай теріс жолға бұрылып кеткенін байқамай да қалған.
«Уақыт өте келе «жол көрсетуші» теріс ағым өкілдері табылды. Басында олардың ұстанымымен келіспей жүрдім. «Баламды да Әбу Ханифаша оқытам» деп ойлаған едім. Кейін олардың уәждері мені иландыра бастады. Айтқандарының бәрі дұрыс сияқты көрінетін. Қазақтардың Түркістанға барып, әулиелердің аруағына сыйынып жатқанын «адасушылық» деп теріске шығарды. Осындай қате үгіт-насихат дәстүрлі мәзһабты тәрк етіп, сәләфизм бағытына түсуіме әсер етті» дейді ол.
Олар Хамитқа жихад туралы да айтады. Өзі де осы бағытта интернет қопарып, ниеттес адамдарды іздей бастаған. Сөйтіп 2007 жылдары шешендердің бүлікшілер тобының жетекшісі Докка Омаровпен байланысады. «Ауғанстанда «жиһад парызын орындап жүрген» екі шешен жігітімен «Агент mail.ru» әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шықтым. Олар әскери қызметін адал атқарып жүргендерін айтып, мені ауғанстанға шақыра бастады» дейді Хамит.
Нәтижесінде олар кездеседі және қайда дейсіз ғой! Хасан деген шешен жігіті Хамитпен кездесу үшін әдейі Орал қаласына келіпті. «Мен уәде беріп қойған соң, кездесуге бардым. «Ислам жолы – жиһадқа шығу парыз екенін» айтып, бірге кетуге үгіттеді. Саяси ұстанымдарын,, Докка Омаровтың сарбазы екенін айтты. Бірақ оның әңгімесіне аса сене қойған жоқпын» дейді ол.
Бірақ Хамиттың қасындағы оралдық теріс ағымдағы жігіттер: «Қазақстанға хақ дін жаңадан келді. Бұрын араб елдерімен тікелей қарым-қатынас орнамаған себепті ата- бабаларымыз нағыз дінді білмеді. Қазақтар Құран оқып, намазға жығыла тұра діни ілімі терең болмағандықтан тура жолда болмады» деп үйретіпті. Есіл- дерті жихадқа ауған Хамит Ауғанстанға кетіп, «Шаһид» болып өліп, жәннатқа түсетіне қатты сенеді.
Хамиттың ұстанған бағытының қате екенін құқық қорғау органдары бірнеше рет ескерткен. Алайда бағытынан, ұстанымынан қайта қоймаған ол ақыры темір тордың аржағынан бір-ақ шығады.
«Менің қателігім – интернет арқылы діннің дұрыс-бұрысын ажыратпай, өз бетімше үйренуім болды. Докканың уағыздарын көп тыңдадым. Отбасымда және туыстармен кездескенде дастархандағы етті жеуден бас тартатынмын. Әруаққа құран бағыштауды, намаздан соң тәспих тартуды мойындамадық. Жиһадқа шығуға аңсарым ауды да тұрды. Мұның радикалды идеологияның әсері екенін білмедім. Ең алдымен, дұрыс қарым-қатынасты өзімізден, отбасымыздан бастауымыз керек екен. Өзгенің қолымен шоқ көсеп отырып, жат елдегі отты өшіруге құмар болу – адасушылық. Бүгінде көзім ашылды, Сирияның лаңкестік ұясына, тіпті, белгісіз күштердің шайқасына арналған сынақ алаңына айналғанынан хабардармын. Онда түрлі мүдде қақтығысып жатыр. Ел жік-жікке бөлініп, Ислам жолында деп есептелінгендер бір-бірімен соғысуда. Қан судай ағып, адам денесі паршаланып жатқанын БАҚ арқылы көрудеміз. Содан мұның исламға сорпасы қосылмайтынын білдім. Яғни, бұл қантөгістің жақсылыққа апармайтынын, мұның бәрі алпауыттар арасындағы сорақы саясат екенін түсіндім» дейді ол.
Темір тордың аржағынан жазасын өтеп шыққан жігіт сәләфизм жамағатының түрлі тармаққа бөлініп кеткенін, ал кейбіреулері томаға-тұйық өмір сүріп жатқанын айтады.
Хамиттың бір тілегі бар. Ол өзі сияқты қателікке ұрынып, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан жігіттер үкіметтің арнайы тағайындаған бір реттік қаржысын қолына алса екен дейді. «Көбі баспана, жұмыс таба алмай жүріп қалады. Сол себепті тұрмыстан қиналып кеткен кейбірі қайтадан жат ағымға оралуға, көзқарастарын қайтадан өзгертуге мәжбүр болып жатады. Сондықтан үкімет тарапынан қоғамға бейімделіп кеткенше әлеуметтік қызметкер тағайындалса екен» дейді Хамит.
О баста интернет арқылы білімін ашып, теріс ағым иелерінің уағызын тыңдап, дұрыс жолдан адасып, жиһадқа барып шаһид болуды аңсаған Хамиттың о бастағы көзқарасы мүлде өзгерген.
«Жиһад дегенді мен бүгінде өз нәпсіңмен күресу, ғылым-білімге ұмтылу деп түсінемін. Еліміздің өркен жайып, дамуына үлес қосуымыз керек. Білімді ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Мұнайымызды өзіміз өндіретін технологияға қол жеткізіп, жерімізді шаруашылыққа дұрыс пайдалануға ден қою қажет. Бүгінде құрылыс саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жігіттермен нәпақа табудамын.Сұрақтар туындаса, мешіт имамдарынан, теологтардан сұраймын. Бұрынғыдай емес, білімді мамандар көбейген. Кейде мешітке республикалық ақпараттық-түсіндіру топтары келсе, білікті теологтарға арнайы барып жолығып, сұрақтарыма жауап аламын. Алдағы уақытта діни танымымды тереңдеткім келеді» дейді Хамит.
Түйін
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң»дейді дана қазақ. Өзінің айтуынша, сүттей ұйыған отбасында, қызын қияға ұшырып, ұлын ұяға қондырып, өмірін дұрыс арнаға бұрған Хамитке біз сендік. Ылайым, әрбір қазақ шаңырағы ата- баба жолынан таймай, салт- дәстүрін ұстанып, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, ділі мен тілін сақтап, исламның асыл қағидаларын бұзбаса екен деген тілектеміз біз де!
Ұлдай САРИЕВА,
Орал қаласы