Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, т.б туралы
Жалпы ұлттық діл мен рухани құндылықтар өзара тығыз байланысты ұғымдар. Халықтың тарихи санасында айқындалған рухани құндылықтарымыз ділімізге сіңген ата-баба дінінен көрінеді. Дін мен діл бір-бірімен тығыз байланысты. Дін мен діл, тіл мен дәстүр руханиятымыздың және тектілігіміздің қайнар көзі.
Ислам құндылықтары халқымыздың дүние танымында, әдет-ғұрпында, өмір тіршілігінде үйлесімді орнығып, ұлттық діліміздің рухани нәріне айналып, руханиятымыздың негіздерінің бірі болып отыр. Ислам діні мен мәдениетінің қазақ жеріне келуі мен орнығуы рухани өркендеуге жол ашты.
Ислам діні мен руханиятын қабылдаған түркі халықтары арабтық ассимиляцияға ұшырамай, төлтума тілі мен әдебиетін өркендетіп, әлемге әйгілі болды. Түркі тілі мен әдебиетінің, түркі философиясы мен руханиятының дамыған кезеңі ислам діні мен мәдениетінің кең қанат жаюымен етене байланысты. Ежелгі түркілер ислам діні мен ілімін қабылдағаннан кейін түркі әлемінде өрлеу байқалып, ортағасырлық мұсылмандық ренессанс атауына ие болды.
Тарихы тереңде жатқан халқымыздың орта ғасырлық тарихы мен мәдениеті ислам діні мәдениеті негізінде дамыды. Орта ғасырлық қазақ жерінде Отырар, Кедер, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Жент, Баласағұн, Сайрам-Исфиджап, Тараз, Меркі қалалары мәдениет пен ғылым ордалары болды. Мешіттер мен медреселердің жанында ірі кітапхана қорлары болды. Бұл кітапханаларда дін ғылымы, философия, әдебиет, жаратылыстану ғылымдарының көрнекті майталмандары қолжазбаларды шығарумен айналысты. Бұл қолжазбалар мен кітаптар Ислам дінінің ілімдік негіздері, дін тарихы, пайғамбарлар өмірі, хадис ілімі және мұсылмандық шарттар, Ислам ахлағы, діни аңыздар мен хикаялар туралы баяндайтын. Мешіттер жанындағы медреселер білім мен ғылым ордасы ретінде қызмет етіп, халықтың рухани сұраныстарына өтумен қатар, білім мен ғылымның дамуына да үлес қосты.
Орта ғасырда қазақ даласынан шыққан ғұламалар Әл Фараби мұралары, Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік», Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих и Рашиди», Ахмет Иүгінекидің «Хитабул Хақаиқ» еңбектері Ислам мәдениеті аясында жазылған жәдігерлер. Түркі ойшылдары Ислам мәдениеті мен ғылымының өркендеп өсуіне елеулі ықпалын тигізді.
Ортағасырлық көне жазбаларда Отырар қаласы туралы деректер кездеседі. Қазақ даласындағы ғылым, мәдениет, руханият орталығының әйгілісі Отырар (Фараб) қаласы болды. Отырарлық Әбу Насыр әл Фараби діннің өмір мәнділік мағынасы туралы былайша сөз қозғайды. «Дін дегеніміз -Жаратушының қалауынан туған пиғыл мен қимыл. Діннің жәрдемімен барлығымыз өзіміздің түпкілікті мақсатымызға жетеміз».
Қожа Ахмет Йассауи «Алла дегенге жын-шайтан жоламайды. Алланың ақ жолынан өзге жолда қайран жоқ. Имансыздар өздерін өлмейтіндей көреді. Имансыздың көңіл көнегі ешқашан толмайды» десе Жүсіп Баласағұн «Сайтан сүйгенді — құдай сүймейді. Көтерген де — тәңірі, ел берген де – тәңірі» деген. Яғни діннің біз үшін берері мол.
Қорытындылай келгенде, сан ғасырлық Еуразия өлкесінің тарихы, қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі екендігі айшықталды. Өйткені, еліміздегі ислам діні бейбіт жолмен сіңісті. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда біздің территориямызды мекен еткен ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы арқылы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды орынға ие екендігі дәлелденді. Ислам діні ешқашан да өз тарихында ұлттар мен ұлыстардың өзгешелігін жоққа шығармаған. Керісінше, ислам дінінің таралу өркендеу тарихындағы түркі –ұлттарының оның ішінде қазақ халқының орны ерекше. Қазақ даласының сұлтаны Көшім ханның ислам дінінің сонау қиыр Солтүстікке дейін орнығуына ықпал жасаса. Бүгінгі Қазақстан конфессия аралық қатынастардың тұрақтылығымен ерекшеленетін тәуелсіз мемлекет.
М. АБДРАХМАНОВ,
Орал қаласы «Тәжиден Батырұлы»
мешітінің бас имамы