Slider

Ақын-жыраулар мұрасындағы имани, рухани негіздер

Қазақ идеясының қалыптасуын қазақ хандығы құрылған дәуірмен ұштастырсақ, алдымен ұлттың қалыптасып, оның мүддесінің дамуына негіз болған қазақ жырауларының ой толғамдарына тоқталу қажет. Жыраулар руханиятындағы идеялар, елдің болашағына сын көзбен қарап және ұлт қажеттіктерін саралау негізінде туындап отырған көзқарастар, қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымдық негіздерін анықтай түсетін тұлғалар феноменінің мәдени жүйесінің жарыққа шығуына негіз болмақ.

Ата мекен болмысын жан-жақты зерделеп, әлеумет тұрмысын жақсарту мақсатында, тарихтағы ел өмірінің дәстүрлі тәжірибесіне сай шаруашылық түрлерін дамыту қазақ хандарының міндетіне жүктелген елдіктің бірі болып саналса, бұл идеяның келер ұрпақ буынына одан әрі жалғасын табуына негіз болып отыратын жыраулардың даналығы.

Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы мен рухани ізденістері

руханиятымыздың қалыптасуына ықпал еткен негіз болды. Ақын-жыраулардың шығармаларында адам, қоғам, дін, дәстүр, әдеп мәселелері негізгі орын алды. Қазақ ақын-жырауларының рухани ізденістері халықтың салт-дәстүрі мен дінімен, өмір салтымен тығыз байланысты болды. Сондықтан да олардың рухани ізденістерінде қазақ қоғамының рухани болмысының түйткілді мәселелері иман негіздері көтерілді.

Қазақ ақын-жыраулары халық мұң-мұқтажын жырлай отырып, елдің хал-ахуалын, зәрулі мәселесін ел тұтқаларына жеткізеді. Философ-ғалым Қ.Жамалов: «Қазақ ақын-жыраулары өзі өмір сүрген кездегі елдің рухани болмысын дұрыс тани білгендіктері шығармаларынан көрініп тұрады» — деп көрсетеді .

Жыраулардың руханиятында ел мүддесінің болашақ тағдыры тұрғысында көтерілген идеялар ел мен ата мекеннің, аға ұрпақ буынның рухани бейнесін тарихи тұрғыда анықтап отыратын шындық. «Қазақтың – деп жазады Х. Досмұхамедов, — жеке өмірінің барлық сәттері – туғаннан бастап өмірден озғанға дейін, сондай-ақ тұтас халықтың немесе жеке рудың қоғамдық өміріндегі барлық оқиғалар халық әдебиетінде жырланады» [31]. Дүниетаным шексіз, шекарасы жоқ рухани әлем. Адам бар жерде дүниені тану, қабылдау, сезіну бар. Ал, ұлт бар жерде дүниені тану мен қатар игеру, яғни дүниетанымдық құндылықтардың өмір сүрері анық. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақ жыраулары ұлт болмысының тағдырына сын көзбен қарауда оның ұлттық рух пен үндескен тарихи-әлеуметтік кеңістігін өздерінің рухани кітапханаларында сақтап қалған. Сонымен қатар жырауларымыздың философиясының мазмұнын зерделеген сайын, сол дәуірде ел, жеке адам, жер тағдыры үшін қоғам шындығы тұрғысында ойланған зиялы адам бейнесі де көз алдымызға келіп отырады. Әрине тарихымызда тұлға феноменінің тарихи шындығын, қалыптасу ерекшелігін анықтайтын дерек көп. Жырау феномені арқылы дүниетанымдық өрісін кеңейтіп,  имани рухани негіздерін тереңдігін сақтап келген қазақ философиясының болмыс бітімі де байыппен қараған адамға күрделі құбылыс ақиқатын танытары сөзсіз. Қазақ жерін мекен еткен кез-келген түркі-ислам өркениетінің тұлғалары сөз басын  ұлы Алланың құдіреттілігі туралы бастаған. Мысал келтіретін болсақ, ерте ортағасырдағы ұлы тұлғалардың бірі – ғұлама, ойшыл, мемлекетшіл ақын Жүсіп Баласағұни. Ғұламаның «Құтты білік» дастаны — әлеуметтік-философиялық трактат әрі түрік дүниесінің алғашқы поэзиялық жазба кітабы болып табылады. Оның:

Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!

Шексіз құрмет, шүкіршілік мың да бір,

Ол мәңгілік, Хаққа лайық кіл қадір.

Жаратты Ол: жасыл көк, ай, күн, түнді,

Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді.

Қалады да жаратты бар болмысты,

«Бол!» — деді де, бірден бәрін болғызды — деген жыр шумақтарынан терең философиялық ой, кең ауқымды дүниетаным, болмыс тәрбиелеудің діни бітімгершілігінен хабардар боламыз.

Қарахандар дәуіріндегі деректерге сүйенсек, түркі дүниесінің мәдениетінің гүлденіп, әлем өркениетімен байланысы өркен жайып дамығандығы көрінеді. Осы кезеңнің дарынды тума ойшылы Махмұд Қашқари өз кезегінде былай деп жырлаған:

Алла соққан бұ ғалам,

Шыр айналып дөңгелер.

Жұлдыздары жыпырлап,

Күнді аударып, түн келер.

Алла аспанды жаратты,

Ақық сеуіп таратты,

«Таразыны» бар етті,

Күнді аударып, түн келер.

Бір Иемді мақтаймын,

Білім жинап, сақтаймын,

Жақсылықты жақтаймын,

Бар көңілімді бағыштап .

Ақын-жыраулардың мұрасындағы діни-этикалық ұғымдар мұсылмандық ахлақ ықпалымен қалыптасқан. Олардың шығармаларында адамаралық қарым-қатынастарды реттеуші құндылықтар жүйесі ислам әдебімен және ұлттық дәстүрмен үйлесімді үндеседі. Ақын-жыраулар ұлықтаған отанға және халыққа деген сүйіспеншілік, ар-намыс, ата-ананы құрметтеу, әділдік, сабырлылық, тақуалық, қанағатшылдық, ата-баба дәстүрін құрметтеу, сауаптылық, имандылық, ауызбіршілік, тектілік сынды құндылықтар адам мен қоғам өмірінің ізгілендірудің негізі ретінде көрінеді. Философ-ғалым Қ. Бейсенов былай дейді: «Қазақтың би шешендер мен ақын-жырауларының ой-толғаулары сияқты қасиетті қазақ топырағында қалыптасқан, ғақлиятты ой-кешу үрдістерінің қайталанбас ерекшеліктеріне арқау болған рухани құбылыстар. Сондықтан да, оларды түбегейлі зерттепеп, бүгінгі күннің қажеттіліктерін өтейтін халық игілігіне айналдыру ісі- кезек күттірмейтін мәселе»

Біздің алдағы міндеттеріміздің бірі – жастарымыздың көкірегінде үлкенге құрмет, кішіге ізет, кішпейілдік қасиеттерін оятып, олардың бойында сенімділік, төзімділік, өзара сыйластық сезімін қалыптастыру болып отыр. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен отан алдындағы парыз ұғымын жастар санасына сіңіру ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарының үйлесімділігін толыққанды қолдануды қажет етеді.

Әрине, ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрімен, ана сүтімен  сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанады. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде жатыр.

Дамыған өркениетті елдер қатарына көтерілгіміз келсе, дінімізді, тілімізбен әдет-ғұрпымызды дұрыс бағалап, жаңғыртуымыз керек.

 

Е. СҰЛТАНОВ,

Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы,

Батыс Қазақстан облысы