Slider

Атауын өзгерткен таблиғшылар…

2013 жыл, 26 ақпан күнгі Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының «Таблиги Джамаат» халықаралық ұйымын экстремистік ұйым деп тануы бойынша «Таблиги Джамаат» ұйымының Қазақстан Республикасы аумағында таралуына тиым салынды.

Бұл ұйым мүшелерінің басты мақсаты — заңсыз миссионерлік қызмет жүргізу, өздерінің ағымдарын «дағуат» түсіндірме жұмыстары түрінде қоғамға, соның ішінде жастарға жеткізу. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес экстремистік деп танылған қоғамдық немесе діни бірлестік, не өзге де ұйымдар жұмысын одан әрі жалғастыратын болса заң алдында жауап береді.

Атауын өзгерткен таблиғшылар…

«Таблиги Жамаат» діни қозғалысынан бөлініп шыққан ағым «Йакын Инкар» ұйымы 2017 жылы Қырғызстанда экстремистік ұйым деп танылып, оның қызметіне тиым салынған болатын. Биыл ҚР Бас прокуратурасы «Йакын Инкар»діни ұйымының заңсыз әрекеттерін анықтады. Осыған орай Астана қаласы прокуратурасы «Йакын Инкар»діни ұйымын экстремистік ұйым деп тану туралы сотқа өтініш түсірген еді. 2018 жылдың 10 қазаны күнгі Астана қаласының Есіл аудандық соты  «Йакын Инкар»діни ұйымын экстремистік ұйым деп шешім шығарып, аталмыш ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне тиым салды.

«Йакын Инкар» атауы араб тілінен аударғанда  «Құдайдан басқаның барлығын тәрк ету» деген мағынаны білдіреді. Бұл ағымды ұстанушылар Мұхаммед пайғамдар заманындағыдай өмір сүруді дұрыс деп санайды. Шашын ұзартып, өсіріп,  араб киімін киіп, жалаңаяқ жүреді. Өркениеттен, заманның тұрмыстық жетістіктерінен бас тартып,телефон мен теледидардан бас тартуды насихаттайды.

«Таблиғи жамағат»  бұлар кімдер?

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында  жат ағымның құрбаны болған бір жанмен әңгімелесудің сәті түсті. Біз қаламыздағы көп қабатты жатақханада пәтер жалдап тұратын Нағима (кейіпкерлеріміздің есімі өзгертілді) есімді келіншектің есігін қақтық. Алдымыздан төрт жастағы ұл бала жүгіріп шығып, есік ашты. Екі бөлмелі тап- тар үйде Нағима ата-анасы, інісімен және үш баласымен бірге тұрады екен. Анасы «Өзі аурушаң» деген, берекеті кетіп, ыңырсып, жылағысы келіп тұрған екі жастағы қызын қасымызға еріп барған адамның қолына ұстатып, өзі оңаша сөйлесу үшін бізді ас үйге  бастады…

— 1986 жылы Қазталов ауданында дүниеге келдім, — деп бастады әңгімесін Нағима.- 2007 жылы  көршілес ауылдың бір Марат (есімі өзгертілді)  деген жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым сол кезде  намаз оқитын, «Алла жолына кеттім» деп 2-3 күнге қалаға жақын Тасқала, Федоров сияқты ауылдарға барып жүрді. Арақ ішпегесін, өзіме «намаз оқы» деп талап қоймаған соң мән бермедім. Үлкен ұлымыз өмірге келді. 2009 жылы екінші ұлыма аяғым ауыр кезде сақал қойды, үйге келмей, жоғалып кететін болды. Қайдасың десем, «мешіттемін. Сонда қондым» дейді, жұмыс істемеді. Ренжістік, содан бәрін қойып Атырау жаққа жұмысқа кетті. «Газель» көлігін алып, оны қоғамдық жолаушы тасымалына қойдық. 2012  жылы «балаларымды сағынам» деп жұмыстан шығып келді. 2012 жылдың май айында сақалды жігіттерге қайтадан қосылды. «Күні бойы қайда жүрсің?» десем «тәлімдемін» дейді, үйге келгенде жаспыз ғой, отбасы болып әңгіме айтып, балалармен ойнап- күліп отыра алмадық, айтатыны діни әңгімелер. Мінезі өзгеріп, ашуланшақ бола бастады. Жұмыс істегісі келмеді. Пәтер ақы, балалардың ас-суы бар, өзім сөткелеп дүкенде істедім. Таңертең жұмыстан шыққанымда үйде жан баласы болмайды. Алды төрт, арты екі жастағы екі бала қасында кір- кір болып, әр жерге қонып жүрді. Содан 2012 жылы балаларды алып, ата-анама кетіп қалдым» Нағима осы жерде шыдай алмай, жылап жіберді…

 

«Мен 40 күн Алла жолына шығамын»

2012 жылы, 10 маусым күні күйеуі оған: «Мен 40 күн Алла жолына шығамын» дейді. «40 күні бар, одан соң 4 айы бар, мен бұл жолға шығуға міндеттімін» дейді. Жұмысқа тұрғанына 15 күн болған оған Нағима «кетпе» деп жалынады. Бірақ Нағима жұмысқа кеткенде қашып кетіпті. Ол ылғи «татар мешітінде жүрмін» дейді екен. Содан Нағима жұмыстан сұранып татар мешітінің имамына барады. «Ол қайда барады, 40 күн деген не, пәтерге ақшаны қалай төлеймін? Ол ылғи «мешітте қонамын» дейді. Мен де күйеуіммен бірге мешітке келіп тұрайын. Балалар әкесін көрмейтін болды» дейді. Мұны естіген имам: «Мешітке қонады деген не сөз? Неге өтірік айтады? Енді Маратты мешітке кіргізбеңдер» деп тапсырма береді.

Телефонын айырып тастап, 40 күн бойы жан баласымен хабарласпаған, өзінің айтуы бойынша, Алла жолына кеткен Марат 21- шілде күні, яғни, 40 күн толғанда келген. Сақалы кеудесін жауып кеткен ол үйден шай да ішпестен мешітке кетіп қалады. Түнгі 12-де телефон шалып: «Мен бүгін үйге бармаймын, тарауық намазына қатысамын» дейді. «40 күн далада болдың, ең болмаса келген күні отбасыңмен неге болмайсың?» дейді Нағима. «Оның сақалынан пәтердің қожасынан, таныстардан қатты ұялдым. О баста мен оған «сақал қойма,  намазыңды оқы, халал тамақ ішіп, жақсы өмір сүрейік, сақал қоюға жассың ғой, есейгесін көрерсің» дегенмін. Бір -екі рет өзі өтініп қоймаған соң жамағаты жиналған жерге еріп бардым. Ортада перде, ерлер мен әйелдер бөлек отырады екен.Үйде де бізге дін үйрете бастады. Балалармен бірге төртеуіміз бір- бірімізге қарап отырамыз, бірдеңені оқытады, тыңдамасаң ашуланып қалады. Кітаптағы бір шумақтарды оқиды, соны біз қайталап айтып шығамыз. Балаларын өте жақсы көретін еді, соңғы кезде оларға да қарамайтын болды. «Баланы басқа үйге апарма, барған үйде арақ ішілсе, баланың табанымен жабысып үйге келеді» деген қисынсыз әңгімелерді айта бастады. Енді маған «Жамылып киінесің, жұмыс істемейсің, балаларды балабақшадан шығар. Әке-шешеңмен араласпайсың, мен рұқсат берсем ғана 2-3 айда бір рет барасың» деп талап қойды.  «Сен жұмыс істемейсің, мен жұмыстан шықсам, балаларды қалай асыраймыз?» десем, «Алла береді ризықты» дейді. Перзенттің әке-шешенің алдындағы парыз- міндеті өле — өле өлгенше деген ғой. Мен бұған көне алмадым. 10 маусым күні ол үйден кетіп қалды. 2012 жылы 21 қараша күні ажырастық» дейді Нағима.

 

«Таблиғи жамағаты» мешітке қона ма?

Мешітке барып жүрген соң, күйеуінен еш күдіктенбеген Нағима ол 40 күнге кеткенде облыстық мешіттің бұрынғы бас имамына барып, жағдайды айтады. Имам: «Жоқ, ол мешітте емес, «Таблиғи жамағат» жолында жүр. Оны 40 күнге жібермеуің керек еді, енді кеш болып қалды, 40 күнде олардың санасын артына бұрылмастай өзгертіп тастайды» депті.

Біз «Мараттың жүрген жолы қандай жол, мешітке барып намаз оқып жүріп, сол мешіттің өзінде басқа ағымды насихаттауына және қонып жатуына қалай жол берілген?» деген сұрақпен облыстық мешіттің бас имамына  жолықтық.

— «Таблиғи жамағат» болсын, басқасы болсын, мешітке қонады деген сөз өтірік, — дейді бас имам.- Мешіттің өз ережесіне сай түнде кезекші имам ғана қонуға құқылы. Оразаның соңғы он күнінде ниет еткен адам болса, біз рұқсат еткен жағдайда түнге қала алады. Ал мешітте имамнан басқа адам уағыз айта алмайды. Мешітке Египеттегі «Әль- Азхар» дүниежүзілік ислам университетін бітірген екі теолог маманды жұмысқа алдық. Олар бір жылдан бері исламды бұрмалаушылармен тиімді жұмыс жүргізуде

Сонда «Таблиғи жамағат» ұйымы мүшелерінің «мешітке қонып жүрміз» дегенін  қалай түсінуге болады? Олардың мұнысы ата-бабамыз ұстанған Ханафи мазхабына, адами құндылықтарды бірінші кезекке қоятын таза дәстүрлі исламға күйе жағу ма?!

 

Таблиғи жамағат мемлекетке қауіп төндіреді ме?

Біз ««Таблиғи жамағат» қандай ұйым, немен айналысады, ислам дінінде отбасы құндылығы, ата-ана, жар, перзент алдындағы парыз бірінші орында емес пе еді?» деген сұрақтармен   теолог Нұржан Стамбакиевке жолықтық.

-Таблиғи жамағат» әлем бойынша кең тараған ислами жамағаттардың бірі. Бұл 1926 жылы Үндістанда Мұхаммед Ілияс Кандеһләуи деген адам құрған ағым, — дейді Нұржан Стамбакиев. — Исламға шақыру, Исламды тарату мақсатында құрылған бұл экстремистік ағым мүшелері 3, 7, 40 күнге шығып  ел аралап, уағыз айтады. Орталығы күні бүгінге дейін Үндістан, Бангладеш, Пәкістан елінде. Бұл ұйым Қазақстанда заңмен тіркелмеген, олардың қандай ма бір әрекеттеріне тиым салынған. «Таблиғ» деген араб тілінде «жеткізу» деген сөз. Олар өздерін «дінді жеткізушіміз» деп есептейді. Бұлар 3,7, 40 күнге елге шығып, көшедегі адамдарды ұстап алып, дін таратамыз деп, ел кезіп жүреді. Шетел және өз ғалымдарымыз олардың ұстанған жолының  дәстүрлі діни ұстанымдарға қайшы тұстары барын анықтады. Олардың пәлен күнге үйден кетіп, ел аралауы дінімізде негізсіз саналады. Исламдағы адам мойнындағы міндеттердің бастысы — отбасын асырау. Ал олар «Ризық Алладан» деп, 40 күн отбасын, бала-шағасын тастап кетеді. Ризықтың Алладан екені рас, бірақ жұмыс істемеген, тер төгіп еңбек етпеген адамға аспаннан ризықтың жаумасы анық. Топ басшысына тәуелді, өз  пікірі жоқ, саналары тұманданған, шолақ түсінетін олар ойланбай, бұйрықты орындауға әзір. Бұл — өте қауіпті.Жалпы  «Таблиғи жамағат» ұйымының арғы жағында не жатыр, көздеген мақсаттары қандай десек, күдік мол. Себебі  ұйымның бағдарламалары мен нұсқаулары қозғалыс басшыларының шағын тобына ғана белгілі. Таза исламды насихаттаймыз десе де, оның астарында не жатқаны бізге де, ал оларға еріп, қасында жүрген Марат секілді жігіттерге де белгісіз. Ислам діні бойынша беймәлім нәрсенің артынан еру- дұрыс емес. «Таблиғи жамағат» ұйымының мүшелері біздің облыста көп емес. Олардың белсенді жұмысы заң орындарымен тоқтатылды. Француздың бір ғалымы өз зерттеуінде «қару- жарақ қолданып, елдің тыныштығын алып жүрген радикалды ұйымдардың басында осы «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымы тұр» деп баға берген. Ұйымның басты бағыттары белгісіз, олар өз қатарын көбейтіп алған соң, адамдарды белгілі бір мақсатқа пайдалануы мүмкін. Мұның аржағында елдің бірлігіне, мемлекетке үлкен қауіп бар. Жалпы бұл ұйым ислам дінін қате түсініп, бұрмалаушылар.

 

«Есік қағып, көшеде тоқтатады» 

Бұл жамағат мүшелері мұртсыз сақал қояды, Пәкістан еліндегідей шалбардың сыртынан тізеден келетін ұзын, ақ көйлек киеді. Оны өздері «сүннет киім» дейді екен. Олар «Пайғамбарымыз киген сол киімді киген адам сауап алады» деп ойлайтын көрінеді. «Бұл дұрыс емес. Шариғатта «мына киімді ки, мынаны киме» деген арнайы талап жоқ. Ел азаматтары өз елінің киімін кигені абзал. Әйелдері қара пәрәнжі емес, хиджаб киеді. Тіпті кейбірі теледидар қарамайды» дейді Н.Стамбәкиев. Олар жұмыс істемейді, бірақ көбі базарда сауда жасап, күнделікті нәпақасын тауып жүреді. Ұйым мүшесінің бірі 40 күндік сапарға кеткенде қалғандары оның отбасына қарасып тұрады екен.

— Бір жылы Алматы жағынан ба, 20 шақты бауырлары (жамағат) келді. Ұзын ақ көйлек киген ер адамдар біз жалдап отырған пәтерге түсті. Олар үйге келгенде біз бөлмеміздің есігін жауып аламыз. Топырлап кіреді, шығады. Олар көшеге кеткенде қарасам, дәрет алған орындарының суын шылқытып, жатқан жерін жинамай кетеді екен. Жан мен тән тазалығын уағыздайтын ислам жолында жүрміз дейтін олардың өте лас тірлігіне таң қалдым, — дейді Нағима.

Байқап қарасақ, аптасына 1 күн, айына 3 күн, жылына 40 күн уағыз айтудың астарында  ұйым мүшесінің психологиялық жағдайын бақылау мақсат етілген сыңайлы.Үнемі орталыққа келіп ілім үйрену, бірлесіп ел арасында дін тарату, уақыттарының көбін жамағатпен бірге өткізу арқылы ұйым басшысы олардың барлық іс қимылдарын бақылауда ұстап отырады екен. Мараттың «Тәлімдемін» деген сөзі біреуді өз жолына тарту үшін үгіт насихат айту, «ашурадамын» дегені, арабтың жиналыс деген сөзі, яғни алда атқарылар жұмыстарына жоспар құратын жиындары екен. Бұл ұйым мүшелері ел аралап, есік қағып, көшеде адамдарды тоқтатып, дінді уағыздайды. Сақ болыңыз, ағайын!

 

Нағимаға психолог керек 

«Балаларға алимент төле» десе, күйеуі: «Алла береді» дейді екен… Үлкен ұлы мектепке барады, ал екіншісі мектепке дейінгі шағын орталыққа орналастыра алмай жүр. «Қызыма аяғым ауыр жүргенде қатты күйзелісте болдым. Қызым дүниеге дімкәс болып келді» дейді ол. Перзентханаға келген Марат сыртта тұрып, жылап: «Отбасына оралғым келеді. Бірақ бұл туралы бауырларыммен (жамағаты)  ақылдасуым керек» депті. Бұл оның жамағатына тәуелділігі емес пе? Біз олардың ұлдарымен бірге түскен суретін көрдік. Марат та Нағима сияқты әдемі, көруге көз керек «алтын асықтай» жас екен… Ұлдарының жүзінде еш уайым жоқ, суретке риясыз күліп түсіпті. Бірақ, сол шаңырақ шайқалып, сол бақытты балалар бүгінде қатты өзгерген.

Әсіресе екінші ұлым қатты ашуланшақ болып кетті. Әкесіне барып келсе бұзылып келеді, айтқанды тыңдамай, өзіме қарсы шығады. Үнемі бір жақтан жамандық күту, белгісіздік, балаларды жалғыз өзім қалай жеткіземін деген сан сұрақтар мені де қажытты. Өзімді ұстай алмай, балаларға қол тигізетін болдым. Балаларыма да, маған да психолог керек, бірақ оған төлейтін ақшамыз жоқ,- дейді әңгіме үстінде көз жасы құрғамаған Нағима. Үш баламен жалғыз қалып, шарасыз күй кешіп отырған  жас ананың жан даусы тиісті мекемелердің, қайырымды жандардың құлағына жетсе игі?! Бүгін анасына қарсы сөйлеген бала өскенде кім болады? Күнәсіз сәбидің улана бастаған санасын, бұзылған психикасын қалай емдейміз?! Бір шаңырақты ( мүмкін, біз білмейтін 1000 шаңырақ болар) ортасына түсірген «Таблиғи жамағат» ұйымынан тағы да не күтуге болады? Елдің бірлігіне сына қағу, мемлекеттің тұтастығын бұзу ма?

 

Әлем сарапшылары не дейді? 

Әлем сарапшыларының айтуынша, уахабилік ұйымның бір тармағын ұстап отырған жихадшы жастардың о баста «Таблиғи жамағат» ұйымының дағуатынан, яғни солардың үгіт- насихатынан өткенін айтады. Жалпы исламда қауымды дінге шақыру үшін 7-8 жылдық арнаулы діни білімі болуы керек. Ал елге  үгіт айтып жүрген таблиғшылардың діни білімі таяз. Ал білім болмаған жерде жалған ақпарат тарату, арандатушылық, білмей орға түсу болатыны белгілі. «Таблиғи жамағаты» ұйымында қылмыскерлер, ішімдік ішетіндер көп кездеседі. Ал мұндай адамдарға қандай ма болмасын дін халықты дінге шақыруға рұқсат етпейді. Олар үгіт- насихат үстінде Құраннан, Пайғамбар өмірінен үзінділер айтып, даусын көтеріп, кейде сыбырлап, тіпті кейде жылап та жібереді екен. Бұл діни сауаты жоқ жастардың психологиясына әсер ету. Құрандағы: «Адамдардың арасынан шыққан ең қайырлы үммет болдыңдар» («әл-Имран», 110-сүре) деген аятын негізге алған олар топ құру арқылы адамды қарым- қатынас құруға қызықтырап, тартады. Олар өздерін «таратушымыз» яғни «Алланың сүйікті құлымыз» деп есептеп, басқаларға «дінсіздер» деп қарайды. Олар ұйым басшысының айтқанына ғана сенеді және газет оқып, теледидар, радио тыңдамайды. Басшылары санаға бақылау орнату әдістерін қолданады. Бұл топ мүшесінің уақытын, әлемде не боп жатқанынан толық ақпарат алуын, іс әрекетін шектеп, ненің ақ, ненің қара екенін білуіне мүмкіндік бермеу деген сөз. «Санасы бұғауланған жастардың психологиясын емдеу өте қиын, тіпті кейде мүмкін емес» дейді мамандар. Ұйымның іс-әрекеті, қаржыландырылуы, мүшелері туралы ақпарат белгісіз. Төсегі мен ақшасын алып, 3-6 адамнан топтасып, ел кезіп кетеді. Оларға біреуге  садақа беруге тиым салынған. Ұйым мүшелері өз отбасына уақыт бөлмейді, яғни асырап сақтамайды. Үндістан, Пәкістан еліндегі таблиғшылардың бала-шағасы олар дағуат айтып,  айлап үйінен безіп кеткенде аштыққа ұшырап, өліп жатады екен. Бұл исламдағы отбасы құндылығына мүлде қайшы.

 

 Автор Ұлдай САРИЕВА,

Орал қаласы

 

Бұл ұйым Орта Азияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда кең таралған. Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ошағынан елімізге таралған бұлардың іс-әрекеті уахабизмге ұқсас. Францияда болған терракт, жарылыстардың 80 пайызы «Таблиғи жамағат»» экстремистік ұйымының әрекеті деп бағаланған.

*    *    *

Лаңкестікпен әлемге танылып отырған Пәкістан елінің қарапайым тұрғындары сол елдің ұлттық киімін киген «Таблиғи жамағат» мүшелерінен қорқап, алыстан қашып жүредіАл «Таблиғи жамағаты» жолында жүрген біздің қандастарымыз ұзын сақал өсіріп, денесін жасыратын ұзын киім киеді. Олардың үстіндегі киім Пәкістанның ұлттық киімі. Бұл қазақтың ұлттық құндылықтарын аяққа таптау.