Slider

ХІХ ғасырдағы қазақ даласында діни білім беру жүйесі

Қазақ халқы тарих сахнасына бір тұтас ұлт ретінде енгеннен бері өз өмірлерін, салтын ислам дінімен байланыстырған. Өз балаларына жастайынан дін ғылымдарын үйретіп, медресеге оқуға берген. Тіпті, қазақ қоғам қайраткерлерінің, алаштықтардың, ақын-жазушылардың өмірбаянына назар салсақ, олардың ауыл молдасынан тәлім алғандығын аңғарамыз. Демек, әр қазақ баласы медресе табалдырығын көргені сөзсіз.

Дейтұрғанмен, ол медреселерде қандай пәндер оқытылғаны көп айтыла бермейді. Ол медреселерде толықтай діни пәндер берілді ме, әлде өзге де сабақтар оқытылды ма деген орынды сұрақ туындайды. Осы сұрақтың жауабын табу мақсатында түрлі деректерді шолуға тура келді.

2010 жылы Алматы қаласында басып шығарылған «Түркістан» халықаралық энциколпедиясында Орта Азиядағы медрелеселердің білім беру жүйесі туралы мынандай ақпарат кездеседі:

«Медреселер өзінің білім беру жәрежесіне қарай төрт сатыға бөлінді:

  1. Ибтидаия (бастауыш медресе), оқу мерзімі –  4 жыл;
  2. Рушдия, оқу мерзімі – 3 жыл;
  3. Иғдадия (жоғары оқуға дайындық), оқу мерзімі – 3 жыл;
  4. Ғалия (жоғары білім), оқу мерзімі – 3 жыл. Ғалияны бітірген шәкірттерге «абыз», «молда», «халфе», «мударрис» деген атақ беріледі. Медреселерде жалпы оқу мерзімі 12-13 жылға созылады.

Оқу пәндері медреселердің сатысына байланысты белгіленеді. Жоғары білім беретін медреселерде арабшалық (лексика, этимология, синтаксис, риторика тарих, Құранды оқу-игеру әдісі, ғұламалар бахасы); дін үйрену, заңнама (Құранды, оның аяттарын, хадистерді талдау, фикх, заң негіздері); фәлсафа (логика, математика, география, астрономия, медицина, табиғаттану, ой талдау фәлсафасы) оқытылады. Медреселердің бағдарламасында діни оқу жағы басым болады».

Негізінен Орта Азия медреселерінде оқитын шәкірттерге алдымен «Әуәил әл-Илм (Ілімнің алғышарттары)» кахтезисы оқытылатын. Бұл кезеңді аяқтағаннан кейін Араб тілі ғылымдары, шариғат ғылымдары, діни пәлсападан тұратын екінші кезеңге қадам басатын болған. Қазақ жеріндегі медреселердің ұстаздары аталмыш ұстанымды негізге ала отырып, оқу бағдарламаларын соған сай етті. ХІХ-ХХ ғасырларда оңтүстіктегі қазақ медреселердің басты оқулығы 28 араб әліппиін қамтыған «Шараит әл-Иман» кітабы болды. Ол аяқталғаннан кейін шәкірттер Құранның жетіден бірін жаттауға кіріседі. Құранды жаттаумен қатар «Бадауам», «Ахир заман», «Фазаил әш-Шухур», «Истуани», «Қырық хадис» «Шурут әс-Сала», «Тағлим әс-Сала», «Фиқһ әл-Кайдани» кітаптары оқытылған.

Одан бөлек, ХІХ ғасырда Орта Азиядағы жәдидшілдік бағыттың негізін қалаушы ретінде танылған Имам Шиһабуддин әл-Маржанидің өмірбаянына зер салсақ, оның Бұхара медресесінде тәлім алғанын көреміз. Сол уақытта Бұхара медресесінің 12 жылдық бағдарламасы толықтай ханафи-матуриди мектебіне негізделген. Фиқһ пәндерінен Мұхтасар әл-Қудури, әл-Уиқая, әл-Һидая сынды классикалық мәтін кітаптар, сенім пәндерінен Тахауи ақидасы, Нәсафи ақидасы, Шархуль ақаид, Хашия шарх әл-ақаид еңбектері оқытылған. Хадистен Ислам әлеміне әйгілі Сахих, Сунан еңбектері міндетті оқулық ретінде есептелген. Имам әл-Маржани бұл медреседегі оқуын аяқтағаннан кейін өзінің отаны Қазан қаласына барып, жаңа білім беру жүйесін құрады. Ол жүйеде шариғи пәндерден бөлек математика, жағрафия, дүниетану, пәлсапа пәндері де болған. Осы жаңа жүйеден кейін Татар жерінде Ахмет Риза, Мухаммадия, Ғалия сынды медреселер ашылған. Аталмыш медреселерден қазақтың даналары тәлім алған.

Қазақстан адам ресурстары жеке ұйымының теолог

маманы Сафиуллин Жансұлтан