Ислам – толеранттылық діні. Оның мәні зорлық емес, керісінше - әділет, азғындық емес, керісінше - прогресс, сатқындық емес, керісінше - адалдық, апат емес, керісінше - бақыт, жойылу емес, керісінше - құтқару болып табылады. Адамзат тарихына зер салсақ, татулық, бауырмалдық, өзара түсіністік орнаған қоғамдарда ілгерілеушілік, береке-бірлік пен татулық және халықтың әл-ауқатты болғанын көруге болады. Керісінше, төзімсіздік пен дұшпандық күшейген, соғыстар мен қақтығыстар өршіп тұрған қоғамда елдер ойрандалып, бытыраңқы болды.
Ислам діні өзге дін өкілдеріне деген құрмет пен толеранттылықты ұстай отыра адамзатқа мейірімділіктің үлгісі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ислам барлық діндерді құрметтеумен ғана шектелмейді, сонымен бірге осы дін өкілдерімен тату-тәтті өмір сүруге, алауыздық пен түрлі жаулық қатынастарды тоқтатуға шақырады. Құранның елуден астам сүресінің жүздеген аяты мұсылмандарды татулыққа, өзге діндерге қатысты төзімділікке шақырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) да төзімділік қағидасын ұстанған.
Ислам дінінде ұлтқа бөліну жоқ. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабаларының арасында түрлі ұлт өкілдері де болған. Мысалы, белгілі сахабалардан Салман әл-Фарси - парсы, Біләл әл-Хабаши – қара нәсілді, Сухайб Руми - римдік болған. Исламда барлық ұлт пен ұлыс тең, сыйластық тақуалықта болатыны туралы Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай – ақ, бір-бірінді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Расында Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.
Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) баршаға төзімділіктің тамаша үлгісі болды. Имам Бұхари мен Имам Муслимнің «Сунандарында» келтірілген хадисте, бір яһуди әйел Пайғамбарымызға (с.ғ.с) уланған қой етін әкелген. Ол өз әрекетін мойындағаннан кейін, Алла Елшісі (с.ғ.с) кек алуға мүмкіндігі бола отырып, оны кешірді. Сондай-ақ Ухуд шайқасы күні Алла Елшісінің (с.ғ.с) алдыңғы тістері сынып, беті қанға боялып, сахабалар бұл оқиғаға қатты ренжіді. Тіпті кейбіреулері: «Оларды қарғасаңдар ше?» деп те айтты. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Мен қарғыс айтушы емес, шақырушы және рақым етіп жіберілдім. О, Алла Тағала! Оларды тура жолға сал, өйткені олар білмейді», - деп дұға тілеген (Имам Бұхариден). Алла Елшісі сол кезде қатты қиналды, бірақ соған қарамастан олар үшін дұға етті және Оның дұғалары әрқашан орындалды. Алла Елшісі (с.ғ.с) дүниеден өтер алдында кәпірден бидай алып, оған қалқанын кепілге береді. Жалпы Пайғамбарымыз бидайды сахабаларынан да алуға болушы еді, бірақ Алла Елшісінің (с.ғ.с) бұл әрекеті біздерге, үмметтеріне үлкен сабақ ретінде жеткілікті. Себебі бір қоғамда өмір сүріп, бір ауамен тыныстағандықтан, діні басқа адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек екенін баса айтқысы келді.
Алла Елшісінің (с.ғ.с) қайтыс болғаннан кейінгі кезеңін алатын болсақ, Омар ибн Абдулазиз (р.а) ең танымал табиғиндердің бірі «Екінші Омар» деген атпен марапатталды. Омар ибн Абдулазиз кезінде Сирия астанасы Шамда бір мешітті кеңейтуді ұйғарды. Алдыңғы халифа оны кеңейту үшін мешіт маңындағы христиан шіркеуінің жер телімінің бір бөлігін қосуға шешім қабылдағаны белгілі болды. Сол шешіммен мұсылмандар шіркеуді қиратып, мешітті кеңейтпек болды. Содан кейін христиандар Омар ибн Абдулазизге мұсылмандар өздерінің шіркеуінің бір бөлігін қиратып, оны мешітке қосқысы келетіні туралы шағым хат жазды. Омар ибн Абдулазиз жауап хат жазып, ол жердің тартып алынған бөлігін қайтаруды және қираған жерлерді қалпына келтіруді бұйырды. Бұл Шамдағы кейбір ғұламаларға ұнамады. Олардың өкілдері халифаға өз шешімін өзгертуін өтініп келді. Сонда Омар ибн Абдулазиз: «Сенің келгенің жақсы болды. Мен шешімге бірдеңе қосуды ұмытып кеттім. Сіз мұны есіме түсірдіңіз. Мен жердің қайтарылған күнін жазуды ұмытып кетіппін», - деп жауап берді. Осыны айтып, шешімін қайта жазып, бекітті.
Халифалық кезінде Әли ибн Әбу Талиб (р.а) қалқанынан айырылып қалады. Ол қалқанды бір яһудидің қолынан көріп, қайтарып беруін өтінді, бірақ ол «өз қалқаным» деп қайтарудан бас тартты. Сонда Әли өз халифатындағы Қазы Шурайхқа шағымданады. Әли мен әлгі яһуди Шурайхқа келді. Әли ибн Әбу Талиб: «Бұл менің қалқаным, мен оны сатпадым, бермедім», - деді. Шурайх яһудиден: «Бұл туралы не айтасың?» - деп сұрады. Яһуди: «Менің қалқаным», - деп жауап берді. Қазы Әлиден: «Дәлеліңіз бар ма?» - деп сұрады. Әли: «Жоқ», – деп жауап берді. Қазы еврейдің пайдасына үкім шығарды. Яһуди кетіп бара жатып: «Мұны қалай түсінуге болады, мұсылмандардың басшысы менің үстімнен қазысына шағымданып, оның пайдасына емес шешім қабылдады ма?! Аллаға ант етемін, бұл пайғамбарлардың мінез-құлқы екені күмәнсіз!», деді. Сонда әлгі яһуди Әли ибн Әбу Талибке келіп: «Уа, мұсылмандардың әмірі! Қалқан шынымен сенікі, сен түйеңнен құлаған соң, мен өзіме алып қалдым. Ислам сондай асыл болса, мен бұл дінді қабылдаймын», - деді де, яһуди мұсылман болды. Әли: «Егер сен Исламды қабылдаған болсаң, қалқан саған сый болсын», – деді.
Өкінішке орай, бүгінде біз әлемнің әр түкпірінде, әсіресе Таяу Шығыста діни, ұлттық және басқа да әлеуметтік-саяси факторларға негізделген қарулы қақтығыстар салдарынан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам босқынға кетуге мәжбүр болған қайғылы процестердің куәсі болып отырмыз. Кейбір жастардың дін атын жамылып, осындай соғыс ошақтарында өзге дін өкілдерін қинап, тіпті аяусыз өлтіріп жатқаны өкінішті. Жалпы, Исламда «толерантты» сөзі «төзімді», «қайырымды», «жомарт» және «әр түрлі дін өкілдерінің түрлі көзқарастары мен сенімдерін құрметтеу» дегенді білдіреді. Осы орайда Құран Кәрімнің «Мүмтахина» сүресінің 8-аятында: «Алла дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріне тыйым салмайды. Расында Алла турашылдарды жақсы көреді».
Алла Елшісі (с.ғ.с) көптеген хадистерінде христиандар мен яһудилерге қысым көрсетпеуге, олардың құқықтарын құрметтеуге шақырады. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с) басқа дін өкілдері туралы былай деген: «Мұсылманның басқа дін өкілдеріне сыйлық беруі немесе алуы, қонақта болуы немесе оларды қабылдауы, көршісіндей қарым-қатынасы - жайз (рұқсат берілген)». Бабаларымыздың мәдениеті мен ағартушылығының көздерінен сусындаған халқымызда ұлтаралық келісім мен діни төзімділікке ғана емес, дінге, имандылыққа, мейірімге, отбасыға, бала тәрбиесіне, ұрпақ тәрбиесіне, ізгілікке, кең пейілділік пен құрметке толы қасиеттерді толығымен ұстануға тырысқан. Қорытындылай келе, исламды «толеранттылық діні» деп айта аламыз. Ол тек мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдерімен де жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады.