Slider

Мұсылман адамның қоғамда өмір сүру мәдениеті

«Адам» әлеуметтік тіршілік иесі ретінде жаратылған. Ешбір адам өзінің барлық қажеттіліктерін жалғыз қамтамасыз ете алмайды. Өнегелі өмір сүру үшін ең алдымен отбасымен, өзінің жақын ортасымен, содан кейін өзі өмір сүріп жатқан қоғаммен өзара құқыққа негізделген өмір сүруі керек.

Адамды құнды немесе лайықсыз ететін нәрсе - оның осы әлеуметтік рөлді орындау кезінде көрсететін іс-әрекеттері. Қоғам игілігі үшін іс жасайтындар – жақсы адамдар, қоғамға зиянын тигізетін әрекеттерді жасағандар қылмыскер болып саналып, жасаған жаман істерінің түріне қарай жазаланады.

Діни жүйелер де, адамзаттық құқықтық жүйелер де адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын реттеп, бұл қатынастардың берік негіздерде әрекет етуін қамтамасыз ету үшін әртүрлі ережелер мен шекараларды белгілеген, оны біз құқық деп атаймыз. Бұл мақалада біз Ислам діні адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттегенде қандай қағидаларды ұстанатынын, бұл қатынастарды қандай негізде реттейтінін кейбір мысалдармен қысқаша түсіндіруге тырысамыз.

Ислам діні бір жағынан, қоғамның игілігі үшін мұсылмандар арасында бауырластық орнатуға тырысса, екінші жағынан, мұсылмандар мен мұсылман еместердің бір-біріне деген сенімін қамтамасыз ету үшін түрлі қағидаларды насихаттайды. Осыған сәйкес, мұсылман адам ең алдымен өзі өмір сүріп жатқан қоғамның тыныштығы мен бақытына ұмтылып, пайдалы істермен айналысып, қоғамдағы келісімді бұзатын түрлі әрекеттерден аулақ болуы керек. Алла Тағала Құранда бұл мәселені былайша баяндайды: «Аллаһқа құлшылық қылыңдар және Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Ата-анаға, туған-туысқа, жетімге, кедей-кепшікке, жақын көршіге, алыс көршіге, жақын досқа, жолаушыға, қолыңдағыларға (құлға, күңге, қызметшіге, т.б.) мейірімді болыңдар» (Ниса сүресі, 36-40)

 Пайғамбарымыздың (с.а.у) осыған байланысты адамдарды жігерлендіретін жүздеген хадистері бар. Мысалы,   «Қоштасу уағызында»: «Уа, адамдар! Раббың бір, әкең бір деп біл. Барлық адамдар Адам атадан. Ал Адам ата топырақтан жаратылған. Арабтан араб еместің, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан артықшылығы жоқ. Алланың назарында адалдық тек тақуалықпен болады.» - деген болатын.

Басқа бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, көршісіне жамандық жасамасын. Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін». Қоғамымымыздағы отбасылар басқа көршілерімен жиі бетпе-бет байланыста болады. Көршілер бір-бірімен іргелес тұрады. Демек, көршілердің бір-бірімен қарым-қатынасы қоғамның келісімі тұрғысынан өте маңызды. Бұл қарым-қатынаста туындайтын мәселелер жақын ортаға да әсер етеді.

Енді бүгінгі қоғамдағы мұсылманның бейнесі қандай? Ол осы айтылған қасиеттерге ие ме? Біздің жүріс–тұрысымыз, басқалармен қатынасымыз, отбасындағы, ұжымдағы амал мен әрекеттеріміз жоғарыда айтылған пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисіне қаншалықты сәйкес келеді? Негізінде біз көп жағдайда өзіміздің мінезге немесе ішкі дүниемізге емес, сыртқы көрініске қана көңіл бөлетін сияқтымыз. Сол себепті қазіргі таңда сырқы көрінісі мұсылмандықпен ұштасқан, бірақ іс-әрекеттері әдепке сай келмейтін, айналасындағы адамдармен мәмілесі нашар жастар көбеюде. Тіпті әлеуметтік желілерде де белең алуда. Ал бұл мұсылманның қоғамда өмір сүру мәдениетіне сын. «Саған қарап, Исламға баға береді» деген сөз де осыған қатысты айтылған. Сонымен қатар, дінді ұстанушының сыртқы келбеті де таза, ұқыпты, жинақы болғаны абзал. Орамал таққан кезде, сақал өсірген кезде өзге адамдар шошырлықтай болмағаны құба-құп. Сауда-саттық кезінде, қоғамдық жерлерде, көліктерде, көшеде әдептілік сақтап, адамдармен конфликт туындап қалса, жанжалдаспай, керісінше байыппен, жақсы мәмілемен қарым-қатынас жасаса, құба-құп.

Дін- насихат және қарым-қатынас. Мұсылман адам өзі өмір сүрген ортасы мен айналасындағыларды жақсы нәрсеге бағыттап және жамандықтан тыйып отыру қажет. Сонымен қатар, қарым-қатынасты да берік сақтау керек. Адардармен байланысты үзіп, жалғыз өзі үйінен шықпай құлшылық қылғанына қарағанда, қоғаммен, көпшілікпен бірге болып, күйбең тіршілікпен бірге ғибадатын орындап жүруі әлдеқайда сауапты. Жұмыс барысында, адамдармен кездесу кезінде бұл нәрсені жиі байқаймын. Өзге ағым өкілдері көп жағдайда туыстармен, достармен байланысты үзіп жатады. Бұған бірнеше себептер бар. Алайда, ол себептердің көпшілігі шариғат тыйым салатын жағдайларға жатпайды. Туыстармен, көршімен қарым-қатынастың үзілуіне Құран аяттары да, Пайғамбарымыздың хадистері де тыйым салады. Әйел адамдар қоғаммен байланысып, шариғат шеңберінде жұмыс жасап, табыс табуында, екі дүниесіне де қажетті ілімдерді алуында, таным-көкжиегін арттыру үшін орталармен араласуында ешқандай айып жоқ. Мұсылмандар діни сауатты болумен қатар, өзге де салалардан білім алып, үнемі тұлғалық дамуда болса, нұр үстіне нұр болады.

Ислам діні адам өлтіру, дүние-мүлікке қол сұғу, пара алу, зинақорлық жасау, есірткі қолдану немесе есірткі сатып алу және сату сияқты қоғамдық тәртіпті бұзатын түрлі жағдайларға тыйым салады . Әлеуметтік мәні бар бұл әрекеттермен қатар, өтірік айту, адамдарды мазақ ету, ғайбаттау, жала жабу немесе біреуге қарсы жұмыс жасау, көреалмаушылық және өзімшілдік сияқты жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға, моральдық ережелерді бұзбауға шақырады. Адам баласына дүниеде де, ақыретте де тыныштық пен бақыт әкелуді басты мақсат еткен ұлық дініміз осы мақсатқа жету үшін жат қылықтарға шектеулер қойып, оны бұзғандарға бірқатар жазалар қойған. Мұсылман адам осы нәрселерді берік ұстанатын болса, қоғамның дамуына, өркендеуіне себепкер болады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әрбір жеке тұлғаны алдымен отбасында, содан кейін туыстар тобында, ең соңында қоғамда өмір сүруі мәдениетіне қарап бағалайды. Біз бұл мақаламызда қоғамда өмір сүру мәдениеті туралы сөз еттік. Алдағы мақалаларымызда жанұясы мен туыстар арасындағы қарым-қатынасы жайында қарастыратын боламыз.