Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Шыр етіп дүниеге келгеннен кейін баланың дұрыс ер жетіп өсуі, оның бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасып жетіледі. Сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде сақталлып, мәңгі есінде жүреді.
Отбасы – адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы. Бала тәрбиесінде отбасының алатын орны ерекше, оны қоғамдық тәрбиенің қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негізгі қызметі баланы өмірге келтіру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқанұлттық тәрбие тағлымдары мен аға ұрпақтың тәжірибесін сіңіру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етіп тәрбиелеу болып табылады. Ата –ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы –үлкен тәрбие мектебі. Еліміздің көркейіп, өркениетті елдің қатарына қосылып халықаралық деңгейіне шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Осы тұрғыда келгенде, баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол.
Шынымен де, адамзаттың қажетті де қасиатті мектебі –отбасы болып табылады. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше. Бұлар –отбасы мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап –тілектері –оның әдепті бала болып өсуі. Ата –ана баласын адалдықпен мейірімділікке, жауапкершілік пен кешірімділікке үйретуге тырысады. Сондықтан, қазақ отбасы әрдайым: «Әдепті бол, тәртіпсіздік жасама, көргенсіз болма» денег сияқты тыйым сөздерді балаларының құлағына құйып, оларды мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Отбасында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Алайда, «Ананың көңілі –балада, баланың көңілі далада» демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата-агнасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазірде жоқ емес. Десек те, олардың тіл алмай, әдепсіз болып өсуі ата-ананың бала бойына сіңірген тәрбиесіне тікелей байланысты, себебі, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» -деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Бала әке беделі, аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балаларының көзінше бірін-бірі балағаттап, қатты сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, ата-ана бала алдында өз беделін жоғалтады, бала-шағаның жүрегін шошытып, зәресін алады, олардың жанына кейін үй болғанда алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді. Әрбәр отбасының қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, ұрпақтарына жайлы болашақ қамтамасыз етілмек.
«Қазақстан адам ресурстары» жеке ұйымының
теолог маманы Адайхан Бағдат