Slider

ПАЙДАЛЫ ІЛІМ

Ибн Атоиллә әс-Сәкәндари (رحمه الله) "Хикам" кітабында пайдалы ілімнің анықтамасын береді:

"Пайдалы ілім — кеудеге шуақ таратып, жүректің пердесін ашатын ілім".

Ибн Аджиба (رحمه الله) "Иқазуль һимам" атты түсіндірмесінде былай дейді:

"Пайдалы ілім — жүрек ілімі. Ол жүректі жамандық атаулыдан тазартуға, ізгілікпен толтыруға негізделеді".

___

"Жүректің пердесі — ғапылдық. Ғапылдықтың себебі — адамның өзіне разы болуы. Адамның өзіне разы болу себебі — дүниені жақсы көру. Дүниені жақсы көру — күллі қателіктің басы.

Қызғаныш, іштарлық, кібірлік, ашу, ыза, кекшілдік, сараңдық, мансапқорлық секілді жамандық атауы дүниені жақсы көргеннен шығады".

[Иқаз әл-һимам фи шарх әл-хикаи. 409 бет]

ҚАЗАҚ ҰҒЫМЫНДАҒЫ ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ ҰҒЫМЫ

Ыбырай атамыз былай дейді:

Жақсылық, жамандық Құдайдан деп иланбақтың мәнісі әр пенденің жақсылық не жамандықпен болуын Құдай тағала құдіретімен күн бұрын білуші һәм пенделердің қылашақ ісі, пиғылы ләуху-махфузда жазылып қойылған. Бірақ Құдай тағала ешкімді жамандық жолға бұйырмады, мынау жамандық, мынау жақсылық деп көрсетіп, адам баласына қай жолға түссе де ыхтияр берді. Жақсылық етуші болса Құдай тағала жаннатқа бұйырып, рахым етеді. Жамандық етушіге азап бұйырады.

Бұл турасында Абай атамыз да өзінің жиырма сегізінші қара сөзінде айтады:

"Жақсылық, жамандықты жаратқан Құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан Құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ»

Шәкәрім атамыз "Мұсылмандық шарты" кітабында:

Әй, достар, жақсылық, жамандық әрне іс болса Алла тағала болсын демей болмайды. Бұл сөзді бек анықтап ұғу керек. Осының мәнісін білмей, теріс ойлайтұғындар көп. Кейбіреулер адамда түк серік жоқ, әрне қылса Құдай тағала қылғызады деп, Алла тағаланың бендеге берген ерік пен талабын танады. Бұл теріс, кейбіреулер жақсылық, жамандықты басында жаратқан Алла тағала, сол себептен бҽрі Алладан дейміз. Одан басқа Алла тағала дүниедегі бенденің ісіне тіпті кіріспейді. Бәрін де жаратты да, пайғамбар артықты ұқтырды да қойды. Бенде өзі сүйгенін қыла береді дейді. Бұл ой да теріс ой. Жҽне кейбіреулер біздің не қылатұғынымыздың бәрін де Алла тағала өзі әрқашан біліп, лаухул-махфузға жазып қойды. Оны қылмай кетуге бендеде не ерік бар дейді. Бұл сөз де ақылсыздықтан айтылады. Бұл үш түрлі сөздің жауабы оңай – әуелі адамда түк ерік жоқ деген кісіге айтамыз: адамда түк ерік жоқ болса, бенденің ғибадатына сауап, күнәсіне азап қылғаны әділет емес болады. Себебі бәрін Алланың өзі қылғызып, біріне сауап, біріне жаза қылғаны дұрыс болмайды ғой. Аятта: «иннал-лаһа ла йазлимун-наса шайған уа лакиннан-наса анфусаһум йазлимуна». Мағынасы: анық Алла тағала бенделеріне залал қылмайды еш нәрседен. Бірақ бенделер өзіне өздері залал қылады деген. Енді осыдан ойласаңыз, Алла тағала бендеге еріксіз іс қылғызып, ол үшін сауап, не жаза қылмайды. Және аятта: «инна һадайнаһуссабила имма шакиран уа имма кафуран»- деген.­­­