Slider

ТАҢ НАМАЗЫН ОҚУ ҮШІН МҰСТАХАБ УАҚЫТ

Имам Әбу Дәудтің (رحمه الله) "Сунан" жинағында Әбу Масғуд Уқба ибн Амрдан (رضي الله عنه) жеткен хадисте Алла Елшісі (صلى الله عليه وسلم) таң намазын тағлис уақытында және исфар уақытында оқығандығы айтылады.

Имам Мәлик, әш-Шәфиғи, Ахмад, Исхақ, әл-Әузағи сынды ғұламалар Омар, Осман, Ибн әз-Зубәйр, Әнас, Әбу Муса сынды сахабалардан жеткен риуаятқа сүйеніп, таң намазын тағлис¹ уақытында оқудың абзал екендігін алға тартқан.

Куфалық ғалымдар, Әбу Ханифа және оның шәкірттері, әс-Сәури, Хасан ибн Хаи, Ирақтықтардың басым бөлігі исфар² уақытын абзал санаған. Бұған дәлел ретінде Әли, Ибн Масғуд сынды сахабалардың сөздерін келтірген.

"أسفروا بالفجر فإنه أعظم للأجر"³

"Таңды жарықтатып оқыңдар, расында оның сауабы мол" деген хадисты де алға тартады. Имам Тирмизи бұл хадисты "хасан сахих" деп бағалаған.

Мүфти Халил Ахмад әс-Сәһаранфури (رحمه الله) "Бәзл әл-мәжһуд" атты еңбегінде былай дейді:

"Пайғамбарымыздың тағлис уақытында жасауы тек өзіне тән іс болуы мүмкін. Ал, исфарды үмметіне бұйырған. Сол секілді, Пайғамбарымыздың тағлисы заманға байланысты болуы да ықтимал. Себебі, оның заманы қайырлы уақыт еді. Сахабалар таңның алғашқы уақытында бозала қараңғылық сәтінде намаз оқу үшін жиналатын. Ал, оларды жарықтанғанша күттіру сахабалардың шаршап, шалдығуына себеп болар еді. Сол себепті Пайғамбарымыз тағлис уақытын таңдаған".⁴

➖➖➖

¹. тағлис — бозала қараңғылық, таңның алғашқы уақыты

². исфар — таң уақытында адам мен үйлердің сұлбасы көрінетіндей уақыт

³. "Сунан Абу Дауд" (424), "Сунан Тирмизи" (154), "Сунан Насаи" (547), "Сунан Ибн Мажа" (672), "Муснад Ахмад" (4/132)

⁴. "Бәзл әл-мәжһуд", 3/27