Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айтарлықтай жоғары. Жаһанданудың маңызды элементтерінің бірі – байланыс және ақпараттық технологиялар соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Дегенмен, ақпараттық технологиялардың дамуы әртүрлі мәселелерді туғызды. Интернет пен ақпараттық технологиялар ақпаратқа жылдам қол жеткізуге ықпал еткенімен, олар әрқашан ақпараттың дәлдігіне қызмет ете бермейді. Түрлі әлеуметтік желілерде адамдар негізгі құқықтар мен бостандықтардың бірі болып табылатын жеке өмірге қол сұғылмаушылық қағидасын бұзады.
Әлеуметтік желі құралдарын адамдар саналы түрде пайдаланбайды. Ғаламтор дұрыс, тиімді пайдаланылмаса, негізгі міндеттер бұзылып, отбасыға берілуі керек көңіл мен қамқорлық виртуалды ортаға жұмсалады. Осының барлығы қоғамның әрбір бөлігіне, әсіресе отбасына зиянын тигізеді.
Енді әлеуметтік желіні қолданудың отбасылық қарым-қатынасқа келтіретін зиянын жалпы түрде тізіп көрейік.
1.Отбасынан ұрланған уақыт
Әлеуметтік медиа сайттарында жұмсалған қажетсіз уақыт- отбасынан ұрланған уақытты білдіреді.
Уақыт - қайтымсыз және өтелмейтін ең маңызды ресурс. Уақытты босқа өткізіп, оны басқаруды үйрене алмасақ, кейінгі жылдары көп «Әттең…» деуге мәжбүр боламыз. Көпшілігіміз «Әттең, балаларым қазір қасымда болса ғой, олармен бірге уақыт өткізсем ғой», «Әттең, отбасыма сол кезде көбірек көңіл бөлгенімде ғой» деген шағымдардың куәсі болдық.
Ғаламторда ұзақ уақыт өткізу отбасы мүшелерінің бір-бірімен сөйлесу мәдениетін де бұзады. Осылайша бір-бірін тыңдамайтын, бірін-бірі түсінбейтін жанұяларда қарым-қатынас проблемалары туындап, бақытсыздық күннен-күнге арта түседі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде адамдардың уақытты сезінбейтінін, оның қадірін білмейтінін айтқан:
«Адамдар қадірін білмейтін екі нығмет бар: денсаулық және бос уақыт».(Бұхари, китабур- рихәқ,) Ғасырлар бұрын сүйікті Пайғамбарымыз айтқан бұл ақиқат бүгінде өзекті тақырып екендігі рас.
2.Өтірік
Кейбір адамдар әлеуметтік желілердегі аккаунттарында мүлдем басқа тұлға боп көрінеді. Бұл өзіне, отбасына және олармен қарым-қатынаста болатын адамдарға ауыр зиян келтіруі мүмкін.
Өкінішке орай, ғаламтор желісі арқылы танысып, шаңырақ көтерген адамдардың көпшілігі басқаларды алдауға бейім болады екен. Бұл болашақта жанұяда ұрыс-керіске, дау-дамайға, келіспеушілікке және ақырында ажырасуға әкеледі. Әсіресе, егер ортада балалар болса, ол әлеуметтік жараға айналады. Алдағысы келетіндер әлеуметтік желісіз алдауға болады деп ойлайтын шығар. Иә, солай, бірақ әлеуметтік желілер адамдарға өздерінің жеке басын жасыруға оңай орта болғандықтан, мұндай азғын әрекеттер медиа аккаунттарда әлдеқайда жиі кездеседі.
Сол сияқты, әлеуметтік желіге тәуелді адамдар отбасы мен қоршаған орта алдындағы міндеттерін орындай алмағандықтан немесе әлеуметтік медианы пайдалану үшін өтірік айту сияқты жаман әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл жанұяның ыдырауына және жойылуына әкеледі.
3. Балаларға әсері
Ғаламтор сайттарын дұрыс пайдаланбаған ата-аналар балаларына да жаман үлгі көрсетуде. Олар балаларының интернетке тәуелді болуына ықпал етеді. Әрине, егер ата- ананың өзі ғаламторды тиімсіз пайдаланатын болса, баланың да медиа сайттардан не көріп, не үйренетініне дұрыс көңіл бөлмейді. Кейін «балаларым телефонға тәуелді» деп шағымданған ата-аналардың балаларын осы тәуелділіктен құтқару үшін қолданатын шаралары көп жағдайда нәтиже бермейді.
Отбасы үлкендері әлеуметтік желі мен ғаламторды пайдалану арқылы балаларына жақсы үлгі көрсетуі керек. Тәрбиелік мәні бар парақшаларға ғана кіруін қадағалау керек.
4. Қаржылық залалдар
Кейбір әлеуметтік желілерде ойнайтын ақылы ойындарға құмар болған адамдардың қаржылық шығыны да отбасындағы үлкен кикілжіңнің себебі болып табылады. Тіпті, ажырасуға дейін апарады. Сондықтан виртуалды әлемде өте сақ болып, отбасы экономикасына нұқсан келтіретін мұндай жағдайларға жол бермеу керек.
5. Әдепсіздік
Бүгінде ғаламтор сайттары дөрекілік пен екіжүзділіктің орталығына айналып, барлығы бір-біріне қылық көрсететін алаң болды. Әлеуметтік желі адамдардың басқалардың өміріне қарап, жеке басын жоғалтып, «оның өзінде бар, менде неге жоқ?» деген ойға кетуіне себеп болады.
Демалыс орындарында, люкс мейрамханада немесе қымбат сауда орталығында түсірілген суреттерді дөрекі түрде бөлісу адамдар арасында бәсекелестік, көреалмаушылық сезімін тудыруы мүмкін. Алайда адамдар өздерінің қолдарында бар мүмкіндіктерге қуана, шүкір ете білуі керек. Ғаламтордағы қызылды-жасылды дүниелерге емес, өзінің мақсаттарына, армандарына, құндылықтарына мән беруі керек. Бұл туралы Құран Кәрімде мынадай аят келеді: «Өзің білім берілгеннен кейін егер олардың көңілдері тартқанына еліктесең, Алла тарапынан саған не дос не жәрдемші болмас.» (Бақара, 120-аят)
4. Әлеуметтік желіден алынған білімді сүзгіден өтуі керек. Қазіргі таңда ғаламторда білімсіз адамдар ғылыми негізі жоқ ақпараттармен көптеп бөлісуде. Көбінесе, отбасы туралы курс, марафондар өткізіп, әйел мен ердің міндеті, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынас мәдениеті туралы сөз қозғалып жатыр. Ал ол жердегі мәліметтердің кейбірі Ислами ұғыммен, Құран, сүннетпен ұштаспайды. Батыстық түсінікке негізделген. Нәтижесінде, курс, марафондардан алған ақпараттарды дін мен дәстүр сүзгісінен өткізбей, әйелі күйеуіне, күйеуі әйеліне айтып, ортада кикілжіңдер туындап жатқан жағдайлар да болып жатыр.
Әлеуметтік медианың зиянынан қалай аулақ болуға болады?
1. Уақытты босқа өткізбеу
Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану кезінде уақытты босқа кетіруге жол бермеу керек. Адамның өзіне, отбасына, ең бастысы Аллаға деген жауапкершілігі бар екенін ұмытпаған жөн. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уақытты босқа өткізу туралы ескертуін де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Жоғалған уақыттың қайтып келмейтінін, берілген өмір нығметін дұрыс пайдаланбай, Аллаға сенбей, Алладан бет бұрғандардың жағдайы туралы Құран Кәрімде былай баяндалады:
«Олардың әрбіріне ажал келген сәтте: “Раббым! Мені дүниеге қайтар!” (99)
“Мүмкін мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін.” Әсте олай емес. Рас бұл, оның бір айтқан бос сөзі. Өйткені, олардың артында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар.» (Мүминун 99-100)
2. Виртуалды ортада саналы түрде әрекет ету.
Ғаламтор әлемі күнә мен харамға бейім болатыны да ақиқат, себебі адам өз-өзімен жалғыз қалады. Бұл жағдай кейбір адамдарды әлеуметтік желіде харам істерге итермелеуі мүмкін.
Мұсылман «Көз оны көрмейді, бірақ Ол (Алла) барлық көздерді біледі, көреді» (Әнғам, 6) деген ақиқатты ұмытпауы керек. Мүмін «Мен Алланы көре алмасам да, Ол мені көреді» деген ізгілік сезімімен әрекет етеді. Әрбір жақсылықтың, әрбір жамандық пен күнәнің жазылатынын (Зилзал, 7) біліп, харамнан аулақ болуға тырысады.
Мұсылмандар барлық жерде өз міндеттерін сезіне отырып әрекет етуі керек. Виртуалды әлемде айтқан сөзі үшін өзі де жауап беретінін ұмытпауы керек. Өйткені Раббымыз қасиетті Құран кітабында «Құлақ, көз және жүрек олардың істеген істеріне жауапты. Қиямет күні ол істеген істерінен сұралады». (Исра, 36) дейді.
3. Виртуалды ортада жеке өмірмен бөліспеу
Әлеуметтік желіде өзінің жеке өмірін басқаларға жария ету немесе оны бөлісу діни тұрғыдан дұрыс емес. Ерлі-зайыптылар арасындағы береке-бірлік, сүйіспеншілік, қамқорлық, жақындық – илаһи сый, рақым. Бұл нәрселер өз араларында ғана қалуы керек.
Қорытындылайтын болсақ, біз технология қарқынды дамып, ғаламтор өміріміздің барлық саласына еніп жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Сәйкесінше, Instagram, Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік желілерге тәуелділік артып келеді. Біз ғаламтор/әлеуметтік медиа және отбасы арасындағы таңдау алдында тұрған сияқтымыз.
Әлеуметтік желіге тәуелді болу немесе виртуалды әлемде қажетсіз уақыт өткізу – адамның өзіне де, оның отбасына да, қоғамға да, Ұлы Жаратушыға жасалған қиянат.
Әрине, бұл әр адамның өз еркінде.
«Ол қайсыларың жақсырақ әрекет ететіндерін сынау үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол құдіретті, Оның құдіретіне ешбір күш жете алмайды, тек Ол ғана кешіреді». (Мүлк сүресі, 2-аят)
Аятқа сәйкес өлім мен өмірдің де сынақ екенін біле отырып, қолымыздағы барлық нығметтердің есебі ұлы кітабымызда баяндалған.
«Ол сендерді берген нығметтері бойынша сынайды» (Мәида, 48) аятында айтылғандай, Оның беретінін біліп, қажет нәрсені ғана орындау керек дегенді білдіреді.
Бақытгүл Өтегенқызы