Slider

Әйел адамның білім алуының маңызы мен өзектілігі

Қандай да бір қоғамның дамуының негізгі себептерінің бірі - әйел адамдардың дұрыс білім алып, оны амалға асырып, елге пайдасын тигізуінде жатыр. Өйткені, әйелдердің  біліміне мүлдем көңіл бөлмеген мемлекеттің құлдыруы бек мүмкін. Нәзік жандылардың оқып, дамуына үлес қосқан мемлекет келешек ұрпағын да дамытты дегенді білдіреді. Өйткені, «Алып анадан туады» дегендей, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, оларды түзу жолға бағыттайтын- әйел адамдар. Білімсіз әйелдерге қарағанда, білімді әйелдер жарының, балаларының, қоғам мен Алланың алдындағы міндеттерін жақсы орындайтыны белгілі. Ең алдымен бала тәрбиесі мен оқуын ойлайтын, қоғам өмірінде ер адамға көмектесетін әйелдер мәдениетті, білімді болса ғана өз міндеттерін лайықты атқара алады.

Ислам дінінде де ілім үйрену және үйрету тақырыбында еркек пен әйелді бір-бірінен бөліп-жармай, екеуіне де теңдей бұйырған. «Оқы!» әмірімен басталған Ислам дінінің дағуатына «Иә» деп жауап берген ең алғашқы әйелдің Хазіреті Хадиша (оған Алла разы болсын) анамыздың болғандығы Ислам дініндегі әйел адамның ілім алуының өзекті екендігін білдіреді.

Ал, Аллаһ жолында міндетті түрде әрбір пайғамбардың жанында болған әйел тарихтың сынды сәттерінде өте маңызды миссияны атқарды. Хазіреті Адамның қасында оның қолдаушысы Хауа анамыз болған еді. Хазіреті Ибраһиммен бірге Ажар анамыз еркек пен әйел болсын, барлық мүміндерге өнеге болды. Әсия анамыз Хазіреті Мұса заманындағы мойынсұнушылықпен үлгі болды. Хазіреті Исаның қасында болған анасы Мәриям анамыз адамзатқа құлшылықты үйретті. Хазіреті Мұхаммед Мұстафамен бірге болған Хадиша анамыз оған ең қиын-қыстау заманда материалдық және рухани жағынан пана болды. Осыдан-ақ әйел адамдардың дін жолында үлкен қызмет атқара алатынын көреміз.

Ислам діні тек азат қыз бала тәрбиесіне мән беріп қана қойған жоқ, қоғамда аса мән берілмеген күңдерге оқу-ағарту ісімен айналысуға мүмкіндік беріп, тіпті күңдерді оқытуды да насихаттады. Бұл жөнінде Әбу Мұса әл-Әшғариден жеткен хадисте Пайғамбарымыз: «Кімде-кім күңін жақсы оқытып, оған қажетті білімді үйретіп, жақсы тәрбие берсе, сосын оны азат етіп, үйлендірсе, Алла Тағала оған екі есе сауап береді», - деген. (Бухари, Жиһад, 145-хадис)

 Бұл хадистен түсінгеніміздей, ислам діні азат әйелдердің ғана емес, тіпті күң әйелдердің де білім алу құқығын шектемеген. Мұсылмандар бұл тақырыпта айтылған хадиске мойынсұнып, күңдердің тәрбиесіне мән берген.  Ғылымның әртүрлі салаларында атақ-даңққа ие болған күңдер туралы тарихи деректерде де айтылады. Сонымен қатар, хадис көздерінде көптеген күңдер болғаны баяндалады.

Тарих қойнауында ерлер мен әйелдер қоғам өмірінің барлық саласында жиі қатарлас болып, бір-біріне көмектесіп, толықтырып отырған.  Ислам діні бойынша әйел отбасының екінші мүшесі болғанымен, ол қоғамдық құрылыстың іргетасы және сәулетшісі болып табылады.  Өйткені балалар алғашқы тәлім-тәрбиені, әдепті әкеден емес, анасынан алады. Исламның алғашқы ғасырларында әйелдер қоғамдық және ғылыми өмірде белсенді рөл атқарды. Олар соғыстарда медбике болумен қатар, хадис, фиқһ және осыған ұқсас діни ғылым салаларында да өте белсенді болды. Сондай-ақ математика, медицина және астрономия сияқты салаларға да қызығушылық танытқан. Ғұлама әйелдер Ислам өркениетінің негізін қалаушы ғылымның әр саласында, жатқа оқудан фиқһқа, әдебиет-тен математикаға дейін өз құзіреттіліктерін көрсетіп, өздерін ең жақсы жолмен тәрбиелеу арқылы өз білімдерін ортаға салғаны сөзсіз. Бұл ретте медреселер, ауруханалар мен кітапханалар салған әйелдердің ислам өркениетіне қосқан үлесі ерекше.

«Білім алу- ерге де, әйелге де парыз» деген  (Ибн Мажа, Ғылым, 224-хадис) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзатты Ислам дінін, иман негіздерін үйреніп, оқу мен жазуға шақырған. Исламның алғашқы жылдарында сауатты әйелдердің саны аз еді.  Уақыт өте сауатты әйелдер көбейді, білім мен тәлім-тәрбие үлгісімен айналысқан, түрлі деңгейдегі білімге ие көптеген мұсылман әйелдердің саны артты. Әсіресе, сахабалар арасында кейбір тақырыптарда көзге түскен сахаба әйелдер болған.

Алайда, жахилият дәуіріндегі дәстүрдің ықпалына түскен кейбір арабтар исламның алғашқы жылдарында әйелдердің білімі мен тәрбиесін құптаған жоқ. Одан кейін Ислам әлемінде сауатты әйелдер саны артты. Кейбір әйелдер тіпті сарайларда хатшы болып жұмыс істеген.

Сонымен қатар, Пайғамбар заманында отбасындағы әйел адам күйеуінің қате деп санаған пікірлеріне қарсы болғандығын айта аламыз. Мысалы, Омардың әйелі Атика бинт Зәйд Пайғамбарымыздың берген рұқсатын пайдаланып, мешітте жамағатпен парыз намаздарын оқитын. Омар әйелінен оның бұл қылығының ұнамайтынын айтып, мешітте намаз оқуды тоқтатуын өтінгенде, әйелі Атика: «Алланың атымен ант етемін, егер мені аятпен көндірмейінше, мен мешітте намазымды оқи беремін», - деп жауап берді.  Осылайша, ол өмір бойы мешітте намаз оқуын жалғастырған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерге бір нәрсе үйретіп қана қойған жоқ, сонымен қатар әйелдерге тәлім-тәрбие беру үшін жеке ұстаздар тағайындаған. Әсіресе Мекке дәуірінде жеке ұстаздар қажет болды. Пайғамбарымыз Омардың қа-рындасы Фатима бинт әл-Хаттаб және оның күйеуі Хаббабты, бір риуаятта Хаулан тайпасынан бір әйелді Йеменге ұстаз ретінде жібергені айтылады.

Хадис жеткізген сахаба әйелдер де көп болған. Сахабалар туралы еңбектердің әйелдерге арналған бөлімдерінің соңғы томдарында көптеген сахаба әйелдер хадис жеткізушілері ретінде таныстырылады. Сөзсіз, мүміндердің анасы Айша (р.а.) анамыз сахабалар арасында ғылыми мәртебесі жоғары еді.  Одан екі мың екі жүзге жуық хадис шәриф жеткен. Сұрақтарға жауап беріп, мәселелерді шешу жолдарын ұсынуда, Мәдина мектебінің дүниеге келуінде Айша анамы-здың белсенді қызметі болды. Ғылым алқаларында да әйелдерге дәріс оқыды. Осы зерттеулер көрсеткендей, көптеген мұсылман әйелдері оқу мен жазуды үйренді, шәкірттер дайындады және көптеген араб шығармаларын көшірумен айналысты. Олардың кейбіреулері шәкірттеріне маңызды хадис көздері саналатын «Сахихул-Бухари» және «Сахих Муслим» сияқты еңбектерді оқытты. Осылайша олар араб тілінің дамуына үлес қосты.

Ерекше айта кететін тағы бір жайт: Ислам дінді ғылыми, діни және зайырлы деп бөлмейтіндіктен, сахабалар тек діни пәндер бойынша білім алған, олар тек діни тақырыпта сұрақ қойған деп түсінбеу керек. Көптеген салаларда жетістікке жеткен сахаба әйелдер бар. Айша анамыз осы жерде мысал ретінде келтіретін жан-жақты тұлға. Оның білімі тек діни-құқықтық мәселелермен шектеліп қалмай, әдебиетке, тарихқа, поэзияға және медицинаға қатты қызығып, ең көп хадис риуаят еткен сахаба әйел болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің әйелдерінің ілім алуына келген кезде ерекше көңіл бөлген. Бухариден жеткен хадисте Пайғамбарымыз аптасына бір күн арнап, оларға уағыз айтатын, ілім үйрететін, сұрақтарына жауап беретін. Алла Елшісі әйелдерінің өздеріне тән қызметтері болған. Мысалы, Хафса анамыз оқу-жазуды білетін. Ал Айша анамыз Пайғамбарымыздың жанында жүріп, хадис, фиқһ, Құран салаларын меңгеретін.

Жоғарыда баяндап өткеніміздей, сахаба әйелдер өздеріне қажет нәрселерді ілім алқаларынан меңгеріп, күйеулерінен де естіп отырған. Сол арқылы білім-дерін толықтырып, имандарын кемелдендіре түскен. Қандай да бір сауал туындаса, тікелей Алла Елшісінен немесе оның әйелдерінен үйренетін. Алла Тағала әйелдердің жағдайына байланысты жеке мәселелерді жеткізуді Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдеріне жүктеген. Бұл жөнінде Құранда: «Үйлеріңде оқылып жатқан Алланың аяттары мен хикметтерін еске салып, жеткізіңдер» делінген.

Шаекова Шолпан