Slider

Садақа – ризықты көбейтеді, басымызға келетін қиыншылықтардан, апаттар мен күнәлардан қорғайтын қалқан.

Садақа – ризықты көбейтеді, басымызға келетін қиыншылықтардан, апаттар мен күнәлардан қорғайтын қалқан. Бұл дүниеде жақсылыққа апаратын көпір – ақыреттегі амалдарымыз. Садақа да ізгі амалдардың бірі.

Садақа – мұсылманның Алла разылығы үшін байлығынан мұқтаждарға беретін ерікті көмегі. Парыз зекеттен бөлек садақа берудің маңыздылығына Құран Кәрімнің әртүрлі аяттарында тоқталған. Дінімізде жүрек қалауымен жасалған қайырымдылықтың мәні кең. Қалыпты жағдайдағы қаржылық көмекпен қатар, қарыз алған адам төлеуде қиналатын болса, оған төлегенінше дейін уақыт беру де садақа болып саналады. Бұл тұрғыда хадисте былай делінген: «Егер қарыз алушы қиыншылыққа тап болса, оның материалдық жағдайы түзелгенше, оған уақыт беру садақаға жатады».

Жалпы садақа ұғымын жақсырақ түсіну үшін оны 4 негізгі тақырыпқа бөлуге болады.

1- Парыз садақа: Бұл  зекет деп аталады. Нисап көлеміне жететін байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла разылығы үшін Құранда белгіленген адамдарға үлестіруі.

2- Пітір садақасы: Пітір садақасы – әрбір мұсылман беруге міндетті зекет. Рамазан айында беріледі.

3- Нәпіл садақа: Бұл – Раббымыздың разылығынан үміт ете отырып берген садақа. Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсылық.

4- Садақа жәрия: Қайтыс болғаннан кейін де жақсы амалдардың амал дәптерімізге жазылуына себепші болған садақа. Мешіт, мектеп, аурухана, жол салу, ағаш отырғызу, субұрқақтар салу, пайдалы ғылыми еңбектер қалдыру сияқты адамдарға пайда әкелетін игі істердің барлығы осы топқа жатады.

Жақсы сөз бен жақсы амал жасау да садақа болып табылады. Адам баласы айналасындағы адамдарға жақсылықты насихаттап, жамандықтан сақтандырса, адамдарға кедергі болатын затты жолдан алып тастаса, адасып кеткен адамға жол көрсетсе, айналасындағыларға жақсы сөздер айтса, қысқасы, қайырымдылық мақсатында жасалған әрбір жақсылықты Пайғамбарымыз садақа деп көрсеткен.  Күлімдеген жүздер мен жақсы сөздерден бастап, отбасы бақытына үлес қосамын деген ниетпен дастархан басында әйелінің аузына салатын бір қасық тамаққа дейін бәрі – садақа.

Алла тағала Құран аяттарының бірінде «Сүйікті нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, жақсылыққа жете алмайсыңдар» деген. Адамның әрбір ізгі, көркем мінез-құлқын садақа деп қабылдаған дініміз мүміндерді Алла жолында садақа беруге шақырып, насихаттайды. Құран мүміндерге таза тапқандары мен істеген еңбектерінен өзгелерге де беруді бұйырып, олардың ризық-несібелері азаяды деп уайымдамаулары керектігін айтады. Негізінде, Пайғамбарымыз айтқандай, нағыз байлық – малдың көптігімен емес, жүректің байлығымен өлшенеді. Бұл тұрғыда әркім өз мүмкіндігіне қарай садақа беруі керек. Садақа мал-мүлікті кемітпейді, керісінше жұмсалған малдың орнына одан да жақсырағы нәсіп болады. Хазреті Имам Шафиғи бұл жайлы: «Алғанды ​​ұнататын, беруді ұнатпайтын адамдармен дос болу жараспайды» деген.

Әйелдер үшін зекет берудің маңызы қандай?

Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаят бойынша Алла Елшісі (с.ғ.с.):

- «Әй, әйелдер! Садақа беріңіздер және көп кешірім тілеңіздер» деген.

Садақа бергісі келген адам садақаға мұқтаж болмау керек немесе өзін де, жанұясын да «мұқтаж» етпейтіндей етіп бәрін садақа етіп бермеуі керек. Өйткені, бұл мәселеде ең бастысы, адам өзінен және отбасынан артылғанын садақа ретінде бергені абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең жақсы садақа туралы: «Ең жақсы садақа – бай болған кезде берілетін садақа», – деген. Яғни, алдымен отбасына мән беріп, оларды назардан тыс қалдыруға болмайтынын ескертті. Өйткені адам ең алдымен өз отбасы мүшелерін асырауға жауапты.

Абдувалинов Дастан