Slider

Жат ағым зардабы

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қоғамы үшін халықтың көпшілігі ұстанатын дәстүрлі дін – ханафи мәзһабындағы сунниттік ислам. Ал Қазақстан зайырлы ел болғанымен, мемлекет өз азаматтарының белгілі бір діни рәсімдерді орындауына кедергі келтіріп қана қоймайды, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесіне өзінің діни таңдауын еркін таңдау құқығын береді. Алайда, адамдардың ұстанымына, жұмысына, еркін білім алуына, ата-анасымен қарым-қатынасына теріс көзқарастарымен әсер ететін топтарға дін де, дәстүр де, заң да қайшы.

Соңғы жылдары айналасындағы адамдарға өздерінің діни ұстанымдарын таңуға тырысып, насихаттайтын теріс ағымдар көбейе бастады. Бұндай ағымдар тұтас қоғамға да, ұлтаралық бірлікке де қауіп төндіреді. Көп жағдайда ол топтар діни мәтіндерді тура мағынасында түсінеді. Ал Құран мен пайғамбар хадистеріне еркін түсініктеме беру, олардың мәнін бұрмалау және бұрмаланған хабарларды  өзгеге тарату- Ислам дінінің білім беру жүйесіне кереғар. Өйткені, кез-келген ақпаратты берер алдында ол мәселені жан-жақты ізденіп, білікті дін мамандарына жүгіну керек. Көбінесе, теріс ағымдарға жастар алданып қалып жатады. Нәтижесінде, бұл нәрсе жанұясымен, туыстарымен байланысын үзіп, оқуын тастауына, жұмыстан шығуына дейін зардабын тигізеді. Өйткені, кейбір ағымдар намаз оқымайтын туыспен байланыстың үзу керектігін, діни емес оқу орнынан шығып кетуін үгіттейді. Қоғамнан оқшаулануды қалайды. Әйелдерге үйден шығуға тыйым салады.

Ал Ислам бейбітшілік діні болғандықтан, дініміз бойынша, ата-анамен, туыспен жақсы мәміледе болу міндетті. Дұрыс білім алып, өзгеге тарату, қоғамға пайдасын тигізу- ең игі істердің бірі. Дініміз мұсылмандардың әр түрлі топтарға бөлінуіне әрқашан да қарсы. Алла Тағала бұл жайлы «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер»  («Әли Имран» сүресі, 103-аят)-деп ескерткен. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сендерге әрдайым жамағатпен бірге болуды және бөлінушіліктен сақтанып жүруді тапсырамын. Шын мәнінде шайтан, жалғыз қалған адаммен бірге, ал екі адам болған жерден аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың жайлылығын қаласа көпшілікті ұстансын» (Тирмизи 2165)

Секталық құрылымдардың жетекшілері мен ұйымдастырушылары көбіне адамдардың әл-ауқатын емес, өздерінің қамын ойлайды. Бірақ көп жағдайда олар үшін материалдық байлықтан да маңызды нәрсе - олардан сұралғанның бәрін орындауға дайын тұратын адамдар керек. Сол арқылы мақсаттарын жүзеге асыруы мүмкін. Қарым-қатынасты, рухани дамуды, материалдық әл-ауқатты қажет ететін адамдар сектаға барады, бірақ оның орнына олар бәрінен айырылады: ақша, денсаулық, жақын жандар, т.б...

Жат ағым- адам денесінде пайда болатын бір дерт сияқты. Бір рет шалдықсаң, айығу үшін ұзақ уақыт керек болады. Сол себепті, жат ағымдарға ұрынбас бұрын оның алдын алу қажет. Бүгінгі таңда әрбір мұсылманның түрлі діни ағымдардан аулақ болып, олардың жетегінен сақтануы өте маңызды болып тұр. Теріс көзқарастылардың насихатына ермес үшін мына нәрселерге мән беру керек:

  1. Сенімді жерлерден діни сауатты арттыру.

Бүгінгі таңда діни білім алу үшін жан-жақты жағдай жасалған. Мешіттерде дұрыс бағытта, ханафи мазһабы бойынша сабақ беріледі. Әлеуметтік желілерде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рұқсат еткен ұстаздардың пайдалы дәрістерін тыңдап, білімімізді арттыруға болады. Қандай да бір сұрақтар туындаса діни білімі жоқ адамнан емес, имам-ұстаздардан сұрауымыз керек. Соңғы жылдары діни сауат аламыз деп, шетелдік белгісіз оқуларда оқып келіп, халықты адастырып жүрген жандар бар. Сондай қателікке ұрынбас үшін сапалы білім алуымыз өте маңызды. Дінді сенімді қайнар көздерінен үйреніп, рухани сүзгі қалыптастырса, теріс ағым ықпалынан сақтана алады.

  1. Әлеуметтік желілерді бақылау

Қазір ақпараттық ағынның шарықтап тұрған кезеңі екені белгілі. Ғаламтордағы мәліметтердің пайдасымен қоса зияны да бар екенін есте ұстауымыз керек. Көп жағдайда жат ағымдар әлеуметтік желілер арқылы таралып, сол арқылы көбейіп, белең алады. Сондықтан, егер бала ғаламтарды пайдаланатын болса, ата-анасы не іздеп, не көретіндігін жауапкершілікке алуы керек.

  1. Дәстүрлі Исламды ұстану

Қазіргі кезде мұсылмандардың көпшілігі Ханафи мазһабын ұстанады. Біздің ата-бабаларымыз да Матуриди ақидасын, Ханафи мәзһабын басшылыққа алған. Бір сенім, бір мәзһабта болғаннан кейін дін мәселесінде кикілжің мен талас болған емес. Шәкәрім атамыз да бұл турасында былай деп айтып кеткен: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұшпандық қару жасар». Жамағатты топ-топқа бөліп, іштей араздастырып, кереғар пікірлерін алға тартып, өздерінікін ғана дұрысқа шығару- теріс ағымның сипаты.

  1. Жан-жақты болу.

Егер адамның жан-жақты білімі мен өнері болса, тіл үйренсе, ойын ашық жеткізе алатын сауатты болса, тарих һәм дәстүрді білсе, бір сөзбен айтқанда, көзі ашық көкірегі ояу болса- ондай адамның жат ағымға кетуі екі талай. Өйткені көзі ашық жан кез-келген мәселеде ізденіп, жан-жақты сараптап барып, іске кіріседі. Сондықтан әр адам өзін ұдайы дамытып отыруы нұр үстіне нұр болады.

Қорытындылай келе, біздің, яғни теологтардың жасап жатқан жұмыстарымыздың бірі – қоғамымызды жат ағымның жетегінен сақтандыру, аталмыш бағытта барынша ақпарттық- насихаттық жұмыстарын жүргізу және теріс топтағы жандармен түсіндіру жұмыстарын атқару. Алла тағала бейбітшілігімізден айырмасын, теріс пиғылды адамдардан аулақ етсін!

Сафиуллин Жансұлтан