Slider

Зайырлылық дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайды

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

төрағасы, Бас мүфти

— Зайырлылық – əр адамның нәсіліне қарамастан, әр азаматтың қандай да бір дінге сену-сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысы еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етеді. Профессор, ғылым докторы Досай Кенжетайдың пікірінше, зайырлылық туралы анықтамалар көп. Солардың бірі – барлық дінге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болған мемлекеттік ұстаным. Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық дінге бейтарап қарайды? Себебі дін көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен, олардың танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады».

( «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» атты халықаралық форумында сөйлеген сөзінен)

Зайырлылық дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайды

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» атты халықаралық форум өтті. Форумға Башқұртстан, Өзбекстан, Украина елдерінен ғалымдар және еліміздің белгілі ғалымдары, теологтары, имамдар қатысты. Жиынның қадірлі қонағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз болды. Форумды БҚО әкімі Алтай Көлгінов сөз сөйлеп ашты.
— Бүгінгі халықаралық форумның тақырыбы өзекті болып отырған мәселені талқылаудың және пікір алмасудың шынайы қажеттілігінен туындап отыр. Біз ақпараттық технология мен ғаламдық саяси-философиялық құндылықтардың белсенді өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Уақыттың талабына сай біз де өзгерістер мен үдерістерге уақтылы жауап қатып, мемлекетіміз бен тәуелсіздігімізге кереғар дүниелерге дер кезінде зейін қоюымыз заңды. Ол үшін құқықтық талаптарды, бағыт-бағдарымызды қайта қарауымыз қажет. Бүгінгі шарамыздың басты мақсаты дін саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, зайырлылық қағидаттарын алға тарту, керітартпа идеологияға, діни экстремизмге қарсы нөлдік төзімділік қалыптастыру, тұрақты конфессияаралық қатынасты нығайту және өзекті дін мәселелері бойынша қонақтарымызбен тәжірибе алмасу болып табылады, — деді әкім.

— Баршаңызға Алланың берекеті жаусын деп тілеймін! Халқымызда «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес, ең әуелі, терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Бүгінгі таңда күш те, қуат та білім мен бірлікте. Қазіргі қоғамға қажет мінездердің бірі – әділеттілік, адамгершілік, татулық пен бауырмашылдық. Алла Тағала қасиетті Құранда «Алланың дінінен (жібінен) мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп, адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған, — деді өз баяндамасында еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Бұдан әрі Бас мүфти мәзһабтағы бірліктің маңыздылығы туралы сөз қозғап, елімізде бірлік пен ынтымақтың салтанат құруы үшін атқарылуы қажет істер туралы баяндады.

Форумның пленарлық мәжілісінде БҚО прокурорының міндетін атқарушы Жандос Өмірәлиев, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің дінтану сараптамасы және діни білім беру ұйымдарымен байланыс басқармасының басшысы Мейрам Иманбаев, Өзбекстан діни басқармасының бөлім басшысы Мұхаммед-Акмалхан Шəкіров, «Нұр- Мүбәрак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев және университет профессоры Қайрат Затов, оралдық ғалым, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков, украиналық ғалым Денис Брилев, Уфа қаласындағы Ресей ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының аға оқытушысы Лола Шакимова баяндама жасады.

Имамдарымыздың халықпен жұмыс істеуде, жамағатқа дінді түсіндіруде сөйлеу шешендігі кейде ақсап жататыны – шындық. Баяндамашы М. Ахметов Уфа қаласындағы Ресей ислам университетіндегі сөйлеу шешендігі курсына еліміздің имамдарына 20 квота бөлінгенін қуана жеткізді.

Түсқайта форумға қатысушы құқық қорғау және арнайы құрылымдардың қызметкерлері үшін «Радикализмге қарсы күрестің құқықтық және психологиялық аспектілері» және ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелері мен БАҚ өкілдері үшін «Дін саласындағы құқықтық реттеудің маңыздылығы» тақырыптарында секциялар жұмыс істеді. Ал имамдар, дінтанушылар мен теологтар «Зайырлы мемлекеттегі діни қызметкерлердің құқықтық сауаттылығы» атты секцияға қатысты.

Форумға қатысушы дін мамандары бүгінгі күннің өткір мәселесіне айналған діни теріс ағымдардың зиянына тоқталып, зайырлы мемлекетіміздегі дін мен құқықтың өзара байланысы туралы ақпарат алды. Бүгінгі форумда зайырлы мемлекеттің діни наным-сенімді адамның табиғатына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастыратыны және әрдайым құқықтық нормаларды басшылыққа ұстайтыны, зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылатыны, алайда дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің тіректерінің бірі, яғни рухани тірегі болып қала беретіні айқын.

 

Ұлдай САРИЕВА,

Орал қаласы

 

Форум қонақтарының пікірі

 

Батыржан қажы МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы,

Иманғали мешітінің бас имамы

Орал қаласында өткен «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» атты халықаралық форум – қоғамдағы өзекті мәселеге арналуымен құнды. Шыны керек, дін атын жамылған жат ағымды ұстанушылар зайырлылықты дінсіздік ретінде көрсетуге тырысуда.

Асылында, зайырлылық мемлекет пен дін арасындағы қатынасты анықтайтын ұстаным. Ислам әлеміне танымал ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын еңбектерінде мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған еді. Демек, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз атап өткеніндей, бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды.

Және бір айта кетеріміз, біздің елімізде исламның негізгі шарттары орындалып отыр. Яғни, еліміздің мұсылман азаматтарының Алланы тануға, Елшіні (с.ғ.с) тануға, намаз оқуға, ораза ұстауға, зекет беруге, қажылық жасауға толық мүмкіндігі бар. Демек, жүрегінде шынайы иманы бар адам мемлекетке мойынсұнуы керек. Исламның өзі тәртіптен тұрады.

Қазіргідей алмағайып замандақазақ қоғамына адамгершілік, ынтымақ, ізгілік қасиеттері ауадай қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың дінінен (жібінен) мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған. Мына заманда мәзһабтағы бірлік те аса маңызды. Бір мәзһаб бірлік пен ынтымаққа бастайды. Сондықтан, халқымыз зайырлылық ұғымының «ар-ождан бостандығы» және «төзімділік», «толеранттылық» сынды ұғымдармен және түсініктермен тығыз байланысты екендігін ұғынуы тиіс.

Мейірбек ҚҰБЫШЕВ,

Атырау облысы дін істері басқармасының

«Ақпараттық-талдау орталығы» КММ-ның басшысы:

— Ақпараттық-талдау орталығы дін саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға атсалысатын мамандардың біліктілігін арттыруда жыл сайын курстар ұйымдастырып келеді. Үздіксіз жүргізген оңалту жұмыстарының нәтижесінде салафиттік идеологияны ұстанып келген 72 тұлға дәстүрлі діни көзқарасқа қайтарылды. Оның ішінде 21-і – жазасын өтеушілер,18-і – студент, 33-і – қала, ауыл тұрғындары.

Күмәнді шетелдік оқу орындарында оқып жүргендерді қайтару да күрделі мәселе. Соңғы жылдары Атырау облысы дін істері басқармасының шет елде білім алушылардың ата-аналарымен өткізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде күмәнді шетелдік оқу орындарында оқып жүрген 61 адам елге қайтарылды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда халықтың, соның ішінде жастардың діни сауаттылығын арттыру – басты мәселенің бірі. Бұл бағытта жыл басынан бері БАҚ-та 1400-ге жуық ақпарат таратылды. 2014 жылдан бастап орталықтың базасында облыстық «Руханият әлемі» газеті 1 500 тиражбен, айына 2 рет шығарылып, мешіт жамағатына, облыс тұрғындарына тегін таратылып келеді. Бұл жұмыстар облыс халқының діни сауаттылығын арттыруда елеулі рөл атқарып отыр. Біз діндар бола тұра, зайырлы мемлекетіміздің заңдарымен санасатын, ұлттық құндылықтарымызды теріске шығармайтын ұрпақ тәрбиелеуге тиістіміз. Форумға қатысушы әріптестеріме осы мақсатта жемісті еңбек тілеймін!

 

Лола ШАКИМОВА,

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті

академиясының аға оқытушысы:

— Бес жыл ішінде елімізде 14 лаңкестік оқиға болған. 90 адам көз жұмып, 50 шақты адам жарақаттанған. 144 құқық қорғау қызметкері міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан. Дәл қазір Қазақстандағы түрмелерде экстремизм мен терроризм бабы бойынша бас бостандығынан айырылған 450-ден астам сотталушы отыр. Олардың ең жасы 17-де болса, үлкені 48 жаста. Отандық психологтар олардың мотивациялық бағыттарын зерттей келе, бес түрлі психологиялық ерекшелікке топтастырған. Біріншісі – оқшауланғандар, екіншісі – агрессияшылдар, үшінші санатқа бас бостандығынан айыру орындарында болғандар жатқызылса, төртінші топ – жалдамалылар, бесіншісі – кездейсоқ адамдар тобы. Бұл топқа жастар мен әйелдер кіреді. Өкініштісі сол, бүгінде жат ағымның идеологиясын таратқаны үшін 13 әйел қамауда отыр. Тағы бір өкініштісі, аталмыш бапқа сәйкес темір торға тоғытылғандардың 85 пайызы діни сауатсыздықтың салдарынан ғаламтор арқылы жат ағым құрбанына айналған.

Биліктен елге оралуды сұраған Сириядағы 20 отандасымыздың әрекеті құптарлық. Себебі олар Қазақстаннан басқа ешкімге керек емес. Адами тұрғыдан қарағанда, солай. Діндар адам патриот болуы тиіс. Ол біздің заңдарымызды, билікті, қоғамның барлық нормаларын сыйлауы керек. Олардың мәселесі мемлекеттік дейгейде қаралады. Егер оң шешіліп, елге оралатын болса, олармен өте көп жұмыстануға тура келеді. Соғысты, қанды қасапты көрген, террористер тұзағында болған олар екі аралықтағы әрі-сәрі күйде болады. Адами қалыпқа келтіру үшін теологтар, психологтар, имамдардың көмегі аса қажет.

 

Мурсаль АХМЕТОВ,

Ресей ислам университетінің проректоры (Башқұртстан Республикасы, Уфа қаласы):

— Ең алдымен, залда отырған қауым алдында айтарым: мен мүсліммін. Дәстүрлі сенімдегі мұсылманмын. Бізге атамыз бен әкеміз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа таралып, біздің болашақ ұрпағымызға берілетін діни сенім-нанымды ұстанамын. Cол себепті еуразиялық кеңістіктегі бейбітшілік пен жасампаздық мәселелерін белгілеп өткелі отырған кейбір сәттерді алдын ала анықтап кетпекпін.

Ислам өз бастауын Таяу Шығыстан алған әлемдік жетекші діннің бірі болды, дәл қазір де, болашақта да солай болары анық. «Ислам» түсінігіне бірнеше мән біріктірілген. Бұл, сөз жоқ, өзінің қайталанбас және дербестендірілген әдет-ғұрпы, қағидалары мен салты бар дін. Исламның осы тұсы ішкі және ислам дінінің ережелерін мойындайтын, қабылдайтын және ұстанатын азаматтар үшін ғана қолжетімді саналады. Бұл – бейбітшілік пен аманшылық арқасында ғана қалыптасқан және қолданылатын білім, білік, догмалар мен тәжірибе жүйесі. Сонымен қатар ислам – ең бай және ең дана мәдениет, оның негізінде қоғамдағы өмірдің, осы қоғам мүшелерінің барлығы өзара әрекеттесуі мен әріптестігінің белгілі қағидалары қалыптасқан деген түсінік бар. Бұны түсіну, мойындау және қабылдау өте маңызды. Агрессия, жабайылық, тонау мен зорлық-зомбылық ғылыми негізделіп келеді. Қазіргі сәтте Таяу Шығыста да, Африканың солтүстік-шығысында да не болып жатқандығына сіз бен біз тікелей куәміз. Және біз Қазақстан және Ресей Федерациясының белгілі бөлігі орналасқан Орталық Азия территориясында қақтығыс жағдайларын туындатуға шынайы қауіп-қатер туындағанын түсініп отырмыз.

Заманауи әлемде дербес өңірлер мен аймақтық бөліністерге дамудың жолдары мен тәсілдерін іздеу өте қиын. Бұл жерде көршілердің тәжірибесі, дайын шешімдер мен тәжірибе, сондай-ақ өзара әріптестік пен өзара әрекеттесудің мүмкіндігі аса маңызды.

Ресей мен Қазақстан, Қазақстан мен Ресей тарихи тұрғыда үнемі бірге болды, қуанышта да, қайғыда да біртұтас екендіктерін танытты. Біздің бір ғана құндылық және дәстүрлермен өмір сүретіндігімізді ескерсек, арамызды ажырату мүмкін емес. Және біз жақындасу, бірлесу мен достықты дамытудың өзімізге берілген әрбір мүмкіндігін қолдануға міндеттіміз.