Slider

ЕЛІМІЗДЕГІ АБАЙ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

«Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Хәкім Абайдың өзі жырлағандай, қазақтың бас ақынының бақилық болғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, артында исі қазаққа ғұмырлық рухани азық болар өшпес мұрасы, тайға салған таңбадай ізі қалды. 

Өмірі мен шығармашылығын зерттеп, Абайдың жанына толық үңіле алмаса да, көпшіліктің ешқандай мерейтойсыз, атаулы күндерсіз-ақ іздейтін екі ақыны болса, соның бірі осы – данышпан Абай.

50-ден астам шығарманы қазақша сөйлеткен даңқты ақынның өлеңдері де және оны дүниежүзіне танытқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы да әлемнің көптеген тіліне аударылды. Содан болар жыл сайын интернеттен шамамен 12,5 млн рет Абай туралы мәлімет ізделеді екен. Ал ЮНЕСКО 1995 жылды – Абай жылы деп белгілеген болатын.

Данышпан ақынның:

«Әуелі хаят, хадис – сөздің басы,

Қосарлы бәйітмысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы?» — дегеніндей, бүгінгі таңда уағыз айтар имамдар Құран аяттары Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерімен сөздерін қуаттай келе, халық даналығымен, әсіресе осы Абайдың қара сөздері немесе өлеңдерімен насихаттарын көркемдеп отыратынын жақсы білеміз.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Өйткені ұлт руханиятының темірқазығы саналатын Хәкім Абай – әрқашан жүрегімізде. Өлеңдері мен қара сөздерін күнде оқып жүрмесек те, үйден шығып көшеге аяқ басқаннан-ақ оның атымен аталатын не көшеге, не даңғылға, болмаса мектеп пен оның құрметіне қойылған үлкенді-кішілі ескерткіштерге жолығасыз. Биыл ақынның 175 жылдығына орай оның мұралары бұрынғыдан да артық насихатталып жатқаны тағы белгілі.

Елімізден бөлек алыс-жақын шетелдерде Абайдың ескерткіштері және оның атындағы 30 көше мен даңғыл бар. Ал еліміздің қай аймағын алып қарасаңыз да, Абай атындағы мектептің де, көшелердің де және ескерткіштердің де барына көз жеткізесіз. Тіпті, бірнеше облыста Абай атындағы 30-ға таяу аудан орталықтары, ауылдар да бар екен.

Біреу білер, біреу білмес, «Абай әлемі» /www.abaialemi.kz/ cайтында Абай ескерткіштерінің картасы жарияланған. Осы картада еліміздегі Абайдың 17 ескерткіші белгіленген болса, біз соның кейбірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.