Бүгінгі қоғамда дін құбылысына қорқа қарап, оны балақпен, сақалмен, хижаппен, яғни сыртқы шүберек пен жүнге қарап танитын болдық. Діннің ар, иман, махаббат деген ұғымдарына емес, куфр, ширк, бидғат терминдеріне, яғни сырттағы бөтен ағымдардың сөздеріне еріп, жетегінде кеттік. Содан қоғамда дін тақырыбы құбылыс ретінде жақтастар мен қарсыластар сияқты екі шепке айналды. Біз және олар…
Біз жақтағылар да, ол жақтағылар да бір-бірін тек қана формаға, көріністерге қарап бағалайтын болды. Жалпы үрейлі адамнан мораль, адамгершілік құндылықтар күтуге бола ма? Өзі қорқып, үрейге оранып жүрген адам қоғамға көркем мінез үлгісі бола ала ма? Діндарларымыз бар, бірақ, әсер жоқ. Ислам үрей көзі деген, исламофобия исламды құбыжық қылып көрсету саясатына байқамай өзіміз де еніп кеттік… Біраз терең ой керек, ұрандап кеттік…
Қазақ исламмен ғана болмысқа айналған, мәдениеті, дүниетанымы, мемлекеттілігі бәрі исламмен анықталып, түсіндіріледі. Олай болса, ислам – біз үшін ең басты құндылық. Ал ол расында құндылық болса, оған ең алдымен жауапкершілікпен, махаббатпен қарау керек еді…Біз ше, үреймен.. Осы хәлдің психологиялық себептерін, танымдық негіздерін, өзімізді ақылға шақырып, сараптауға шақырамын. Ойлы болғанымыз жөн… Исламға тарихи болмысымыздағы өз орнын беруіміз керек. Керісінше өзімізге сол панадан алатын орнымызды дайындағанымыз дұрыс…Оны қалай үйлестіреміз?!
Алдымен біз де «таза исламды» нақтылап алайық…Бұл тіркес те дұрыс емес, біз үшін таза ислам тіркесі ол дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміз. Сырттан келген жат ағымдарды таңып, екшеп, олардан қашуды, өзіміздің ата бабаларымыз ғасырлар бойы қанымызға сіңірген «дәстүрлі мұсылмандық негіздерімізді» тануға, сонымен табысуға деген ниет, әрекеттерімізді ғылыми негізге салайық.
Қазір қоғамда діни танымға қатысты ақыл мен білім емес, субъективті, идеологиялық тенденциялардың басымдығы негізінде пайдасыз пікірталастар, мәнсіз қақтығыстар, жамағатқа бөлінушілік, мұсылмандардың ішкі қуатын, әрекетшіл қабілеттерін сарқып, олардың әлемге ашылуына, бүгінгі заман талабына сай болуларына кедергі жасап келеді. Сондықтан, үлкен рухани ауытқушылықтарға тап болып, адам мен қоғамды тек бір қырынан ғана қарастыруға болмайды. Алла мен адам, әлемді тұтас қарастыратын адамға ең ұлы мәртебе беріп, жүйелі, аян, ақыл, сезім, ішкі таным ерекшеліктерін ескеріп, әрқайсысын өз орны мен ақиқатын нақтылап көрсеткен «таза ислам» жаңадан қайта тұжырымдалып, тіршілік көзі ретінде қоғамымызға қайта ұсынылуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, Құран – негізі құдайлық таным, адамдарды танымға, бақытқа жетелеуші ретінде түскен, ешқандай жалғандық жетпейтін, табиғат пен ақиқатқа сай, мәнінде ешқандай қайшылық жоқ ең соңғы кітап.
Құран – ислам дінінің және онымен байланысты ойлау жүйеміздің негізгі дереккөзі, қайнар бұлағы. Бірақ, адам шектеулі болмыс. Оның ұғыну, тану қабілеті де, танымға жету құралдары (көру, есту сияқты) да шектеулі. Сонымен қатар адам бірнеше әсер етуші факторлардың ықпалында қалып отыр. Құдайлық таным объектісі – Құран, ал Құранда пайғамбардың уахиі (аян) негізінде түсіндіріп, мазмұнын нақтылап кеткен ұғымдардан басқа көптеген ұғымдар мағына жағынан кеңейіп немесе өзгеріске ұшырауын діни тәжірибе тарихынан көріп отырмыз. Себебі, ислам ғылымындағы тафсирдің саны, тафсир мектебінің көптігі бұған дәлел бола алады. Құран адамды өзін, өмірді, әлемді мұқият зерттеуге, өмірдің, болмыстың мәнін ойлауға шақырады. Ал, ойсыз, әуейілерді, нәпсіқұмар, білімге емес жалған хабарға берілген, надандар ретінде танытып, оларды ауыспалы мағынада «керең», «мылқау», «соқыр» қатарына қояды. Бірақ, Құран құдайлық таным объектісі болса да, оның оқылуы, түсіндірілуі арқылы күнделікті өмірге қолданылуы адамға тән сипат, қасиет.
Бүгін кешегі түркі мұсылман ойшылдарының ғасырлар бойы қолданған методологиялық дәстүрлерінің көмегімен құқық, экономика, саясат, философия, психология, социология, тарих, дін және жаратылыстану ғылымдарын да қамтып, адамзаттық қорды иеленіп, бүгінгі заман талабына сай сүзіп, қайта түсініп, түсіндіруді, өмірге қолдануымыз қажет. Сонда ғана ислам мына егемен елімізге, қала берді әлемге нұр болып көрінеді.
Бүгінгі күні ислам террорист, соғысшыл, ұрдажық, «қауға сақалды», «қысқа балақты» тип қалыптастыратын дін ретінде танылып, құбыжық күйге түсіп отыр.
Міне, сондықтан дін құбылысының мәдениет, адам, ұлт және өркениет қабаттарындағы алатын орны туралы ақиқат бүгін өте өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанның өткен ғасырлардағы саяси отаршылдығы, кеңестік кезеңнің атеистік идеологиялық қысымы кезеңінде дін құбылысының болмыстық мәніне көңіл бөлінбеді. Қазақ мұсылмандығының негізіндегі діни таным арнасы Матуридия ақидасы мен Ханафи фиқхы, Иасауи ілімі арқылы қалыптасқан болатын. Бұл қабаттар ғылыми зерттеулерден тыс қалып келді. Жалпы дін туралы зерттеулер ғылыми танымдық шеңберде зерттеліп келе жатқанына да жүз елу жылдық тәжірибеде жинақталды. Бірақ бұл зерттеулер діннің жоғарыдағы айтқан болмыстық мәнге қатысы болмады.
Бүгін Қазақстандағы діни ахуалдың өзектілігі мен қажеттілігіне қарай дін құбылысын діни сана, діни сенім, діни тәжірибе және діни таным қабаттары арқылы тұжырымдау және саралау қоғам үшін пайдалы болмақ. Себебі, тәуелсіздік алғалы бері елімізде дін құбылысы төңірегінде сыртқы жат дін ағымдардың қысымы тарих бойы қалыптасқан мұсылмандығымыз бен ұлттық, мәдени болмысымызға елеулі қауіп тудыруда.
Діни таным – ұлттық болмысымыздың өзегі. Бүгінгі Матуриди мұрасының танылуы мен ғылыми түсіндірілуінің өзектілігі де осы жерде туындап отыр. Қазіргі таңда қоғамда діни танымы жат, бірақ ислам діні негіздеріне сүйенген діни тәжірибемізге мүлдем үйлеспейтін ағымдар белең алып барады. Бұл ағымдардың ең басты қауіп туғызып отырған қабаттары да діни танымға әсер етіп жатыр. Сондықтан діни таным ең басты проблема.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
Теология және философия
ғылымдарының докторы, профессор