Slider

ТҮРКІЛЕР ИСЛАММЕН БІТЕ ҚАЙНАСТЫ

Жалпы ислам дүниесінің саяси тағдырына Түркістан топырағынан шыққан көптеген хандықтар мен империялар қомақты үлес қосты. Олардың бір сыпырасы туралы кезінде талай айтылып та, жазылып та жатты. Ал Қарахан қағандығының (942-1212) Ислам мемлекеті болып жариялануының өзі үлкен оқиға болды. Ол аз десеңіз, Алтын Орда (1243-1503) Дешті Қыпшақта (Қыпшақ даласы) құрылып, түркі тайпаларын басын біріктірді. Кейіннен ол қыпшақтармен етене байланысып кеткендіктен де, Қыпшақ мемлекеті болып аталып кетті. Сондай-ақ Анадолы, Сирия, Египет сынды мұсылман елдермен саяси-экономикалық қарым-қатынастар осы кезде барынша жандана түсті. Бұған Алтын орда мемлекеті мен Египетті билеп тұрған Мәмлүктер (1250-1390) арасындағы қарым-қатынасты әбден жатқызуға болады. Оның өзі жақын қандас бауырлар арасындағы тығыз байланыс көрінісі болатұғын. Өйткені, екі жақта да Қыпшақ тайпасы жоғары сандық көрсеткішке ие еді. Соның әсерінен 1312 жылы Өзбек хан Алтын Орда мемлекетін Ислам мемлекеті деп жариялады.

Мәмлүктен шыққан Құтыз бен Бейбарыс Ислам елін сыртқы жаулардан қорғап, оның қалыптасып дамуына өлшеусіз үлес қосты. Нақтырақ айтқанда, Мәмлүк қосыны XIII  ғасырда  моңғолдың Құлағу әулеті әскерін күл-талқан етті. Ал, 1260 жылдың 3-қыркүйегінде Аин Жәлут мекенінде Сирия мен Палестинаға жасалған кресшілер әскерін жеңіліске ұшыратып, олардың жорығына  тойтарыс берді. Осылай мұсылман елдерінің күйреуіне жол бермеді. Әмір Темірден (1336-1405) Түркістан қаласында жәдігер қалған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі рухани мәнін күні-бүгінге дейін жойған емес. Әмір Темірдің бесінші ұрпағы Заһиреддин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530) құрған империясы (1526-1858) Ислам мәдениетіне құнды жазба мұралармен бірге, әлемге әйгілі Үндістанның Агра қаласындағы әсем  Тәж-маһал ғимаратымен әлем өркениетіне қаншалықты үлес қосқанын айқындай түседі.

Анадолы топырақтарында Осман Қазы (1258-1326) негізін қалаған Осман халифаты (1299-1923) әлем өркениетінің қақпасын мәдениет пен руханият дүниесіне ашты.  Жоғарыда аталған хандық пен патшалықтардың түбіріне мұқият зер салғанда, бәрінің де бастау көзі Түркістан. Осман Қазы болса, Оғыз тайпасынан тараған Қаи руы. Олар  Түркістаннан Анадолыға барғанда Қония Селжұқ сұлтаны тарапынан Анадолының батыс аймағына шекарашы қызметіне бекітіліп сонда аяқ тіреген еді. Ғалымдар Оғыздарды көбінесі Түркия, Әзірбайжан және Түрікмендердің арғы аталары деп айтып та, жазып та келеді.

Бір сөзбен айтқанда, ислам дүниесіне өлшеусіз үлес қосқан түркілердің әлем тарихының ұлы көшінде ойып орын алатыны сөзсіз.