1.Сұрақ: Балақ қысқартпау тәкәппарлық пен тозақылықтың белгісі ме ?
Жауап: Балақтың тым ұзын болуы нәжіс, кір-қоқыс жинауға апаруы мүмкін ол ғалымдарымыз айтқандай мәкруһ амалдардан. Ал балақ қысқарту және оны жасамаған адамға тозақы деп үкім беру нағыз надандықтың белгісі, өйткені мата Пайғамбар заманының қол жетпес құнды заты болатын. Сол үшін сол уақыттағы байлықтың межесі матаның ұзындығымен өлшенетін. Қазіргі кезде денеге жабатын мата тапшы болмағанымен соны жасаушы фирмалармен мақтан тұтатын адамдар аяқ киімімен, қолындағы сағатымен қалтасындағы телефонымен мақтанатындар кездеседі бұл да тәкаппарлықтың белгісі. Қазіргі заманда керісінше балақ қысқартып аяқтарын алшаң басып мешітке келетін кейбір бауырларымыздың бойынан осындай тәкаппарлық байқалады.
2.Сұрақ: Әйел адамға бетін жабу ниқаб кию уәжіп(міндет) пе ?
Жауап: Соңғы ғасырларда өмір сүрген ислам ғұламалары никабтың уәжіп, мубах, жәйздығында (рұқсат екеніне) тартысқан. Мұсылман әйелге бетін жауып жүргеннен ашып жүруінің дәлелі күштірек. « Бетті жауып жүру уәжіп (міндет) емес дегенді Мысыр еліндегі «әл Әзһар» университетінің ғалымдары, Тунистағы «Зайтун» университеті ғалымдары және шейх Насруддин Әлбани өзінің «Мұсылман әйелдің Құран және сүннеттегі хиджабы» деген кітабында айтқан. Бетті жабу уәжіп дегенді Саудияның ғалымы ибну Баз, Пәкістандағы Әбу Әълә Маудуди өзінің «Хиджаб» атты кітабында және Сириялық ғалым, Шафиғи мәзһабын ұстанушы Рамадан әл Бутый өзінің «Барлық Аллаға иман келтірген қыздарға» атты рисалясында айтқан».
Пәтуа заман, мекенге, әдет-ғұрыпқа қарай өзгереді. Ниқаб мәселесі де қауымның салт-дәстүріне қарай әр түрлі. Егер қоғам Ханбали мәзһабын ұстанса, онда әйелге бетін жауып жүру рұқсат. Ал, ханафи мәзһабында жүзді жабудан көрі, ашып жүру әдетке айналған. Мысалы, бір жігіт әйелінің бетін жауып, хиджабын қара етіп кигізіп қойса, жұрттың барлығы дерлік ол әйелге назарларын салады. Ол ісі арқылы әйелдің жолдасы мына жағдайлардың орын алуына себепкер болады:
— Әйеліне еркектердің тесіліп қарауына;
— Ол туралы жаман ой ойлауына;
— Ханафи мәзһабын ұстанатын елдің арасына өзге мәзһаб дәстүрін алып келгені үшін елдің наразысына ұшырауға;
— Діннен халықты шошытуына;
— Діннен болмаған нәрсені халықтың діннен деп ойлап қалуына және т.б.
3.Сұрақ : Мұсылмадарға топ-топқа бөлінуге болады ма?
Жауап: Алла Тағала мұсылман баласына: «Бөлінбеңдер …» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) – деп бауырмал болуға бұйырған. Мұсылман адам көркем мінез-құлықпен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтай білуі керек. Себебі, рухани тұрғыда өсіп-жетілген тұлға қандай жағдайда да барлық мәселені байыпты жолмен шешеді.
Алла Тағала: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер…» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі, бөлінуде – қаһары бар» (Имам Ахмад) деп, ынтымақ пен бірліктің мәнін ашып көрсеткен.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады» — деген өсиетін ұмытпайық.
- Сұрақ: Ғалымдарға немесе мазхабқа тақлид (ілесу) жасау дұрыс па?
Жауап: Шариғаттың нақты заңдары болып қалыптасқан Құран ме Сүннеттің әмірлері мен үкімдері бар. Олар сенімді қаймақтармен дәлелденген. Олар жөнінде ешқандай күмән мен көзқарастар жоқ. Мысалы: зинаның тиылуы, бес уақыт намаз, ораза. Әр адам бұл әмірлерді Құран мен хадистерден оқып, біле алады. Сол себептен бұл мәселелерде ижтихад пен бір ғалымның пікіріне жүгінудің қажеті жоқ.
Бірақ Құран мен Сүннеттің кейбір әмірлерін түсіну кезінде қиындықтар туып жатады, себебі бір мәселеде екі түрлі нұсқау кездеседі. Олардың екеуі де сенімді Құран және Сүннет қаймақтарымен дәлелденіп келеді.
Мәселен: Бір хадисте былай делінеді: ««Фатиха сүресін оқымағанның намазы жоқ». Бұл хадис бір қарағанда, намазда «Фатиха» сүресін оқу имамға міндетті болғандай- ақ, оның артында ұйып тұрғандарға және де жалғыз намаз оқушыға да міндетті екендігін білдіреді.
Бірақ басқа бір хадисте былай дейді: «Кімде кім имамға ұйыса, Құранды имамның оқығаны жеткілікті». Бұл хадисте имамға ұюшы ештеңе оқымауы керек деп айтылып тұр.
Егер, имамдарымызға тақлид жасамай, әрбір мұсылман өзі ижтиһад (дәл шариғи үкім) жасауы тиіс болса, бұл мүлде ақылға сыйымсыз нәрсе болып шығатын еді. Өйткені, Алла Тағала «Егер білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» («Нахл» сүресі, 43-аят) деген. Яғни, біз білмейтін нәрсенің жауабын сол мәселенің бүге-шүгесіне дейін терең білетін маманынан сұрауға тиістіміз. Сондай-ақ, шариғатымыз тақлид жасауға рұқсат бермей, әрбір мұсылман өзі ижтихад жасауы тиіс десе, онда мұсылман атаулы ғылым-біліммен шұғылданып, өзге дүниелік істер қараң қалған болар еді. Сондықтан, қарапайым мұсылмандардың төрт мәзһаб имамдарының біріне ілескенін (тақлид) шариғатымыз құба-құп көреді.
- Сұрақ:Дінге қатты қызығамын, қайдан үйренсем болады?
Жауап:Ия қазіргі таңда жастар дінге қатты қызығып, имандылыққа бет бұруда. Бұл құбылыс еліміздің болашағана, жастардың таза, адал жүруіне өте жақсы бастама. Алайда кейбір жастар осы діни білімді тиісті орындарынан алмағасын, сеніміне селке түсіп, дұрыс түсінбей, діни мәселелерде басқаша нәтиже шығарып, отбасымен араздасып жүргендері де жоқ емес. Сол үшін діни ілімді мешіттерден, медреселерден алған дұрыс. Қазіргі таңда мешіттерде білімді мамандар, ұстаздар, имамдар бар. Оның үстіне ҚМДБ тарапынан сауат ашу курстары бір ізділікке қойылған. Керекті тақырыпта дәрістер үздіксіз жүруде. Дәстүрлі діни ілімді толыққанды осы жерлерден ала аласыз. Сонымен қатар біздің «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теологтарынан білім алуға болады. Біздің мекен-жайымыз Орал қаласы, Н.Назарбаев даңғылы 215Б, №410 кабинет немесе әлеуметтік желіде біздің парақшадағы онлайн дәрістерге қатысып сауалдарыңызды қоюға болады. instagram.com./amanatjaiyq/.
- Сұрақ:Исламда қара түсті ормал тағу міндет пе?
Жауап:Деректерге қарасақ, шариғат шәлісіне қатысты Әхзәб сүресінің 59-аяты түскеннен кейін, Мединелік сахабалардың әйелдері көшеге қара түсті киім киіп шыққандығы айтылады. Дегенмен, бұл хадис қара түсті киім киюді міндеттемейді, тек «өзге түстермен қатар, қара түсті де киюге рұқсат екендігін» ғана көрсетеді. Ал, жалпы алғанда, дінімізде әркімнің өз талғамына сәйкес ұнаған түсін таңдауына ерікті, бұл — даусыз. Бірақ, мынаны айта кеткеніміз жөн, түс таңдар кезде салт-дәстүрді, жергілікті менталитетті де назарға ұстаған абзал. Ертеректе қазақ халқында ері өлген әйел қара түсті киім киіп, аза тұтатын болған. Осыған байланысты, бірыңғай қара түсті таңдамаған жөн болар.
7.Сұрақ. Әскери борышын өтеу парыз ба?
Жауап: Исламда Әмірге итағат — парыз. Егер басшы сондай заң шығарған болса, бағыну керек. Оның үстіне, отан қорғау баршаның міндеті. Ол үшін әскери дайындық ләзім.
Әскери жасақсыз мемлекет жоқ. Отанды, елдің тәуелсіздігін және халықты қорғау үшін әскери күштің зәрулігі даусыз. Онсыз мемлекет ұзаққа бармайды. Алла Тағала біздерге, яғни, мұсылмандарға барынша әскери күшімізді арттыруды бұйырған. Құран Кәрімде Жаратушымыз былай дейді:
«Шамаларың келгенше (әртүрлі) күш-қуат пен (соғысқа мінетін) ат байлаумен әзірлік жасаңдар. Онымен Алланың және өздеріңнің дұшпандарыңды қорқытасыңдар», осы аятта «күш-қуат» сөзін мықты әскери жасақ деп түсінсек, «ат байлау» сөзінен түрлі қажетті әскери техникамен қамтамасыз етілуіміз керек екендігін ұғынамыз. Қорыта айтқанда, діни тұрғыда әскери борышты өтеу міндет. Әрине, егер заң аясында кейбір әскери борышын өтеуден босатылатын жеңілдіктерді пайдаланып, әскерге бармай жатса, оның күнәсі жоқ. Мысалы, жоғары оқу орнында білімін жалғастыру, отбасылық жағдай, денсаулығының жарамсыздығы т.б.
8.Сұрақ: Басшыға бағынудың исламдағы орны қандай?
Жауап: Басшыға бағыну, мойынсұну (итағат) – ислам құндылығы болып табылады. Бірінші Алла Тағаланың әмірлеріне толықтай мойынсұну сонан соң жалпы тәртіпке бағыну, діни ережелерге қайшы болмаса лауазым иелерінің әміріне бағыну. Қасиетті Құранда: «Уа, мүміндер! Аллаға бой ұсыныңдар, пайғамбар мен араларыңнан шыққан билік иелеріне бағыныңдар», – делінген.
Бұл аятта ел билігі тізгінін ұстаған тұлғаларға итағат ету туралы Алланың үкімі айтылған. Демек, осы аят ел басқаратын басшыны қамтиды. Сонымен қатар, діни пәтуа айтуға тағайындалған дін басшысын да қамтымақ. Басшының бұйрығын бұра тартып, орындамау және көпті үгіттеп, қандай да бір қарекеттермен хакімге қарсы шығу ислам дінінде де күнә боп саналады.
Әбу Һурайра жеткізген мына хадис шәріпте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны»,- дейді. Бұл хадис әр халықтың өз башысына бойұсынуы қажеттігін дәлелдейді.
Басшыға бағыну турасында мынандай қысқаша қисса: Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын күшпен басып алады. Көптеген адамдардың жазықсыз қаны төгіледі. Жеңіске қол жеткізген соң имам болып намаз өткізеді. Сол кезде Меккеде Пайғамбарымыздың көзін көрген қаншама сахабалар бар еді. Соның ішінде Абдулла ибн Омар (Алла одан разы болсын) да бар болған.
Халық залым Хажжаждың артында намаз оқу мәселесінде Абдулла ибн Омарға (Алла одан разы болсын) қарайды. Абдулла ибн Омар(Алла одан разы болсын) Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Оны көрген басқалар да намазға тұрады. Намаз оқып болған соң неліктен мұндай залым адамның артында намазға тұрғанын сұрайды. Сонда ол: «Егер мен оның артында намазға тұрмағанда, тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді», деп жауап берген. Демек, елдің бірлігі мен тыныштығы жеке бастың пайдасы мен көңілдің қалауынан абзал болмақ.
9.Сұрақ: Салт-дәстүрдің Исламда орны қалай?
Жауап:Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата–бабамыз ұстанған салт–дәстүрмен біте қайнасып кеткен таза Исламда.
Ал енді ұлттық салт–дәстүрлер туралы айтар болсақ, олар Исламға дейінгі заманнан бастау алып, Ислам арқылы шариғат пен сүннетке негізделіп күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады.
Халқымыздың салт–дәстүрінің кез келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген баланың азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесік пен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміздің Исламнан нәр алғанын байқайсыз. Сондықтан да Ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым–қатынас өте тығыз, айырып ажырату оңай емес. Мәселен, кешегі кеңестік кезеңде бізге шариғатқа қайшы келетін арақ ішуді, доңыз етін жеуді насихаттады.
Ал қазақтардың бұрыннан қоректеніп келе жатқан қымызы мен шұбаты ешқандай шариғатқа қайшы емес. Сонымен қатар біздің қыз қуу, көкпар, алтыбақан, бәйге т.б. ұлттық ойындарымыздың барлығы ешқандай құмар ойынға жатпайды.Келіннің ата–енесіне, т.б. үлкендерге сәлем салуы ширкке жатқызатындар да шықты, яғни Құдайға серік қосу. Келін сәлем салу арқылы Алла тағалаға серік қосып тұрған жоқ ата–енеге сый–құрмет, ізет көрсетіп тұр деген қарапайым түсінікті ұққысы келмесе не айтуға болады.
Жалпы серік қосу мен ізетті шатастырмау керек. Серік қосу деген не? Егер «Құдай көп» десең, ол серік қосу болады. Бұл жерде келін ата–енеге ізет көрсетіп тұр ғой. Бұл – ата–бабадан келе жатқан қазақтың керемет дәстүрлерінің бірі. Сондықтан ата–баба дәстүріне шабуыл жасауға жол бермеуіміз керек.
10.Сұрақ: Ата Заң мен Ислам шариғатымен байланысы барма?
Жауап: Ата Заң мәтінін оқыған және Ислам тарихынан хабардар адам, мұсылманның өз мемлекетінің заңына бағынуы және қастерлеуі міндет екенін ұғынары хақ.
Заң жалпыға бірдей. Заң ешкімді алаламайды және бөліп жармайды. Барлық адам: басшы да, қарапайым азамат та заң алдында тең құқылы және бір дәрежеде жауапты. Егер бір елдің адамдары Ата заң сынды бір заңнамаға бағынбаса, онда елдің шырқы бұзылып, халқынан береке кетеді, мемлекеттің тұтастығына сызат түседі. Ендеше, бұның алдын алу керек. Сол үшін де Құран Кәрімнің қасиетті аяттары мен Пайғамбарыммыздың (с.ғс) хадис шәріптерінен бүлікке жоламау мен қашан да көпшілікпен бірге болуға, заң мен басшыға бағыну керектігіне шақыратынын көреміз.
Мұсылмандар өз әмірлеріне бойұсынбауды – діннен, шектен шығу деп білді. Бұл басшылар жағынан туындаған тәкаппарлық немесе өздерін жоғары санаудың салдары емес еді. Алла одан сақтасын. Керісінше, қоғамдағы ең елеусіз адамның мұң-мұқтажын тыңдап, шешімін тауып беруде халифалар пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жоғары дәрежеде үлгі тұтқан тұлға болды.
11.Сұрақ: Өзге дін өкілі құқығын сақтауда Ислам діні не дейді?
Жауап: Ислам дінінің бейбітшілік пен тыныштықты, дінаралық, ұлтаралық татулықты, рухани бірлігімізді, адам құқығының ғасырлар бойғы мұраларын сақтап, нығайтудағы игі әсері ұшан-теңіз.
Исламдағы адам құқықтарының бірінші декларациясы деп адамзаттың қолымен жазылған адам құқығының сақталуына негіз болатын құжаттардан он төрт ғасыр бұрын пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) Мәдина қаласына көшкен кездегі алғаш қабылдаған құжатын, сонымен қатар, оның дүние салуынан бірер ай бұрын Арафат тауында оқыған «қоштасу хұтбасын» айтуға болады. Қасиетті Құран Кәрім барлық адамдардың шығу тегіне, этникалық және ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан, Құдайдың және заңның алдында баршаның тең екендігін жариялады. Ондағы: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Аллаһтың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Аллаһ толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хұжұрат сүресі, 13) деген секілді көптеген аяттарға назар аударар болсақ, бұл ақиқат айқындала түседі.
Ислам шариғаты мұсылман емес адамдарды көптеген жалпы құқықтарда мұсылмандармен тең қарауды бұйырады. Бұл көріністі өзге діндер мен жүйелерден көре алмаймыз.