Құмар ойыны – «ақшаны немесе басқа материалдық құндылықтарды ұтып алу мақсатындағы ойын түрі. Мұнда ұтыстар ойыншылардың шеберлігіне емес, мүмкін болатын жағдайға немесе толығымен кездейсоқтыққа байланысты». Құранда бұл жайында Аллаһ Тағала былай дейді: (Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен арақтан, құмардан сұрайды. Оларға: «Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан көрі күнәсы зорырақ» де… (Бақара — 219).
Құмар ойындарынан болатын зияндар өте көп, солардың бірнешеуіне тоқтап өтсек:
— оңай және тез ақша табу мүмкіндігіне ие болам деу арқылы тұрақты атқарып жүрген жұмыстарынан кету, нәпақасыз қалу.
Араб тілінде, құмар ойындарын білдіретін «Майсир» сөзінің түбірі «юсру» — «жеңілдік» дегенді білдіреді. Бұл құмар ойындар Құранда «майсир» деп аталады, өйткені, осы ойындар арқылы басқа адамның мүлкін оңай игеруге болады;
— ғапылдық, пайдалы іс-әрекетке уәждеменің (ынта мен жігердің) төмендеуіне, уақытты бос өткізуге және бос жүріске тәуелді болуына әкеліп соғады .
— Тиын — тебен салып бастаған құмар ойын, тоқтаусыз ойын тәуелділігіне ұшыратады. Сондықтан, жеңілу де, жеңу де адамды ойынды жалғастыруға итермелейді. Егер жеңілсе, онда ұтылған ақшасын қалпына келтіруге тырысып одан сайын қомақты ақшаларын ойынға тігеді. Егер жеңсе, онда ашкөздік оянады;
— Құмар ойын адамды баурап алатыны соншалықты ол жанұясының, жұмысының, қоғамның одан берді Жаратушының алдындағы өз міндеттемелерін ұмыта бастайды. Намазын өткізіп алады, өз мүлкін жоғалта алады және отбасын қарызға батырып үйдің берекесін кетіреді. Адам мүліктен, ақшадан, құрметтен айырылумен қатар, өзінің отбасын да бәйгеге салуы мүмкін. Расымен де бұл азғындық. Оған қарамастан, ойынның зияндылығын ескеріп отырса да, жеңіске жету үшін адам шекаралар, міндеттемелер, моральдық құндылықтар туралы ұмытып кетеді;
— ойын қиянат, қорлау, алдау секілді күнәларға жол ашады. Бұндай адам алдап, сатқындық жасай алады, келісімшартты бұзып, қысым көрсете алады;
— құмар ойындар «экономикалық емес» қызмет ретінде бекітілген. Сондықтан да қоғам құмар ойындармен байытылмайды, ақша қолдан қолға ауысуымен ғана болады. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында құмар ойындар, 40 миллиард доллар айналымы бар сала болып табылады. Тек Лас-Вегаста — әлемнің бейресми ойын астанасы — ойын-сауық иелеріне 10 миллиард доллардан астам қаражат әкеледі. Бұл ойын сауық мекемесінде қатысып жүрген адамдардың көпшілігі, айына тек бір рет қана құмар ойын ойнағанымен, кейбір адамдар құмар ойындарын өмірінің ортасына айналдыратындары бар. Ал бұл көрсеткіш АҚШ халқының нанға немесе кітаптарға жұмсайтын шығындарынан көп. Мұның бәрі экономикалық дамудың құлдырауына әкеледі, өйткені құмар ойын — бұл өнім жасайтын қызмет емес;
— құмар ойындар айрандай ұйыған отбасыны, достықты, отбасылық қатынастарды, іскерлік — кәсіптік қатынастарды бұзады.
«Маида» сүресінің 90-91 аяттарында бұл туралы былай делінген:
«Әй мүміндер! Арақ, құмар ойындар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»
Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, құмар ойындарының кесірінен адам ұрлық жасау, ажырасу, өзін-өзі өлтіру, пара беру немесе алу, несие бойынша ақша алу, адам өлтіру және т.б күнәларға баруы мүмкін. Бұл ойынға құмар болғандарды қоғамда — орыс тілінде «игроман» дейді.
Енді бұл тақырыпқа психологиялық түрде қарап көрейік:
Мысалы, интернет арқылы ғана құмар ойындарға қол жетімділік кеңейе түсті. Сонымен, соңғы жылдары жүргізілген түрлі зерттеулерге сүйене отырып, Америка Құрама Штаттарында интернет арқылы екі миллионға жуық адам құмар ойындарға үйір болады екен. Бірақ бұл көрсеткіш кез-келген уақытта өсуі мүмкін, өйткені, өткізілген сауалнамалар көрсеткіші 20 миллионға жуық адамды анықтады. Мамандар айтуы бойынша ойын әдеттері, олардың жұмысына және қоғамдық өміріне кедергі келтіре бастағанын атап өтті. Мінез-құлықтың психикасына әсер ететін бұл түрі психологияда «мәжбүрлі құмар» категориясына жатады, яғни құмар ойынға тәуелділіктің алдындағы кезең, — дейді мамандар. Бұған психологияда “лудомания” немесе “гемблинг”деген ат берген.
«Мәжбүрлі құмар» — бұл ойынның ең қысқа нұсқасы», — дейді Лэнс Додес, медицина ғылымының докторы, “алкоголизм мен басқа тәуелді мінез-құлықты түсінуге және онымен күресудің жаңа тәсілі” атты кітабының авторы.
Құмар ойын — ауыр тәуелділік. Дәлірек айтқанда, миға сыртқы химиялық зат әсер етпегеніне қарамастан, неврологиялық және физиологиялық қоздырғышқа апаратын реакциялар, нашақорлардың немесе маскүнемдердің психикалық реакцияларына ұқсас. Яғни, құмар ойынға тәуелді адамдар, оларға деген ойындардың әсері, қатты есірткі шығаратын әсерлерге өте ұқсас екенін айтады. Есірткіге тәуелді адамдар сияқты, олар ойынға деген төзімділікті (толерантылықты) дамытады және ойындарын ойнай алмаған кезде, олардан “абстиненция” атты психологиялық белгілері байқалады, мысалы, дүрбелең шабуылы, мазасыздық, ұйқысыздық, бас ауруы және жүрек тыныштықсыздығы.
АҚШ — тың статистикасына сәйкес, құмар ойынға тәуелділіктің түрінен зардап шегетін адамдардың 80% -дан астамы, проблемалары қаншалықты ауыр болса да, ешқашан ем іздемейді. Басқа статистикалар көрсеткендей, құмар ойынға тәуелділікті емдейтін адамдар болса да, 70% -дан астамы ақыр соңында құмар ойыны әлеміне қайта оралады. Мұндай ауытқушылықпен ауыратын адамдар психикалық денсаулықтың басқа түрлерінен және есірткі тәуелділігінен көп зардап шегеді. Сондай-ақ, көптеген ойыншылар алкогольдік аурумен немесе олардың жартысынан көбі күйзелістің кесірінен никотинге тәуелді болады.
“Лудомания” ойыншыға қатты соққы береді, көптеген жағдайларда құмар ойындар депрессияны тудыруы мүмкін, ал төтенше жағдайларда ол өз-өзіне қол жұмсау туралы ойларға әкелуі мүмкін. Құмар ойынға тәуелді адамдар мазасыздыққа, қатты күйзеліс пен қайғыға бейім. Ойыншы бәрін жоғалтқанда, олардың өмірі кенеттен үмітсіз болып қалады да олар, “болашақ не әкелуі мүмкін”,- деп қорқынышта болады.
Неліктен ойыншылар ұтылғанына қарамастан ойынын жалғастыра береді?
Көптеген ойыншылар бұндай ойын сауық мекемелерге алғашқы уақытта тек, жай ғана көңіл көтеру үшін барады!
Мұны Калифорниядағы Стэнфорд университетінің зерттеушілері 2009 жылы растаған. Мысалы адамдардың шамамен 92% -ында «жоғалту шегі» бар, олар төмендемейді. Яғни құмар сезімдері әрі қарай дамымайды. Алайда, зерттеулер көрсеткендей казиноға барғаннан кейін, ойын кезінде ақшаны жоғалту фактісі олардың толқулар мен ойындардан ләззат алуына кедергі болмайды екен. Керісінше, «жеңіліс, кем дегенде, бір сәтке жеңіске деген ұмтылысты арттыруы мүмкін» және де бұл ойыншылардың бірқатар жеңілістер кезінде, “жеңіске қарай ойын сәттілігі өзгереді”,- деген үмітімен байланыста болады, — дейді психолог мамандар.
“Лондон университеті” колледжінің нейробиологы Робб Ратледж және оның әріптестері 26 субъектіге эксперимент жүргізді. “Белгілі бір нәтижеге” немесе “белгісіз тәуекелге” әкелетін таңдау жасаған кезде, олардың миы арнайы сканер арқылы тексерілді. Сонымен қоса қатысушылардан әрбірінен екінші немесе үшінші әрекеттен кейін өздерінің бақытты сезімдерін бағалауды сұрады. Сонымен қатар, ұқсас тәжірибені — миды сканерлеусіз — Great Brain Experiment смартфон қосымшасын пайдаланып 18000-нан астам адамға зерттеу жасалынды.
Әр түрлі қызықты нәтижелердің ішінде команда қатысушыларында “жеңіске жетеміз” деген үміттері аз болған кезде, олардың бірдей жеңіске жетуге деген реакциясы күшейгенін анықтады. Бұған субъектілердің өздерінің бақытты екендігі туралы хабарламалары және МРТ сканерлеу деректері дәлел бола алады. Бұл сканерлер допаминдік (адам бақытты сезіміне жауапты ми құрамы) нейрондармен байланысты белсенділіктің жоғарылауын көрсетті. Бұл жағдайда допамин, күрделі нейромедиатр ретінде эмоционалды күйдің өзгеруімен байланысты болады.
«Егер адамдар көп ақшаны жоғалтса, бұл олардың үміттерін төмендетеді, бірақ әйтеуір бір жеңіске жеткенде, олардың бақытты болуын арттырады»,- дейді Рутледж.
Құмар ойынға қарсы ем түрі бар ма?
Психологтар жауап ретінде бірнеше сатыдан тұратын кеңес беруде:
- Жақын адаммен ашық әңгіме.
Сізде сенуге болатын жақын досыңыз немесе туысыңыз бар ма? — қиындықтарыңыз туралы оған айтыңыз. Құмар ойыннан толығымен бас тарту туралы шешім қабылдағаныңызды көрсетіңіз.
Әдетте біздің тағдырымызға бей-жай қарамайтын адамдар мұндай шешімдерді қабылдағаныңызға қуанышты және моральдық тұрғыдан дайын болады. Барлық адамдар саналы түрде құмар ойын сананың ауыр ауруы екенін түсінеді, онымен әрқашан жалғыз күресуге болмайды.
- Интернет форумда немесе веб-сайтта «күнделікті» жүргізуді бастаңыз.
Басқа адамдар қарап оқитын интернеттегі онлайн күнделік — бұл құмар ойынға тәуелділіктен арылу процесін тездететін күшті құрал.
- Өмірдегі жаһандық өзгерістер.
Басқа қалаға немесе елге көшу, мамандықты өзгерту, отбасын құру, балалы болу, осы факторлар сіздің ойнаудан бас тартуыңызға жақсы әсер етуі мүмкін.
- Жаңа хоббимен айналысу.
- Басқа адамдарға көмектесіңіз, игі істер жасаңыз.
Егер Сіз кәсіби деңгейде бір мамандықты игерсеңіз — мысалы, компьютерлерді жөндейсіз немесе қызықты тақырыптарға мақалалар жазсаңыз — өз шеберлігіңізді басқалардың пайдасына пайдалануға тырысыңыз. Жауап ретінде Сіз алғыс аласыз. Басқалардың ризашылығы сіздің ойлау стиліңізді жақсы жаққа өзгерте алатын және құмар ойынға тәуелділіктен тез арылуға көмектесетін баға жетпес нәрсе.
Сонымен қатар, басқалардың мүддесі үшін жұмыс жасау сізді саналы және өзіне сенімді етеді, сіз өзіңіз туралы және басқалар туралы, осындай халге ұшырағандарға объективті боласыз.
Аталған 5 — кеңес, психолог мамандардың, құмар ойынға шалдыққан адамдарға көмегін көрсеткісі келген әрекеттері еді. Шынтуайтында, құмар ойыны — бұл әрдайым барлығы ұтылатын ойын. Бірден болмаса да, бірақ түпкілікті нәтижеде солай. Ал, егер адам, бір рет қана жеңіп сонымен тоқтаса, ол тағы да жеңістің дәмін татқысы кеп, қайталануына тартылады. Қорытылай келе, құмар ойындарда жеңіске жетудің жалғыз жолы — оларды мүлдем ойнамау. Өйткені Жаббар иеміз Құран кәрімде бізді былай ескертеді:
Әй мүміндер! Арақ, құмар ойын, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан, арақта, құмар ойында араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?
Аллаһ Тағала барша мұсылмандарды осы дерттен аулақ қылсын!
«Аманат-Жайық» қ.қ-ның теолог маманы А.Нұрахметұлы