«Жан бар жерде қаза бар» деген қазақ бабаларымыз, қазіргі таңда соңғы сапарға аттандыру жоралғысы қалай болып жатыр. Дәстүрлі дінімізге сай ма, сай емес пе? Оны көпшілігі ойланбасы анық. «Ал негізінде былай» деп дұрысын айтқан адамға, ойланбайтын дүйім «дүмше молда» немесе «вахабист» деген ат таңып әлек. Қазіргі келбетімізге дәл айтты деп қаласың кейде атам қазақ: «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады». Ол да бір ақиқат. Бір ақсақал кемпіріне қарап: «Ау кемпір, өлмей тұра тұр, қазір кризис» деген екен. Ол бір мәселе. Екіншісі, бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылған жақынымыздың жаназасын атқаруда пендешілік әрекеттердің қылаң беріп қалатыны бар. Ырым-тыйымдар мен діннің шектеулері арасындағы тепе-теңдікті сақтап келген халық бүгінде діннің қалауларына көбірек иек арта бастады. Осыны түсінбеген кейбір адамдар бұл не деген жаңашылдық деп жатады. Негізінен өздерінің істеп жүрген ырым-тыйымдары жаңашылдық болып табылады десе де болады. Осындай мәселеде талас-тартыстар шыққаны да рас. Осы ретте жаназа мәселесін бірізділікке түсіруді қажет болып отыр. Бірақ ол күрделі мәселе.
ҚМДБ-ның жерлеу рәсімдеріне қатысты пәтуалар шығарып, кітаптар жазып жатса да, дүйім жұрт жаназадағы көп жаңашылдықтан арыла қойған жоқ. Оның себебі негізгі шариғи үкімдерді ұмытқанымыздан. Егерде осы үкімдерді насихаттай берсек, артық жоралғылар өздігіне мұз сияқты еріп, жоқ болып кетер еді.
Сол мәселелердің бірі жер қазу және жерлеу дауы. Әр жерде әртүрлі қазып жерлейді. Кей жерде жандатпа, кей жерде жарма етіп қазу әдетке айналған. Алайда көпшілігі қанша өлшеммен қазу керектігін білмейді. Жалпы жерді аң қаза алмайтындай және өлік иісі шықпайтындай терең қазу уәжіп. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы бойынша қабірдің тереңдігі кем дегенде орта бойлы адамның жартысындай болуы қажет. Бұдан тереңірек болса абзалырақ. Мәйітті жерлеген соң ысырапқа жол беріп, күмбездер салу, атағын шығару үшін бәсекелесу, таласу шариғатымызда жоқ амал.
Жер қыртысы қатты болса, лахад жасау (астын үңгіп қазу) — сүннәт. Лахад қабірдің төменгі қыбыла жағынан мәйіт сиятындай етіп қазылады. Ал жер қыртысы жұмсақ болса, лахад қазу қажет емес. Қазихан Махмуд әл-Узғандидің пәтуасында: “Жер жұмсақ болса, лахат қазбай-ақ, қабірдің ортасын төмен қарай тағы да қазып, ішіне мәйітті қойып үстін және айналасын қышпен қалау керек”, — деген. Әл-Аләмгирия мен Миғражу-л-дираяда да осылай делінген. Мәйітті қабірге қойғанда жүзін қыбылаға қаратып жатқызу — міндет.
Қабір қазуға келер болсақ, бірінші ұзындығы 2 метр, ені 75 см, тереңдігі 130 см жер қазылады. Кейін жандатпа етіп (ләхад) қазады. Кейін ол жерге мәйіт қойылатын болады. Ләхаттың биіктігі 55 см, ені 50 см. Енінің 50см-дің 25 см ләхаттың ішіне кірсе, 25см сыртына шығып тұрады. Кейін сүйіекті қабірге қойған соң ләхатты саман таспен немесе ағаш тақтайлармен жауып қояды. Ал егер жер құмды немесе жұмсақ болса ләхад етіп жерлеу тыйым салынады. Ондай кезде сүйек жарма қазып жерленеді. Жарма дегеніміз жерді қосымша тереңірек қазып, ені 50 см, тереңдігі 55 см жасайды. Оның үстін ағаш тақтайлармен жауып, үстіне топырақ тасталады.
Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – дұрыс болып табылады. Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу – тыйым салынған.
Қабір үстіне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу үшін қойылады. Ал мақтан үшін, байлығын көрсету үшін қою — харам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды.
Жалпы жаназамен жалғасқан жалған ырым-жырымдар да көп. Бұлардың баршасы әдет-ғұрып тек қана жұбаныш қана. Дінмен қатысы жоқ. Бүгінде адам көп қан жоғалтса денесі босап қалатынын медицина дәлелдеді. «Мойны қатпай кетті» деп түрлі әрекеттер орындап, ойды сан-саққа жүгіртіп, әбігерге түсу қажет емес. Бұл шариғатта жоқ нәрселер. Мұндай әрекеттердің орнына дұға етіп, құран бағыштау қажет. Негізінен жаназа рәсімі осы күнге дейін шешілмей келе жатқан түйінді мәселе. Оны шешу үшін ортақ бір заңдылық, пәтуалар жинағы керек. Сонда ғана жерлеу рәсімі реттелері анық.
Аманат-Жайық ҚҚ-ның теолог маманы: Наурыз Ибатұлы