Биылғы жыл талай тағдырды тығырыққа тірегені анық. Арқасын кеңге салып, дүние тірлігінің соңында жүрген адам баласы бір мезетте аяғын ақырын баса бастады. Алды-артына қарап, етек-жеңін де жинай бастады. Тіпті Қытай даласынан тараған осы бір дерт 170-тен астам елдің шекарасын аттап, тажалдай төніп келе жатырғанын көріп отырмыз. Ақыр аяғы өзіміздің елге де жетіп үлгерді. Енді қайтпек керек?!
Бір ғасырда қайталанып отыратын осы бір аурудың тамырын басып көріп жатырғандар қаншама… Осыған дейін де талай дәуірдің салтанатын бұзып, тұрмысына селкеу түсірген шешек, оба секілді аурулардың болғанын тарихтан танып, білдік. Бұл турасында шариғатымыз қалай қарайтынына зер салдық.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір жерден оба ауруы шыққанын білсеңіз, ол жерге бармаңыз. Отырған жеріңізден оба ауруы шықса, басқа жерге қозғалмаңыз» (Бұхари) – деп өсиет қалдырса керек. Яғни бұл өсиетте қандай бір жерден ауру тараса, ол жерге бармау керектігін, себебі онда барса, қайтарда ауру жұқтырып келуі мүмкін болғаны себепті ескерту жасаған. Сондай-ақ өзің отырған жерден де ауру тараса, жан бағамын деп басқа өңірге де шықпауы керектігін айтып отыр. Бұл нақты шешім деп ойлаймыз. Бүгін таңдағы еліміздегі жасалып жатырған шараларда осы сөзді қуаттап отыр. Ең қауіпсізі үйде қалып, еліңнің амандығын тілеу екендігі анық. Тіпті қазір құлшылық орындары да уақытша жамағатсыз қалып отыр. Дәл осындай жағдай медицина саласының басында тұрған Ибн Синаның дәуірінде де көрініс тапса керек. Сол уақытта да базар мен мешіттердің жұмысы уақытша тоқтатылып, адамдар үйлерінде отырғандығы айтылады.
Ендігі бұл мәселені бір жақты қарамай, жан-жақты саралауға талап қыламыз. Себебі, жаhанды құшағына ала бастаған бұл дерт күннен-күнге көбейіп, әзірейілдің серігі бола бастағаны қашан. Талай адам өлім құша бастады. Енді біздің елде осы бір жағдайға сақтықпен қарап, жауапкершілік танытуы керек болады. Көпшілік жерлерге барудан бас тартып, тазалықты алдыңғы орынға қоюлары қажет-ақ. Бұл тазалық мұсылмандарға таныс дүние. Соның өзінде сақтану шараларын жасап, өзімізді сақтай алсақ, жаратқан да жар болар. Тағы бір айтарымыз бұл дерт жасы үлкен адамдар мен тұла бойын қорқыныш билеген, аурудың алдында әлсіздік танытатын адамға үйір болады екен. Сол үшін де бойымыздағы үрейден арылып, өзімізге деген сенімді күшейтуіміз керек. Амалын жасап барып, Алладан адамзаттың, елдін амандығын тілеуден басқа амал бар ма?! Арты қайырымен болсын!
Жұқпалы ауру тараған кезде науқас емес адам ештеңеден қорықпай, барлық сақтық шарасын қарастыра отырып, бір Аллаға тәуекел етуі керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жұқпалы ауру да жоқ, ырымға сену де жоқ» десе, тағы бір хадисінде «Алапес ауруынан арыстаннан қашқандай қашыңдар» деп бұйырады. Екі хадис сырттай бір-біріне қарама-қарсы мәнде айтылғандай көрінгенімен, ақиқатында жұқпалы ауру, біріншіден, адам баласына Алланың тағдырмен жұғатынын меңзесе, екіншіден, жұқпалы аурудан сақтану керек дегенді білдіреді.
Сөзімізге тұздық болу үшін Ислам тарихындағы екінші халифа хазіреті Омардың (р.а.) жолаушылап бара жатқан қаласында жұқпалы індеттің шыққанын естігені туралы оқиғаны айтсақ жеткілікті.
Әлгіндегі суыт хабарды жолда естіген Омар (р.а.) әскербасылармен ақылдаса келе кері қайтуға шешім қабылдайды. Сонда сахаба Әбу Үбәйда ибн Жәррах (р.а.) одан:
– Алланың тағдырынан қашып барасың ба? – деп сұрайды.
– Иә, Алланың тағдырынан қашып, Алланың тағдырына бара жатырмын. Егер де сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен, сортаң жағына жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба? – деген екен.
Бұл оқиға мен жоғарыда келтірген Ислам дінінің жұқпалы ауру тараған кездегі ұстанымдары біздің күніміздегі ауыр жағдайдан жеңіл шығуға, сын-сағаттарда дұрыс шешім қабылдауға, елде орнаған төтенше жағдай мен карантин режимінде аты жаман індеттен сақтануға күш қосады деген сенімдеміз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барша мұсылман қауымын Аллаға дұға етіп, ең кемінде 100 истиғфар және ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға шақырып, арнайы Үндеу жолдаған болатын.
Үндеуде «100 истиғфар және 100 салауат» немесе одан да көбірек айтып, дұға жасауға шақырады. Үндеуінде: Истиғфардың айтылуы: «Астағфируллаһ әл-азим уә әтубу иләйһ».
Мағынасы: «Ұлы Алладан күнәларыма кешірім сұраймын және Оған тәубе етемін».
Салауаттың айтылуы: «Аллаһумма салли ала Мухаммәдин уә ала әәли Мухаммәд». Мағынасы: «Уа, Алла! Мұхаммедке және оның әулетіне салауат жолдай гөр».
Әрбір мұсылманның Бас Мүфтидің үндеуіне атсалысуға шақырамын.