Құран Кәрім – адамзаттың жаратылу мақсатын айқындап, қалай өмір сүру керектігін түсіндіретін, қараңғыдан жарыққа жетелейтін, ақ пен қараның ара жігін ажыратушы, оқылуының өзі ғибадат саналатын Ұлы Жаратушының сөзі. Құранның негізгі анықтамасы осындай. Алайда қазіргі қоғамда кейбір адамдар Құранды кісі өлгенде ғана оқылатын сөздер деп түсінсе, енді бірі өлген адамның артынан Құран бағышталмайды деп жүр. Тіпті Құранның қасиетті екенін біліп, ақ матаға орап төрге іліп қойса Құран Кәрімге деген құрмет осы деуден тайынбайтындар да бар.
Ақиқатына келер болсақ Құран адамды екі дүние бақытына жетелейтін жолсерік.
Алла Тағала адамзатты жаратып осы өмірге жібергеннен кейін қалай өмір сүру керек екенін, не істеп не істемесе мәңгілік бақытқа жететінін түсіндіру үшін пайғамбарларын жіберіп отырған. Пайғамбарлардың кейбіріне кітап, кейбіріне парақтар түсірген. Соңғы пайғамбар Мұхаммедті (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) елші ретінде жібергенде Құран Кәрімді түсірген. Яғни, Мұхаммед пайғамбардың үмметі өмір сүру салтында, халал-харам түсінігінде, құлшылық ғибадатында осы кітапты бастшылыққа алады. Демек Құран тек кісі өлгенде оқылатын немесе төрге іліп қоятын кітап емес. Оның ішінде ғылым білім де бар, адами құндылықтар, тәлім-тәрбие, Жаратушының сипаттары сияқты жан-жақты тақырыптар қамтылған. Сол үшін де болар XIV ғасыр бұрын түскен бұл кітап әлі күнге дейін зерттелу үстінде.
Ғылым-біліммен қоса құлшылық бабын да қамтитын бұл Кітап туралы сіз бен біз ақыл жүгіртіп, ішінде жазылғандарды көкейімізге тоқып, өмір салтымызға айналдыра білсек қазіргі қоғамдағы біраз мәселелер шешімін тапқан болар еді. Себебі, қазіргі қоғамда орын алып жатырған арсыздық іс-әрекеттер, тәлім-тәрбиенің жоқтығы осы Құранды тек кісі өлгенде ғана еске алуымызда болып отыр.
«Аманат-Жайық» қоғамдық
қорының теолог маманы: Б.Адайхан







