Дін – адамзат баласы үшін жаратылған. Кез келген дінді алып қарасақта, ерте замандардан бері-ақ адамдармен бірге жасасып келеді. Сондықтан да ислам діні де бейбітшілік пен толеранттылықты насихаттайды. Тіпті, ислам дінін діндердің ішіндегі ең жеңілі депте қарастырған. Көпшілік біле бермейтін мұсылмандарға арналған жеңілдіктер туралы Батыс Қазақстан облысы, Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы, «Аманат-Жайық» ҚҚ теолог маманы Наурыз Убаевпен сұхбат жүргізген едік.
-Сәлеметсіз бе! Ислам дінінде әрбір заманмен мекен ауысқан сайын діни үкімдер өзгереді дейді. Шариғи үкімге салсақ осы қаншалықты орынды айтылған сөз?
-Сәлеметсіздер! Жалпы «пәтуа» дегенімізді фиқһ ғалымдары беретін шешім. Оны кез келген адам шешімін шығара алмайды. Тіпті, мүштахид ғалымдарымыз нүктесін қояды. Бірақта пәтуа мезгіл мен мекенге және тұлғаларға қарай ауысады. Мезгілге қарай өзгеруіне мынандай бір мысалды келтіріп өтейік. Сіз бір затты тауып алдыңыз делік, ол заттың бір жыл ішінде иесі табылып жатса қайтарып бересіз. Ал бір жылың ішінде егесі табылмаса, ол адамның өзінде қалады немесе оны сатып садақа қылады. Ал, енді тұлғаға қарай өзгеруіне бір күні Пайғамбарымыз с.а.у. отырған кезде алдына бір жас жігіт келіп: «Расулалла, ораза кезінде әйелімді сүйсем болады ма?» — деген. Оған Пайғамбарымыз с.а.у. үзілді-кесілді «жоқ» — деп жауап береді. Жігіттің артынша үлкен қария келіп дәл осы сұрақты қояды. Қарияға «иә» — деп жауап беріпті. Осыны қасындағы сахабалары себебін сұрайды ғой. Жас адам болғаннан кейін нәпсісіне беріліп кетуі мүмкін деген. Ал, қарт адам нәпсісіне берік болады деген сияқты айтқан. Мезгілдің өзгеруіне ислам дінінде көптеген дәлелдер бар. Шәфиғи мазһабын ұстанушылар таулы аймақтарда тұрады. Ол жақтағылар қолдарын жиі-жиі жарақаттап алатын болған. Дәрет алған кезде қолдан қан ағып кетсе дәреттері бұзылмайды. Біздің Әбу Ханифа мазһабында бұзылады. Өйткені, біздің аймақ ондай таулы жер емес. Оларда әйел адамға қолдары тиіп кетсе, дәреттері бұзылып кетеді. Ал, бізде бұзылмайды. Осындай көптеген айырмашылықтар бар. Себебі, арнайы хадисте айтылған. Дін ғалымдары сондай хадистерге сүйенеді. Пайғамбарымыз с.а.у. намазында қан аққанда, оны әйелі Айша р.а. анамыз сол қанды сүртіп тастаған екен. Сол кезде пайғамбарымыз с.а.у. қайтадан дәрет алады. Осы жағдайға байланысты фиқһ ғалымдары екіге бөлінген. Әбу Ханифа мазһабындағылар қан шыққан соң дәрет алды дейміз. Ал, Шафиғи мазһабындағылар әйелдің қолы тиген соң ғана дәрет алды деген. Ер баланың кәмелет жасқа толуы т.б. мәселелерін де жатқызсақ болады. Ыстық климаттық аймақтарда ер бала 10 жастан бастап балиғатқа толса, суық аймақтарды 15 жастарда толады. Сондықтан да нақты цифрды ешкім көрсетіп атай алмайды.
-Рамазан айындағы қарыз оразаларын қыс мезгілінде өтеуіміз қаншалықты дұрыс?
-Ораза – үлкен құлшылық. Бес парыздың біреуі. Ислам дінінде жылына бір рет қана келеді. Кейбір жағдайларда оразаны бұзып алатын кездер де болады. Әйел мәселесінде де кешіктіріліп жатады. Ораза айы біткен соң, оның қазасын өтеуіміз керек. Кейбіреулер келесі оразаға дейін өтеген дұрыс деп жатады. Бұл шарт емес. Бастысы өмірден өтпей тұрып, мұсылман баласы әрбір қарызын өтеу қажет. Бірақ, қашан өлетінімізді ешқайсысымыз нақты білмейміз. Сондықтан да ертерек өтеген дұрыс. Біреулер арнайы күннің қысқаруын күтіп жүреді. Бұның шариғатқа ешқандай да қарама-қайшылығы жоқ.
Бір атап өтетін нәрсеміз дәрет алғанда аяғымызға «мәсіх» тарту. Бұл күн суыған тұстары бізге берілген Алла Тағаланың ең үлкен жеңілдіктерінің бірі. Тіпті, сапарға шыққандарға мәсісін үш күндей шешпей жүрсе де болады. Бірақ, тек қана салқын жерлерге ғана арналған үкім емес. Себебі, оны Пайғамбарымыз с.а.у. айтып кеткен. Араб елінде де мәсі киген деген риуяттар бар. Сол себепті де дінге ашкөздік ретінде де қарамайық. Сапарға бір адам шықса, намаздарын қысқартып оқуы керек. Үйіне қайтып келе жатқанда: «үйге барсам сапарым аяқталады ғой» — деп, жолда қысқартып оқығаны мүлдем дұрыс емес. Шариғатта бұны теріске шығарады. Алланың мейірімділігіне ашкөздікті танытпайық. Күн жылы кездері мәсі киіп, аяқты терлетпеуіміз қажет. Жылы кезде суды пайдаланғанымыз абзал.
-Ашаршылық жағдайларында қандай да бір жеңілдіктер мұсылмандарға қарастырылған ба?
-Адам баласы өте құнды. Біздің тура Конститутциямызда жазылған сияқты, ислам дінінде аталып өткен. Қасиетті Құран Кәрімде: «кімде-кім бір адамның жанын қиса, бүкіл әлемдегі адамдардың жанын қиғанмен бірдей» — дейді. Сол үшін бір жанның құны, бүкіл дүниежүзіндегі адамның құнымен тең. Адамның өзінің денсаулығына зиян тиетін жағдайлар болса, онда асыл дініміздегі жеңілдіктерді қолдану керек. Жоғарыдағыдай жеңілдіктер де бұған жатады. Ғұсыл құйынатын адам ауырып қалатындай болса, салқын күні ғұсыл алғаны дұрыс емес. Оны тәйәммүм алмастырады. Топырақпен сүртіп дегендей. Ашаршылық кезінде де қатты ашықса, соңғы тамағы қалмаса дінімізде тиым салынған доңыздың етін жеуге рұқсат. Тек тойып жемеу керек. Осындай қиын сәттерде харам нәрсенің өзі, мұсылман баласына адал болады. Бұл үкім адамның денсаулығы үшін айтылған. Бізден де жұрттар келіп сұрайды. Шошқаның майы қосылған дәрісі екен деп. Бұны алмастыратын дәрілер болмаса, онда пайдаланыңыз дейміз. Діндегі тиым салынған қоспалар болмайтын дәрілер болып жатса, онда міндетті түрде соларды пайдаланған жөн.
-Сапар намазынан бөлек жолға шыққанда, мұсылман баласына нені ескерген дұрыс?
-Сапар намазын қысқартпай оқыса күнә. Құранның аяттарын орындамағаны үшін ғой. Өйткені, Алла Тағала намазды қысқарту керек деген. Сапарда оразасын бұзуға рұқсат. Шыдаймын десе, әркімнің енді өз еркінде. Парыз оразасының қазасын өтеуіне рұқсат етіледі. Сапарда жүрген жанны дұғасы тез қабыл болады дейді. Өйткені, ол жолда көптеген қиындықтарға тап болуы ықтимал. Сондықтан да дұғасы қабыл болатын пенде. Қазіргі кезде ұшақпен ұшып, қонақүйге тұрақтап ешбір қиындықтарды сезінбесе де, ондай кісілер құлшылықтарын шариғатқа сай қысқартулары керек. Сапар 90 км-ден басталатындығын естең шығармайық. Оған жетпей қалса, ол сапар болып саналмайды. Сапардағы тағы бір ерекшелік бар. Егер 15 күннен артық қалатындай ниетпен шықса, сапарын қысқартып, барған жерінде намазын толық оқиды. Керісінше баратын жерінде 15 күндей қалмайтын болса, екі жақты да қысқартады. Дінімізде жеңілдіктер өте көп. Көбісі жақсы біле бермейді. Бастапқыда намаздын өзі 50 уақыт болып бекітілген. Кейін ол бүгінгі бес уақытқа дейін жеңілдетілді. Тура осылай парыз оразасы да жылына тек бір рет қана ұсталады. Бізге бірнеше айдан берілмегені де жеңілдіктің бір түрі.
Сондықтан да ислам діні — жеңіл дін. Ешқандай да ауыр емес. Бастысы парыз намаздарын қаза етпеуіміз керек. Қажылықтың өзі ақшасы бар адамға ғана міндет. Жағдайы жоқтардың мойнынан қажылық түседі. Біздегі кейбір адамдар ислам дінін қиын етіп көрсетіп жатады. Жеңілдетілген нәрсені қолдану керекпіз ғой. Қолданбаған жағдайда кесірі адамның өзіне тиеді. Біреуден қарыз алып, қажылыққа барған дұрыс емес. Ал, бар жеңілдіктерді одан да жеңіл қылып қолданғысы келетіндері де бар. Бес уақыт намазды үш уақыт оқығылары келеді. Дүниесі бола тұрып, қажылыққа барғысы келмейтіндерді білеміз. Сәл ғана ауырып қалса, оразасын бұзып жіберетіндер де бар. Алланың мейірімділігіне ашкөздік танытпайық. Олай дұрыс емес! «Тәғабун» сүресінің 16-аятында: «шамаларың келгенше Алладан қорқыңдар!» — деген. Осы жерде Алла Тағала бізге белгілеп беріп тұр. Шариғат шеңберінен шықпай, әрбір мұсылман құлшылығын жасау керек деп. Мисуакпен күніге тісін тазалауға кейбіреулердің шамасы келмеуі мүмкін. Таһажуд намазын оқуға да мүмкіншіліктері болмай қалады. Шамамыздың ең кішісі бес уақыт намазды оқу. Бұдан жоғары таһажуд, нәпіл, дұха, т.б. намаздар өте көп. Оразаларымызда тура сондай. Біздің сұралатынымыз тек парыз нәрселер. Ең жеңілі сондықтан да бес уақыт намаз. Сондықтан бір-бірімізді қазіргі заманда босқа кінәлағанымыз орынсыз.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Білгетай ТАЛАС