Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, мамырдың 12 күні аяқталады. 13 мамыр – Ораза айт күні. Мамырдың 8- нен 9- на қараған түн- Қадір түні. Барша мұсылман халқы қасиетті саналған Рамазан айында ауыз бекітіп, Аллаға құлшылық жасауға кірісіп кетті. Біз бүгін «Аманат- Жайық» қоғамдық қорының теологы Наурыз Убаевты оразаға орай әңгімеге тарттық.
-Жер жаңарып, көк шығып, көктен Күн сәулесін төккен көктемде барша мұсылман баласы үшін ең ұлық мереке- Рамазан айы басталды. Оразаны алғаш рет ұстап жатқан ағайындар бар. Осыған орай ораза ұстау тәртібі туралы айтсаңыз.
— Рамазан оразасы мүбәрәк болсын, жерлестер! Биыл ораза 13 сәуірден бастап мамыр айының 13 ші жұлдызына дейін 30 күнге созылады. Бұл ұлық, қасиетті айда Алла Тағала халайықтың оразаларын қабыл етіп, құлшылық-ғибадаттарымызды қабылдап, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей!
Расымен де, Рамазан айы айлардың ішінде ең ерекше ай. Бұл айда мүмин пенделер тек ауызын бекітіп қана қоймай, сонымен қоса, бір ай бойы көркем мінезге бейімделері анық. Жыл сайын ораза ұстаушылар саны артып, мешіттерде ауыз ашарлар беріліп, жұртшылыққа дәстүрлі дініміздің татулық, бейбітшілік дін екені насихатталуда.
-Оразаның мағынасы неде?
-Оразаның сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау. Шариғат терминінде ораза ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы. Ораза белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.
Мәулана атты ислам ғұламасы «Диуануль Кәбир» атты кітабында бұл қасиетті айды былайша сипаттайды: «Рамазан келді, енді күнделікті дене азығынан етек — жеңіңді тарт, көктен рухани азық келсін. Бұл ай көңіл дастарханы құралатын, жанымыз тәннің қамынан құралатын ай. Жүректерге
сүйеніш пен иман толатын ай».
Ия, адамның жаны сәбидің сүттен шықпай, дәмді тағамдарды тата алмайтыны тәрізді өткінші ләззаттардан бас тартпай, мәңгілік рахатқа қол жеткізе алмайды, Ораза болса күннің бір мөлшерінде бізді адал астан да бас тарту арқылы харам және күмәнді нәрселерден қаншалықты сақтануымыз керектігін түсінуге шақырады.
Оразаны диетаға, намазды тез-тез, қалай болса солай оқып, дене шынықтыру жаттығуына айналдыру сауаптан бұрын құлшылықты қорлау. Намазда, оразада тек жүрек қалауымен, көңіл ықыласымен орындалғанда ғана шын мәнінде намаз және ораза болады. Оразада асқазанды аш ұстаумен қоса тілді, көзді, құлақты және бүкіл денені күнәдан және әдепсіздіктен қорғау керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні асхабына: «Ораза ұстаған, бірақ ораза ұстаған адамға жараспайтын қылықтармен масқараламаса ғана»-деді. Асхабының «Қандай қылық масқаралайды?»,- деген сұрағына Аллаһтың Расулі (с.а.у.): «Өтірік және өсек», — деп жауап берді. (Нәсәй, Сыиям, 43)
—Бес парыздың бірі — Ораза делінеді
-Ия, Рамазан оразасы – исламдағы бес парыздың біреуі. Оған Құран мен сүннет дәлел. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/185). Пайғамбарымыз (с.а.у.) Былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Аллаһтың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару» (Бухари, Иман, 34)
—Ораза кімдерге міндет?
— Басты шарты — мұсылман болу. Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан жаңа мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына қаза керек емес. Олардың күнәсі бейне бір жаңа туған сәбидей, барлық күнәсі кешіріледі. Ораза ұстау үшін балиғат жасында және ақыл-есі түзу болуы қажет. Бала мен ақыл-есі ауысқан немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатған адамға» (Бухари, Талақ, 11; Әбу Дәәуд, Худуд, 17). Яғни, сана аса маңызды.
Алланың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат — балаларды оразаға баулу. Ақыл-есі кемтар не есінен танып қалатын адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылы орнына келсе, қазасы өтелмейді.
Ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу. Яғни, науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасын қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін» (Бақара, 2/184). Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал екі қабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.
—Ораза қандай жағдайларда бұзылмайды?
-Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай, толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде – Аллаһ» (Муслим, Сиям, 171). Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес» – делінген (Ибн Мажә, Сиям, 15). Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.
Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Алла Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар» (Маида, 5/6), -дейді.
Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған (Бухари, Тыбб, 11).
Құлаққа су кіру, бұлық ағу, көзге, кұлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу, тiс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт. Сондай-ақ, ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.
Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза
бұзылмайды. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді. Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) және оның еріксіз ішке қайта кетуі де оразаға кедергі жасамайды. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батпай жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.
Мисуак оразаны бұзбайды Өйткені, мисуак қолдану – сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып жуыну.
—Ораза ұстай алмаса не істеу керек?
-Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру – уәжіп. Бұлар — аурудан айығу үміті жоқ жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Құранда Алла Тағала «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін», (Бақара, 2/184) – дейді. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят — кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу – парыз». Дегенмен, кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Алладан кешірім тілейді. «Аллаһ адамға көтере алмайтын жүкті бермейді» (Бақара, 2/186.3).
Сол секілді жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам фақиһтері арасында ауызбірлік бар. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес. Оған мына аят дәлел: «Аллаһ сендерге дінде қиыншылық жасаған емес» (Хажж, 22/78).
-Оразадан соңғы Қадір түнінің қадірі қазақ үшін -ерекше деуге болады. Бұл түні тіпті ораза ұстай алмаған адамдар да ұйықтамай, Алладан көмек сұрап отырады.
—Қасиетті Рамазанның қасиетті ай болуының ең басты себебі — ішінде Қадір түніндей ұлы сыйдың болуы десек артық айтқан болмаспыз. Қадір түні Тәңірдің кешірім шапағатының асып-таситын, Мұхамметтің (с.а.у) үмбетіне түпсіз қазыналар тарту етілетін түн. Оның жоғары дәрежесін түсіндіру үшін Құрандағы Қадір сүресі арнайы түсірілген. Құран Кәрімнің осы айда түсуімен, Жәбірейіл (ғ.с.) бастаған періштелерінің жер бетін зиярат етуімен ерекше нұрлана түскен түн. Бұл түн — мүминдерге ғайыптан нұрлы періштелер тарапынан сәлем жолданған, береке толы түн. Тәңірдің
құлдарына мейірім және ілтипатына арнаған түні, Рамазан айының гүлденген шағы. Қадір түні жайында айтылған мына бір хадис иманды жанды бір толғандырып, болашаққа үміттендіре түспек.
«Қадір түнінің киелілігі мен ұлылығына сене отырып, сауабын тек Аллаһтан үміт етіп құлшылықпен өткізген кісінің құл ақысынан басқа өткен күналарының барлығы кешіріледі» (Муслим, Мусафирин, 175/760)
Қадір түніндей ерекше түн тек қана Мұхаммед (с.а.у.) үмбетіне тарту етілген бағасыз сый. Бұл түнді жандандырып, сауабын қазбалағандарға мың айдың сауабы, яғни 83 жылдан астам уақытта жиналатын сауап бар. Осы жәйттің өзі Қадір түнінің қадірін түсіну үшін жетіп артылады.
-Оразада айтар қандай тілегіңіз бар?
-Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың есігінен кіруімізді нәсіп еткей! Қасиетті Рамазан құтты болсын! Раббымыз Рамазанның рухани байлығын өміріміздің түкпір-түкпіріне жайып, береке толы өмір сүруді баршамызға жазсын! Ақыретке аттанар есігіміз бақыт оюларымен өрнектелген мейрамға алып барсын! Қасиетті Рамазан айы және айт мейрамы Отанымызға, ел-жұртымызға бақыт пен тыныштық беруін Алладан тілеймін! Баршаңызға Рамазанның рухани байлығы дарысын! Әмин!
- Әумин!
Сұқбатты жүргізген Ұ.САРИЕВА
Ауызашар дұғасы
«Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір.»
Ауыз бекітердегі дұға
«Таңертеннен кешке дейін Аллаһтың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім. Аллаһ ұлық!»